Үкімет • 21 Қараша, 2017

Жеңіс Қасымбек: Қазақстанда жиналған автокөліктер бірнеше елге экспортталады

700 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шет елдерге жеткізілетін өнімнің үштен бірі шикізаттық емес секторға тиесілі. Бұл туралы Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жеңіс Қасымбек: Қазақстанда жиналған автокөліктер бірнеше елге экспортталады

«Бүгінгі таңда Қазақстан экспорттаушы елдердің ішінде 52-ші орынға ие. Әлемнің 113 еліне 800-ден астам өндірістік өнім шығарамыз. Біз уран, мыс, титан, ферроқорытпа, сары фосфор, ұн, мақта майы, бидай, зығыр тұқымын жеткізу бойынша әлемдік көшбасшыларымыз. Соңғы 5 жылда экспорттың сапалық құрылымы едәуір жақсарды, ал шет елдерге жеткізілетін өнімнің үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі», - деп тоқталды Ж. Қасымбек.

Оның айтуынша, 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңделген тауарлар экспорты 22 пайызға артып, 11,1 млрд АҚШ долларын құрады. Ферроқорытпаларды, мұнай өнімдерін, мыс, металл бұйымдары, пропан мен бутан, мырыш жеткізілімдері ұлғайды.

«Экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген тауарлардың үлесі 32 пайызды құрайды, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 7 пайызға жоғары»,- деп нақтылады министр.

Ведомство басшысының мәліметінше, Қазақстан алғаш рет электровоздарды, тепловоздарды Түрікменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Украина елдеріне экспорттайды.

«Қазақстанда жиналған автокөліктер Тәжікстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Қытайға экспортталады. Жолаушылар вагондары,  рельстер мен қазақстандық әскери-өнеркәсіп кешенінің өнімдерін экспортқа шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Отандық өндірістің трансформаторларын жеткізу көлемі 60 пайызға өсті. Экспорт көлемі 21 млн АҚШ долларын құрайды. Жақында іске қосылған Орал трансформатор зауыты өз өнімдерінің 96 пайызын шетелге экспорттайды. Сондай-ақ, аккумуляторлардың 1,2 млн данасын экспортқа ұлғайту үрдісі байқалады, шамамен 35 млн АҚШ доллары. Аккумуляторларды Таяу Шығыс, Кавказ және Беларусь елдеріне экспорттауға кірісті», - деді Жеңіс Қасымбек.