Аймақтар • 21 Қараша, 2017

Павлодарда Ленин көшесіне Астана атауы беріледі

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясы облыс орталығындағы осы мәселеге орай қоғамдық тыңдау өткізді. Жиынға қоғам белсенділері, жастар және қала тұрғындары қатысты.

Павлодарда Ленин көшесіне Астана атауы беріледі

Мәдениет және тілдер бөлімінің хабарлауынша, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері Ленин көшесін Астана көшесіне ауыстыру жөнінде өтініш түсіріпті. Заңда белгіленген тәртіп бойынша тиісті құжаттарды жинап, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясына ұсыныпты. Қоғамдық тыңдауға келген көпшілік бастамашы топтың ұсынысын қолдады. Қоғамның пікірін тыңдаған депутаттар дауысқа салу арқылы атауды өзгерту жөніндегі ұсынысты қанағаттандыру туралы арнайы хаттама әзірледі. Осы аптада өткен сессия барысында 20 депутаттың барлығы Ленин көшесін ауыстыру бойынша дауыс берген.

Алдағы 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні көше атауы Астана деп аталады. Облыс орталығында бүгінгі күннің мақсат-мүддесін сай келмейтін 200-дай көше атаулары  бар.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар