Аймақтар • 21 Қараша, 2017

Сырдарияда әлеуметтік және мәдени нысандар ашылды

625 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сырдария ауданында Құрметті азаматтар Аллеясы, тарихи-өлкетану музейі, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары пайдалануға берілді.

Сырдарияда әлеуметтік және мәдени нысандар ашылды

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария ауданында болып, нысандардың ашылуына қатысты.

Аймақ басшысы алдымен Сырдария ауданы, Ақжарма елді мекенінде шағын және орта кәспкерлікті дамыту жұмыстарының нәтижесінде ашылған "Толғанай" кешенінде болды. 80 адамға лайықталған дүкен мен дәмхананы жеке кәсіпкер Нұрсұлу Дүйсенова ашып, жұмысын дөңгелетіп отыр.  

Ал Тереңөзек кентінен ашылған Құрметті азаматтар аллеясында аудан дамуына елеулі үлес қосқан 99 азаматтың есімі жазылған арнайы тақтайшалар орнатылған. 

Сонымен қатар, аудандық "Еңбек даңқы музейі" тарихи-өлкетану музейінің жұмысы да жандана түскен.

«Сыр елі – ел азаматтарын біркісідей еңбекке жұмылдыра білген қызылордалық 102 Социалистік Еңбек Ері шыққан қасиетті өлке. Олардың есімдері облыс тарихында алтын әріптермен мәңгілікке жазылады. Атақты күрішші Ыбырай Жақаевпен иық тірестіре еңбек етіп, мемлекет байлығын еселеп өсірген аймағымыздан шыққан Еңбек Ерлері Күләнда Әбдіраманова, Қасым Бөдеев, Ибадулла Ақниязов, шіркейлілік Балдырған Мұстапаева және басқа да аға-апаларымыз еліміздің мақтанышы. Дала төсін дүбірлеткен еңбеккерлердің ізін жалғап, адал еңбегінің нәтижесінде ел экономикасын нығайтқан жандардың барлығы жас буын үшін үлгі-өнеге. Сыр өңірін дамытуға айтулы үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсету – біздің азаматтық парызымыз", - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Мұнан соң, аудан орталығында аймақ басшысы елді мекендерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға байланысты аудан активімен жиналыс өткізді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі өткізілген көшпелі мәжілістерде аймақ басшысы барлық аудан және ауыл әкімдеріне жаппай кәсіпкерлікті дамытуға байланысты жұмыстар атқаруды тапсырған болатын.

Облыс әкімі апта соңына дейін дәл осындай 6 ауданда және Қызылорда қаласында кездесулер өткізеді.