Спорт • 23 Қараша, 2017

Мұстафа Өзтүрік ағаның туған күні екен...

478 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мұстафа Өзтүрікті алғаш Алматыдағы «Жетісу» қонақүйінде көрдік. Нес-аға айтқан еді. «Бәленбай сағатта «Жетісудан» табылыңдар. Мұстафа ағаларыңа сәлем бересіңдер». Дидар Төлеуіш екеуміз айтылған сағатта сол жерден табылдық. 

Мұстафа Өзтүрік ағаның туған күні екен...

Қонақтар іште көрінеді. Баспалдақпен көтеріліп, солар отырған тұсқа таядық. Нес-аға байқаса керек, ішке өтуімізді нұсқап, белгі берді. Екеуміз жарыса сәлем беріп, кіріп келдік. Жігіттің сұлтаны екен. Орнынан көтеріліп, сәлемді алды. Өзгелері де қозғалысып, шетінен тұрып, амандасты. Ұстаз таныстырып жатыр. «Ізімді басқан шәкірттерім. Ертең-ақ дәу-дәу жігіт болайын деп тұр». Содан жөн сұрады. Мұстафа аға.
- Найманмын
- Бәрекелді, оның ішінде?
- Қаракерей.
- Қаракерей Қабанбай бабамыз ғой, оның ішінде.
- Байжігіт.
- Міне, қызық. Інім болдың. Мен де Байжігіттің баласымын. Оның ішінде?
- Мәмбет.
Ағам орнынан атып тұрды. Біз де. Бері ұмтылды. Қарсы жүрдік. Туыспен осылай табыстық. 
Арада күндер өтті. Табан астында табысқан туысты іздейтін қайрат бізден қайдан болсын. Қайрат дегенде, бірден даңқты ағаны іздеуге әлдене жібермеді. Тұрсын ағамның айтатыны бар. «Тоғалақ қырсық». Сондай бірдеңе енді. Жарыстың бірінде Мұстафа ағаның жанына бардық. Сәлемді алып, құшақтаған соң, қабағын түйді. 
- Інім, мені ренжіткің келе ме?
- Жоқ, аға!
- Ендеше неге іздемейсің? Адасып жүргеніміз аз болды ма? Аталар бірін бірі іздей алмаған шығар. Біздікі не? Інінің алдында кіші болуға жараймын, мен. Өзім-ақ іздер едім, не мекен-жайыңды, не телефон нөміріңді білмеймін. Ал, мен әлгі кездескенде жазып бергенмін. Тіпті телефон соғуға болады ғой. Ұрсудың бас-аяғы осы болсын. Түсіндің бе?
- Түсіндім.
Түсіндік. Іздедік. Әңгімелестік. Арғы-бергі тарихты түстедік. Ортақ таныс адамдарды білістік. Баба қонысын сұрады. Елде кімдердің қалғанын білді. Дерекке қанғандай болды. Мәліметті аз білетінімізді екеуміз де ұғатын едік. Аға-іні ретінде араласа бастадық. Үйіне бардық. Көлігіне отырдық. Қысқасы таныс-біліс аясы кеңейді.
Бірде Мақаншыға келіпті. Елге. Артынша бір жеткен екенбіз. Естіген бетте іздедік. Ол кезде Мақаншы аудан орталығы. «Еміл» аталды-ау деймін, жалғыз қонақ үй бар еді. Сонда орналасыпты. Салып, ұрып жеттік. Қақпасында күзет тұр. Милицияның бірі. Таныған соң ішке өткізді. Астыңғы қабаттан түсінгеніміз, үстіңгі бөлмелердің бірінде. Дереу көтерілдік. Мұнда да күзет. Милиция тоқтатты. Жөнімізді айттық. Дұрыс түсінбеді. Кері бұрылуға көндіргісі келді. Алған беттен қайтамыз ба? Сол кезде төргі жақтан дауыстар естілді. Бір топ адам бері келе жатқан сияқты. Төрге таман диван қойылған екен, сонда отыра кеттік. Сақшы сымдай тартылды. Мәртебелі меймандарға көрсетілген құрметі. Таяу тұстан өте бергенде, ең мәртебелісі бізге назар аударып, тұрды да қалды. Қарап, үнсіз отыра бердік. Өкпеміз бар еді. Сақшыға. 
- Мынау менің інім ғой? Ау, сәлем қайда?
- Сәлеммен келген едім. Мыналар кіргізбеген соң, сәлем кері қайтты. Мен осында отырмын.
- Тұрсаңшы енді
- Неге?
- Ағаңа сәлем бермейсің бе?
Қасындағылар да аңырып қалды. Біз жайбарақат отыра бердік. Ағам қасыма келіп, қапсыра құшақтады. Әкімге таныстырып жатыр. 
- Інім ғой. Өкпелеп отыр. Енді кіргізе салмады ма? Әй, сақшылар-ай. Ағасына келген ғой. Жарайды енді, ашуыңды бер маған.
- Аға, сізге де өкпем бар?
- Міне, қызық? Не үшін?
- Не үшін болғанда, мен іні санайсыз. Үйім осында екенін білесіз. Үлкен кісі, апам өз шаңырағында...
- Кешір, кещір. Сенікі дұрыс. Менікі не? Құрмет пен дүрмекке дәніккендік пе? Дұрыс айтасың, інім. Анамызға сәлем беріп, сағынышты басып, содан кейін де елді аралауым керек еді, ия? Қателік кетті. Баста, үйге. Ағалар, ықылас-құрметтеріңізге рахмет. Бастығым келді. Енді осы кісінің қол астына көшемін. Қазір үйге барамыз. Мал жайла дей ме, қора-қопсыға көмектес дей ме, бұйрығын күтем. Кеттік, інім. 
Тұрдық. Тұрдық да, ағаның алдына түсіп, есікке беттедік. Аудан әкімі есін енді жиған секілді. Жүгіріп келіп, бізді тоқтатты. Мән-жайды ұғынса керек. 
- Айналайын, ағаңның саған деген құрметі қандай! Бәрін енді түсіндім. Әрине, міндетті түрде үйге баруы тиіс. Үлкен анамызға сәлем береді. Ол сөзсіз. Бірақ мен де сенің ағаңмын ғой. Ағаң ретінде үлкен өтініш айтайын. Анау, Қарабұлақ, Жарбұлақ Мұстафа ағаңды күтіп отыр. Олар де сендердің туыстарың, ақ сақалды қарты да күтуде, ақ самайлы аналар да күтіп отыр. Жол алыс, қазір шықпасақ жете алмаймыз. Амангелді ағасын үйіне алып кетті десек, қалай қабылдайды олар? Өзің де ел баласы болып келе жатырсың. Мүмкін ақылға келерсің, егер келіссең ертең кешке ағаңды қайтарып береміз. Мал жайлатасың ба, бақша қопсытасың ба, еркіңде. Біз де еріп, мазаларыңды алмаймыз. Мақұл ма?
- Былай болсын. Ағаның сөзін айтып жатырсыз ғой. Барыңыздар. Ағамды елден қызғанбаймын. Қайта, барсын, көрсін, кездессін. Ол жақта да шынында да шежіреге жүйрік, тарихқа жағын ақсақалдар бар. Ақпаратқа қанықсын, арғы-бергі тарихын ұғып қайтсын. Ал, ертең Мұстафа ағам сіздерді қонаққа шақырады. Мақаншыдағы үйінде күтеді. Аға-жеңгелері, апа-жезделері қазірден бастап дайындыққа кіріседі. Шақырушы Мұстафа Өзтүрік. Ешкімнің қалуға қақысы жоқ. Дұрыс па аға?
Ағам күлімсіреп тұр екен. 
-Дұрыс. Шешімді інім айтты. Ертең кешке Мақаншыдағы үйімде күтемін. Бәріңіз келіңіздер. Естідіңіздер ғой. Бәріңіз де. Ал, інім шешеме сәлем айт. Туыстарыма жеткіз, дайындалсын, ертең қонақ күтеміз.
Олар жолға шықты. Біз үйге тарттық. Келе, апам Бижамалға жаңалықты жеткіздім. Бұрын да естіген. Құсайын тәйжінің немере інісі екенін. Кәбеннің ұлы екенін. Туматай екенін. Отыншы бидің ұрпағы екенін. Бір Мәмбеттің баласы екенімізді. Мұғалім Мәулітхан ағамызды шақырып, келуіміз керек екен. Енді сол үйге қарай зыттық.
Келді. Келді де күлді.
- Тәте, Мұстафаның титтей де уақыты жоқ. Алдарынан шыққанан кейін алдай салған ғой. Қайдағы дайындық?
- Әй, айтып отырған жоқ емес пе? Қойыңның семізін сой, жақсы дайындық көріңдер. 
- Уақыты жоқ, деймін. Бағдарламасын білемін ғой. Келе алмайды.
- Айтты деген осы. Ертең түс ауа үйіңе барамын. Дайындығың дұрыс болсын.
- Жарайды, біз ғой дайындаламыз. Бірақ көп дабыра етпеңдер. Келмей қалып, меселің қайтпасын.
Келесі күннің таңы атты. Мұғалім ағаның үйі абыр-сабыр. Көршілер құлақтанған, туыстар естіген. Ағамыз әкімшіліктен сұраса керек. «Уақыт жағы тапшы», - депті. Алыстан келгендерде күдік пайда болды. Ерте жарықта еліне жетуді ойлады. Жақындағылар әліптің артын бақты. Бәлкім даңқты спортшымен дидарласудың сәті түсер. Ағамыз асты қазаннан түсіру керектігін айтты. «Тым болмаса, көрші болып, туыс болып, несібені ортаға алайық». Апам қолдаған жоқ. Қас қарая көше басынан көп көліктің жарығы көрінді. Қонақтар солар еді...
Ағам алдымен кірді. Қақпадан. Туыстарымен амандасты да, қақпаға қайта ұмтылды. Қонақтарын қарсы алу үшін. Бәрімен қайта амандасып, құрақ ұшып жүр. Бәрін төрге оздырды. Апам сөйледі: 
- Шырағым, Мұстафа-ау, қош көріп отырмыз. Аллаға шүкір. Менің баламның меселін қайтармағаныңа рахмет. Ұлық болсаң, кішік бол деген бабаларың. Кіші болуға ұмтылғаның қуантады, мені. Сен де менің баламсың, енді өзің де төрге шыға ғой.
- Қадірлі шешем, сіздің нұрлы жүзіңізді көргеніме қуаныштымын. Жаңа ғана құшағыңызға басып, аналық мейіріміңізді төктіңіз. Ия, мен сіздің балаңызбын. Алыстан келген. Аман інім. Ол шақырған шығар, бірақ мен өзім келдім. Өз үйіме. Мақаншыдағы үйіме. Жалғыз келген жоқпын. Қонақ шақырдым. Сізден рұқсат сұрамастан. Өйткені сіздің рұқсат беретініңізге сендім. Аналар баласының тілегін жерге тастай ма? Сондықтан кешіріңіз, рұқсат сұрамағаныма. Содан кейін. Өзім ел аралап кеттім. Өйткені аға-жеңгелерім мен апа-жезделеріме сендім, олар менен де жақсы дайындалатынын білдім. Мен төрге шықпаймын. Төрге шығатын құқым жоқ. Табақ тасиын, самаурын кіргізейін. Құрметті қонақтарға қызмет жасайын. Осының бәріне дайынмын. Рас, мұндағы халқым да алақанына салды. Құрметтеді. Оған ризамын. Бірақ қазір өз үйімдемін. Енді төріме отырып алсам, қалай болады шеше? Мына қонақтар не ойлайды? Сонда құрметке семіріп кеткенім болмай ма? Шешем отырады, төрде. Ал, біз қонақтарға қызмет көрсетеміз, әй жезде не тұрыс, бастаңыз қане?
- Айналайын балам-ай, қандай жақсы өскенсің! Тәрбиең қандай жақсы! Жақсының тұқымысың ғой, тегіңе тартқан екенсің! Әрине, үй егесі төріне шықпайды. Күтіңдер, қане, қонақтарды!
Тамаша бір отырыс болды. Ән айтылды, күй шертілді. Әңгіме ақтарылды, сыр шертілді. Мұстафа аға кетер кезінде апамның құшағында тұрып, «Егер Аманыңыз үйленіп жатса мені құдалыққа қосыңыз, өзге ағаларымның алдына түскенім емес, сізден рұқсат сұрағаным», - деді.
- Барасың, балам, барасың! Барғанда да бас құда болып барасың!
Алла тағаланың қалауы өзгеше болды. Ардақты аға біз аяқтанбай тұрып, дүниеден озды. Иманыңыз саламат болсын!

Амангелді Сейітхан