«ПИК Astana Ютария ltd» фабрикасының тоқыма цехы тудырған бейнеге кәсіпорын мамандары бақандай екі күн жұмсаған және бұл технологиялық жаңғырудың арқасында жүзеге асты», дейді бұл туралы хабар таратқан Elorda Aqparat сайты.
Озық технология көмегімен жасалған портрет авторларының бірі – Анар Әбдіғасенова еліміздің еңбек нарығында сирек кездесетін дессинатор мамандығының иесі. Бұл дегеніңіз, ол тоқыма дизайнері, мата суретшісі, тоқыма құрал-жабдығының бағдарламашысы және инженерлік сияқты – төрт бірдей машықты қатар алып жүретін мамандық.
Қазақ ұлттық өнер институтында киім дизайны мамандығы бойынша білім алатын Анар Әбдіғасенова: «Бізге Түркия мен Италияның мамандары келіп, шеберлік сабақтарын өткізген болатын. Осы дәрістер арқылы тоқыманы компьютерде бағдарлауды үйрене бастадым. Іс жүзіндегі машығымды осы фабрикадағы қателіктерім мен сынақтар арқылы жетілдіріп жүрмін. Бағдарлама да, тоқыма машиналары да жапондардікі. Толық автоматтандырылған машиналарда майда және ірі тоқыма түрлерін жасап шығаруға болады. Бұйымның қалыңдығы мен көлемінен бастап, он шақты өлшемді компьютердің өзі жасап бере алады. Және бағдарламаға тапсырылған тоқымада қандай қателіктер кетуі мүмкіндігін машинаның өзі ескертіп отырады. Тоқыма үлгілерінің барлығын компьютер жадында сақтап, 100 жылдан кейін оны қайта жасап шығара аласың. Сондықтан біздің қолымызда қазір ғажайып мүмкіндіктер бар», дейді биыл дипломы қолына тиетін дессинатор.
Ал Димаштың бейнепортретін жасауға 250 түрлі тоқыма түрі қолданылған. Тоқу барысында ең болмаса бір торды немесе жіптің бір түрін дұрыс таңдамасаң түк шықпайды екен.
Ал аталмыш фабриканың адамдары епті дессинаторларды табу да, үйрету де оңайға түспейтінін, Анар өздерінің олжасы екендігін айтады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Василий КРАСЬ