Қазақстан • 27 Қараша, 2017

Баспасөзіміз не күйде?

458 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кезінде Алаш арыстары түрлі себептермен баспасөз беттерінде шығармаларын бүркеншік атпен жариялағаны жалпақ жұртқа аян. Төменде Мадияр деген есіммен «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы №60 санында жарық көрген Міржақып Дулатовтың 7 бөлімнен тұратын «Баспасөзіміз не күйде?» атты көлемді мақаласының алғашқы үш бөлімін ұсынып отырмыз. 

Баспасөзіміз не күйде?

I

Төңкерістен бұрынғы қазақ халқының өмірі, басынан кешірген кемшілік, мұңшылықтары, қысқа күнде қырық сөйленіп, шайырдай шайналып, бұл кезде сегіздегі бала, сексендегі шалға шейін таныс болды. Енді ол заманды жаман десек, ол заманның қайта айналуын көксемесек, таз кебімізді қайта киюді тілемесек, сол заманда істетпеген, істелмеген, бірақ істелуге тиіс болған жұмыс­тар­ды шама келгенше жүзеге асыруымыз керек. Патша өкіме­тін жерден алып, жерден салудан, ертеден қара кешке шейін сөгуден бір тиындық пайда жоқ. Егер осындай теңдікке жетіп тұрған заманымызда бұрынғы кем-кетігімізді толтырмасақ, елді ел қылатын игілікті істерді істеп көзге көрсетсек, жемісін жегізсек, бұрынғы қалыптар­дың қолайсыздығы, патшашыл өкіметтің жауыздығы өзінен өзі-ақ көрінеді.

Қай үкімет болсын, халықты есіркеп, «Мә, жұртым, мейлін­ше кенел, игілігіңе жұмса» деп қалтасынан суырып беретін қазынасы жоқ. Бәрінің де қазына деп жүргені әкесінің малы емес, халық пайдасына жұмсалу үшін, халықтың өзінен жиналған қазы­на. Айырма жалғыз-ақ мынада: ескі үкімет халықтың өз байлығын өз керегіне жұмсауға ерік бермей­тін еді. Онысы зорлық еді. Оны­сы талтүсте талау еді. Енді, шүкір, кеңес үкіметі надан елдер­дің көзін ашатын, езілген таптарды теңгеретін болып, халықтың өз дәулетін өз керегіне жұмсауға ерік беріп отыр.

Неше ғасырдан бері басымызда ерік, малымызда билік болмаудың себебі надандығымыздан екенін білсек, енді ерікке де, билікке де жеткен шағымызда надандықтан құтылып, шын жарыққа шығудың шарасын көздеуіміз керек. Үнемі біреуге масыл болып, жетімдік көрсек жеткізетін жетекшіміз бар деп телміре бермей, өз теңдігімізді, өз елдігімізді өзіміз қорғайтын, енді қайтып өзгеге құл болмайтын қам қылуымыз керек. Бұл мақсаттарға жеткізетін өнер-білім екені даусыз болса, бұған керекті құралдарды сай қылу – бірінші міндетіміз. Өнер-білім құралы – алдымен мектептерде оқылатын кітаптар, жалпының жанына азық беретін кестелі әдебиет, заман жайынан мағлұмат беретін газет-журнал, бәрін жиып қысқартып айтқанда – баспасөз.

1917 жылдан бастап талай жиылыстарда, талай мәжілістерде бұл мәселе сөз болмай жүрген жоқ. Газет жүзінде ме, екі кісі бас қосқан жерде ме, ел мұңы сөйлене қалса алдымен ауызға алынатын әңгіменің бірі де, бірегейі де осы болатын. Бірақ әлі күнге шейін «жүк орнынан қозғалмай тұр». Мен бұл мақаланы «Баспасөзіміз не күйде?» деп бастағанда, жұрт естімеген шыт жаңа бір мәселені қозғадым деп отырғаным жоқ, яки, бұл туралы тоқсан тоғыз сөйленілген сөздің санын жүзге толтырмақ та емеспін. Менің мақсатым – баспасөзімізді ілгері бас­тыру жолында не істегенімізді көрсетіп, енді мұнан былай не істеу керектігін айтқым келді.

 

ІІ

Баспасөз жұмысы екіге бөлінеді: бірі – кітап жазу, екіншісі – жазылған кітапты басып шығару. Осы туралы кешегі өткен марқұм 1922 жылы біз не істедік? Сол жағын еске түсіріп өткім келеді.

Қазақстанның халық ағарту комиссариаты кітап жазу мәселе­сін қолға алғанына, бірінші һәм екінші басқыш мектептер үшін керекті кітаптарды топшылап, белгілі қалам қайраткерлеріне тапсырғанына табаны күректей екі жыл толды. Бұл кітаптар 1922 жылы жазылып болып, басылып та шықпақ еді. Сонан бері жазылып тапсырылған, басуға да берілген кітап жалғыз-ақ Мағжанның «Педагогикасы» (1). Қазір жазылып біткен, бірақ баспаға берілмеген Ахметтің 3-жылдық «Тіл құралы» (2). Елдестің «Физикасы» (3). Көзге көрініп отырған бар-жоғы осы үш-ақ кітап! Бұл үш кітаптың да қалай жазылғанын білеміз.

Мағжанның «Педагогикасы» тез жазылып отырғаны (тез деп өзгелермен салыстырғандықтан айтып отырмын) ол өткен жылдар курстарда педагогика ғылымын оқытып, сол туралы мағлұматтар жинап, оқытқан сабақтарын жазып отырып, соңынан тек тәртіптеп кітап қылып шығарған көрінеді. Елдес «Физикасын», әлдеқалай қызметтен босанып, ауылында жатып, тоғыз айда жазып бітірген. Ахаң болса, мекеме қызметінде жүріп, тынығу, бой жазу дегенді ұмытып, кешкі-түнгі сағаттарда жұмыс қылып, «Тіл құралының» 3-жылдығын әрең бітірген.

Бұл аяқ алысымызбен біздің баспасөзіміз ілгері басар ма? Бұлай болудың себебі не? Әлде жоғарғы кітап жазуға тапсырылған азаматтар жалқаулық, салақтық қылып, халық ағарту жұмысын керексіз көргеннен деуге бола ма? Жоқ, олай деуге болмайды. Олай десек, жала жапқан боламыз. Олардың міндеттенген жұмыстарын атқара алмау себебі – бәрі бірдей мекеме қызметіне жегіліп, «шенеунік» есебінде кеңсе қағазын тықырла­тып отыр. Уақыттарының көбін, күштерінің бәрін соған сарп қылып отыр. Кеңсе қызметі, ел билеу жұмысы керексіз демейміз, мемлекет машинасын дұрыс жүргізу үшін де қызметкерлер керек. Бірақ «қалам қайраткерлері» деп танылып жүрген азаматтардың саны орасан көп емес. Олардың істеп отырған кеңсе қызметтері мен кітап жазушылықты салмақтасақ, таразының соңғы табағы неше есе ауыр тартатыны анық. Және де біздің қалам қайраткерлерінің бәрі дерлік партияда жоқ. Сондықтан олардың атқарып отырғаны сон­шалық жауапты қызметтер деу­ге болмайды, сол себепті олар­дың орындары артық ойсырап қалмайды.

Сондықтан шын қалам қайраткерлері кеңсе қызметінен босап, бірыңғай кітап жазу жұмысына кірісу керек. Бұған ешкім бөгет салмау керек. Қайта тамағың тоқ, орнын жайлы қылып, баптау керек. Мысал үшін қалам қайраткер­лерін бәйге атына ұқсатсақ, оларды еріктіріп, мәпелеп ұстап, жазу бәйгесіне қосу керек. Бәйге атын қысы-жазы арба-шанаға жегіп, қара жұмысқа салсаң, жүк тасысаң қандай болады? Ондай атты қазақ бәйгеге қоса ма? Ондай ат бәйгеден келе ме? Сол сияқты, қалам қайрат­керлері де кеңсе қамыты мойнынан түспей, жазу бәйгесіне қосыла алмайды, қосылып та бәйге әпере алмайды.

Біз бір пайдалы нәрсені сөз қыла қалсақ, жерден жеті қоян тапқандай қуанамыз, «керек, керек» деп шу ете түсеміз, не керек екенін білгенімізге мәз боламыз, бірақ соңынан орындауға келгенде «керектердің» бәрін ұмытып, бетімізбен кетеміз. Тағы бірде әлгі «керек те» тағы есімізге түсіп, тағы «аттан» саламыз, тағы дүниені жаңғырықтырамыз, тағы ұмытамыз... өміріміздің көбі осымен өтіп келеді.

 

ІІІ

Қалам қайраткерлері кеңсе қызметінен алынып, кітап жазуға кіріссе, аз уақыттың ішінде қанша жұмыс бітіретінін шамалайық, бүкіл қазақ Қазақстанда кеңсе қызметін істеп жүрген азаматтардан қалам қайраткерлері деп он-ақ кісі алалық. Осылар бір беткей жазу жұмысына кірісетін болса, келтіретін пайдасы мынадай деп шамалауға болады. Мәселен, бір жазушы күніне орта есеппен баспа кітаптың 2 бетін жазсын. Сонда бір кісі бір айда 30×2=60 бет, бір жылда 12×60=720 бет жазады екен. Он жазушы болса бір жылда 10×720=7200 бет жазбақ. Егер бір кітапты, орта есеппен 300 беттік десек, он кісі бір жылда 24 кітап жазып шығармақ. Егер кітап бетін айнала есептегенде 240 десек, он кісі бір жылда 30 кітап жазып шығарады екен.

Мұны бос қиял, іске аспайтын тәтті тілек деп ешкім айта алмаса керек. Бұл қолдан келетін жұмыс.

 

Дайындаған

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»