Театр • 27 Қараша, 2017

Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқызы» ел-жұртына қайта оралды

2497 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әр дәуірде ғұмыр кешкен, есімдерін ел ардақ тұтқан ақын-жыраулар арасында Нұрпейіс Байғаниннің өзіне лайықты орны бар екеніне кешегі және бүгінгі әдебиеттанушы ғалымдар бір кісідей қол қояды. Жыр алыбы – Жамбыл болса, Жырдың нәрі Нұрпейіс деген де бейнелі сөз бар. Оның жыр, қисса, дастан, поэмаларының арасында шоқтығы биік туындысы  «Нарқыз» деуге болады. Бұл дастан халқымыздың бойындағы ең асыл қасиеттер – елдік пен ерлікті, ауызбіршілік пен ынтымақты, бірлік пен ел тұтастығын дәріптеуге арналған. Бүгінде халық ақынының өмірден өткеніне 70 жылдан асып кетсе, аталған шығармасының халық арасына таралғанына бұдан да көп уақыт өткені анық. 

Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқызы» ел-жұртына қайта оралды

Айтайын дегеніміз, арада көп жылдар өткен соң халық ақынының теңдесі жоқ туындысының екінші бір қыры мен тынысы ашылып, «Нарқыз» ел-жұртына қайта оралды. Бұлай болатын себебі белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат «Нарқыз» дастанының желісі бойынша осы аттас тарихи драманы жазып бітірді. Жаңа сахналық туындының премьерасы өткен бейсенбі күні Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының сахнасында өткізілді.

Бүгінгі қазақ драматургиясының белді өкілінің қалауы нақ осы дастанға түсуі неліктен? Жолтай Жұматтың айтуынша мұның себебі – Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқызы» сахналық пішінге ыңғайлы, лайықты екенінде. Дастанның негізгі желісінің диалогтары мен өзара қатысуларға құрылғаны да оның сахналық нұсқасын жасауға сұранып тұр­­ғандай көрінді. Оның өзге шы­ғармалары жөнінде де осындай ой түюге болады. Солай бола тұра жыраудың бірде бір шығармасы сахналанып көрмепті. Біз осындай мүмкіндікті құр жібергіміз келмейді, дейді драматург.

Қаламгер сөзінің жаны бар екеніне драматургия тілімен айтқанда инсценировка жасалған туындыны тамашалау үстінде көз жеткізе түстік. Жыр сүлейі, поэтикалық тұрғыдағы жыр дас­тандар шығарудың хас шебері Нұрпейістің тілі орамды, ұғынуға жатық, қаны бүлкілдеп соғып тұрған шырайлы шығармаларының қара сөз түріндегі сахналық нұс­қасы сомдалған сәтте еш міні құрымапты. Ең бастысы, халық жыршысының дүниесіне қылаудай кіршік түспеген. Сахна төріндегі қара сөзде Нұр-атаның ізі де, поэ­зия тілінде кестеленген сөзі де өз бояуын жоғалтпаған. Оған өзге артық-ауыс қоспа қосылмаған. Мұның басты кілтін соңғы жылдары драматургия жанрына батыл бет бұрған, сонымен бірге көрермен көңілінен шығатындай тартымды сахналық туындыларды ұсына білген Жолтай Жұматтың қаламгерлік қуаты мен шығармашылық шеберлігінен іздегеніміз жөн секілді. Жалпы алғанда Нарқыз бүкіл түркі ха­лықтарына ортақ жиынтық образ-бейне десе де болады. Шын­туайтына келгенде, қойылым авторы мен режиссері арасындағы шығармашылық тұтастық пен өзара үндестік жетіспесе, мұндай күрделі кейіпкердің толыққанды сахналық тұлғасы жоталанып шығар ма еді, шықпас па еді. Бұл орайда драматургиялық жанр тағдырын айқындайтын екі тұл­ғаның бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі байыта алғаны жаңа қойылымның тағы бір жетістігі. Нарқыздың о бастағы түпкі есімі Айша екен. Алайда сайыстың қай түрінен де есесін жібермейтін, өзі балуан, өзі найзагер, елдік намыс сынға түскен кезде өліспей беріспейтін нар тұлғалы батыл қызды ел-жұртының бәрі Нарқыз деп атап кеткен. Ол сонымен бірге сөзден де ұтылмайтын. Ерік-жігері мол. Бір басына жететін айлакерлігі де бар өжет қыз. Оның мұндай мәрт бітім-болмысы мен характері, әрі ұтымды жауаптары Мәмбет ханмен арадағы диалог кезінде одан әрі ашыла түседі.

Спектакльдің өн бойында Нар­қыздың бейнесін сахнаға шығарған актриса Әсем Құсайынованың сом­даған рөліне шын берілгені, қайткенде де оны көрермен көңі­лінен шығатындай деңгейге кө­тере білгені оң бағаға әбден ла­йықты. Оның осы ұмтылысы пьеса соңына дейін солғын тартпай, ши­рығып жүре береді. Бірқатар сах­налық қойылымдарда оның табиғатына сай жанды қимыл-қозғалыс, пластикалық полотно мен кең тынысты динамика болма­са сол спектакльдің солғын тартуы әбден мүмкін. Міне, «Нарқыз» пье­сасында осындай драмалық тар­тыстарға кең көріністер арналған.

Нұрпейіс Байғаниннің «Нар­қыз» дастанында да ежелгі халық ауыз әдебиетіне тән махаббат пен сүйіспеншілік мәселесі қоса өрі­ліп отырады. Жолтай Жұматтың сахналық нұсқасы мен Елтай Кемалдың қойған спектаклінде екі жастың арасындағы мұндай мөлдір де терең сезім ел мен елдің арасын жақындастыруға, татулықты ту етіп көтеруге ықпал ете алғаны ай­шықты түрде көрінген. Осы орайда Кіші жүздің ару батыры Нарқыз бен (актриса Әсем Құ­сайынова) Орта жүздің жас нояны Нияздың (актер Жасұлан Симонов) арасындағы ұтымды сахналық детальдар мен көріністер көрерменді селқос қалдыра алмайды.

Қандай дәуірде де, қандай қоғамда да озбырлық пен қиянат, әділетсіздік пен екіжүзділік кө­ріністері болмай тұрмайды. Жа­зушы-драматург Жолтай Жұмат екінші тынысын ашып берген Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз» тарихи-драмасында әділет салтанат құрған кезде мұндай қасиетсіздікке ешқандай жол қалмайтыны да ұтқыр режиссерлік ой-пайымдар арқылы бейнеленген. Мәмбет ханмен (актер Кеңес Кемалбаев) оның қызметшісі Бөктергі (актер Нұрболат Өтеғұлов) рөлдері осы оптимистік шешімді шегелеуге қызмет жасаған. Сондай-ақ сахналық қойылымда халқымыздың бойында о бастан қалыптасқан дархан, кең пейіл бітім-болмысы мен алдына келсе атасының құнын кешетін мәрт қасиеті де жарқырай көрінген. Айталық Нарқыздың әкесі Сейіт (актер Әсет Оразалин) өз хал­қына тізесі батып, мүйіздей беруден еш танбаған ақылы тайыз Мәмбет ханмен оның қолшоқпары Бөктергіге қарата: «Зымияндықты білмегендіктен іс қылады. Бас еріктерін берейік», деуі осыған дәлел. Өзінің ағат, артық кеткенін түсіне білу де көшеліліктің бір көрінісі. Бұл ретте Мәмбет ханның өз кінәсі мен күнәсін мойнына алуы, қайттым қара халықтың ортасына деуі тағы бір ойлы түйінді туындатпай ма? Бір сөзбен айт­қанда, жаңа қойылымның өн бойын­да әділет пен шындықтың алдында хан да, қара да бірдей деген биік адамгершілік қағида алға шығады. Не нәрсенің де белгілі бір шегі болады. Сол шектен шығып кеткен кезде озбырлық пен қиянат белең алады деген ой үстем түседі.

Театр сыншысы Сәуле Әбіл­даханқызының ой-пікірінше, «Нарқыз» республикадағы қазақ театрлары үшін тың, көкейкесті тақырыптарды көтере білген, кө­рерменге айтары мол айрықша қойылым. Мұнда мәтін, режиссура және қимыл-қозғалыстар мен пьеса табиғатына тән музыканың таразы бастары тең ұсталған. Артық-ауыс ештеңе жоқ. Тарихи туындыға желі болып тартылған мәселе бүгінгі күн ішінде өте өзекті. Ал Нарқызға келсек, ол тек өзінің намысын ғана емес, сонымен бірге тұтастай өз халқының ары мен абыро­йын биікке көтере білген және тыныштығын көксеген рухы өте жоғары жан. Есімі Тұмар ханыммен, Ақжүніспен, Домалақ анамен, Зере әжемен, Ұлжанмен қатар тұра алатын халықтық кейіпкер. Нағыз дала демократиясының шек­пенінен шыққан қазақ қыздарының жиынтық образының бірі.

«Нарқыз» тарихи-драмасы драматургия секілді күрделі жанрдың жа­лынан ұстаған қарымды қалам­гер Жолтай Әлмашұлының Нұр­пейістей жыр нәрінің еңбегін ер­теңгі күнге жалғай білуімен ерекше деп білеміз. Осындайда «Қазақтың күпі киген қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын», деп жырлаған Мұқағали Мақатаевтың өршіл өлең жолдары еске түседі.

Ендеше Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­ла­малық мақаласы аясында сахна төрінде көрініс тапқан өресі биік келісті қойылымның ғұмыры ұзақ болсын демекпіз. Екінші тынысы ашылған халқымыздың асыл перзенттерінің бірі Нұрпейіс Байғаниннің әдеби туындысы бүгінгі ұрпақты отансүйгіштікке, ел мен жерді қорғай білу сезіміне тәрбиелеуге және туған жердің қадір-қасиетін тереңірек түйсінуге ықпал жасай алады деген ойдамыз.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».

АҚТӨБЕ