Әлем • 27 Қараша, 2017

Младич өмірлік бас бостандығынан айырылды

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Гаагадағы БҰҰ соты Босния сербтерінің бұрынғы командирі генерал Ратко Младичті өмірлікке бас бостандығынан айырды. Оған елде этностық тазалау жүргізіп, геноцид және әскери қылмыс жасады деп айып тағылды. 

Младич өмірлік бас бостандығынан айырылды

БҰҰ-ның Бұрынғы Югославия жөніндегі халықаралық соты Р.Младичті Сребреницада атылған 8000 мұсылманның және Сараевоны 43 ай қоршауға алғанда қаза тапқан 10 мың азаматтың өліміне кінәлі деп тапты. Рейтер агенттігі таратқан ақпаратқа сай, сот шешімін естіген Р.Младич ызадан жарылып кетердей болып, «Мұның бәрі өтірік, сендер өтірікшісіңдер» деп айқай салған. Оның жақтастары сот шешіміне наразылық білдіріп, үкімді қайта қарауға арыз түсіретінін мәлімдеді.

Рейтер агенттігі Сребреницадағы қырғынды екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропада болған ең қатыгез оқиғаға балады. Генерал ісіне төрелік еткен судья Альфонс Орье де сот үкімін оқығанда Р.Младичтің әрекетін адамзатқа жасалған ең ауыр қастандық екенін атап өткен-ді.

«Босния қасапшысы» атымен танымал Р.Младичпен бірге Босния-Серб ұлтшыл­дарының бұрынғы көсемі және этностық тазалаудың шебері Радован Караджич және олардың басшысы әрі Сербия президенті болған Слободан Милошевич те сотталушылардың ішінде бар», дейді Рейтер агенттігі.

Сот шешімін бұрынғы Югославиядан бөлініп шыққан мемлекеттер басшылары қолдап отыр. Сербия президенті Александр Вучич геноцид кезінде қаза тапқан боздақтарға сербтердің құрметпен қарайтынын мәлімдеді.

Бес жылға созылған соттың ақырғы нүктесі қойылды. Рейтер агенттігінің мәліметінше, Бұрынғы Югославия жөніндегі халықаралық сот осымен өз жұмысын аяқтамақ. БҰҰ тарапынан 1993 жылы құрылған сот Балқан түбегіндегі 83 әскери қылмысқа қатысты шешім шығарған болатын.

Шолуды әзірлеген 
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»