Қазақстан • 27 Қараша, 2017

Цифрландыру дәрігер­лердің қағазбастылығын 100 пайыз шешеді

475 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға байланысты ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Цифрландыру дәрігер­лердің қағазбастылығын 100 пайыз шешеді

Бұйыртса, алдағы уақытта дәрігер­лердің қағазбастылығы 100 пайыз шешіліп, олардың жүктемесі азаяды. Жұртшылықтың қолында жүрген қағаз медициналық карта да жаңа форматқа ауыстырылып, оның орнына электронды денсаулық паспорты пайда болады. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Ден­саулық сақтау министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Денсаулық сақтау вице-ми­нистрі Алексей Цойдың айтуын­ша, медицина саласын цифрландыру жүйесі Қазақстан азамат­тарының денсаулығы туралы мә­лі­меттерді жинақтап, бірыңғай жүйеге біріктіруге негізделген.

Министрлік 2008 жылдан бері емдеу ұйымдарының қызметіне жүгінген халықтың сырқат тарихы туралы статистика жасақтапты. Енді осы статистикалық мәліметтер цифрландыру жүйесінің аясында азаматтардың жеке куәлігіне жеке идентификациялық коды (ЖСН) арқылы тіркелмек. Мұндай зама­науи тіркелім жүйесі дәрігерлерге де, пациенттерге де тиімді. Айталық дәрігерлер бұрынғыдай алдына келген науқастың сырқат тарихын ауыз­ша сұрап, қолмен жазып отырмайды. Азаматтың жеке куәлігіндегі штрих-кодты компьютерге қосса болды, барлық сырқат тарихы автоматты түрде мониторға шыға келеді. Бұл дәрігер мен пациенттің уақытын анағұрлым үнемдейді, осы жүйенің арқасында маманның науқасты қарау уақыты бұрынғыдай 20-30 минут емес, 3-5 минутқа дейін қысқарады, дейді мамандар.

Вице-министр сондай-ақ ден­саулық саласын цифрландыруға байланысты дәрігерлердің жүктемесі мен қағазбастылығын азайтуға, емдеу ұйымдарын компьютерлендіруге ерекше ден қойылып отырғанын жеткізді. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша дәрігер мен медбикелердің компьютермен жабдықталуы 78,4 пайызды құрайды. 2018 жылдың 1 қаңтарында бұл мәселені 85 пайызға шешіп, ал 2019 жылдың басында 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Алдағы жылдан бастап, азамат­тардың өздері де электронды цифрлы қолтаңба арқылы өзінің жеке электронды денсаулық паспортын ашып көріп, ондағы мәліметтермен таныса алатын болады.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар