Медицина • 27 Қараша, 2017

Саяси сахна: дирижер һәм қуыршақ

605 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі  жаһандану заманында саяси сахна қойылымдары дирижерлерінің  ықпалы зор екендігі белгілі. Қай кезде де болған шығар-ау, әйтсе де жаңа ғасырда режиссерлік құдыретті таяқшаны ойнатуға ұмтылғандар бәсекесі әлдеқайда жоғары. Төрткүл дүниеге өз әуенін тыңдатқысы келетін дирижерлер әлемдік сахнаға сыйыспай,  көрермендер түгілі сахнадағылардың өзінің зықысын шығарып жіберетіні бар. Дирижердің ишарасы арқылы сахнадағы кейіпкерлер аяқ асты амплуасын өзгертіп, бұрын-соңды  көрші-қолаңмен қалыптасқан жақсы қарым-қатынасы нілдей бұзылады, сорақы кейіпкер кейпіне енеді...

Саяси сахна: дирижер һәм қуыршақ

Ал көрермені бар болғыр жағымды бейнеде көңіліне жылылық ұялатқан кейіпкердің аяқ асты құбылған мінезін ұғына алмай әуре-сарсаңға түседі. Сахна сыртындағы режиссердің түлкі бұлаңға салып жіберген шешімін қайдан ұқсын көрермен. Кейіпкер кейпіндегі орындаушының құбылмалы мінезін, кеше ғана сыйласып жүрген жанның жақынына жасаған қиянаты мен сатқындығын  түсінбей зар қағады...

Басқасы басқа, кейбіреулердің саяси сахнадағы  құбылмалы кейіпкерлердің айтқанына «аттан» қосатындарға не дерсің?! Қойылымы бар болғыр  ықпалды режиссердің «дегенімен» жүзеге асып жатқанына терең бойлай бермейді-ау... Тіпті «қуыршақ кейіпкердің» айтқанына ұйып, елдің ертеңіне тас лақтырғысы келеді...

 «Қазақ халқының халық ретінде жұмыла кірісетін, қажет болса, жанған отқа түсіп, жанын құрбан етер ең ұлы ісі ұлттық тұтастығын сақтау болуға тиіс. Ұлттың басы бірікпесе, болашақ ұрпақтың ұзаққа созылған азапты өмірі ақыр аяғында жұтылып, құртумен тынады». Осыдан тұп-тура жиырма жыл бұрын шыққан «Қазақ әлемі» атты кітабында Алаштың Ақселеуі осылайша тұжырым жасапты.

Бұл бүгін де  өте өзекті мәселе.  Ынтымаққа сына қағу арқылы  алауыздық тудырып Ресей патшасы өз дегеніне жеткен жоқ па еді кезінде.  Уақыт-кезең  күнпарақта өзгергені болмаса, сол  баяғы әдіс. Сол  баяғы айла-шарғы.  Күштілердің өз ықпалдастық аясын кеңейтуге деген жанталасы да сол қалпы.  Қазіргі саяси сахна дирижерлерінің қимылы да осыған саяды. Еркін қимылмен өз дербестігін, тәуелсіздігін нығайтуға деген ұмтылысты ұната қоймайды әдеттегінше. Сол себепті өз дербестігін таныта басқан жұртқа айтқанына жүріп, айдауына көнетіндерді  қарсы салып бағады байырғы заманнан мәлім ғой.  Ал сценарий бойынша кейіпкердің аузына сөз салып беру, тиесілі дерекпен қаруландыру ол енді дирижердің еншісінде. Ал  «қуыршақ кейіпкердің»  соны айнытпай қайталауы немесе сұрқай рөлден бас тартуы ол басқа мәселе...

Саяси сахнада айтылғандарды  қабылдау көрерменнің талғамына, айтылған мәселенің астарына бойлай білуіне байланысты ғой. Жазушы Асқар Сүлейменовтің «Айқайлап айтқанның бәрі ақиқат емес» деген бір жақсы сөзі бар еді. Сол  сияқты  «қуыршақ кейіпкердің» байбаламын  ақиқатқа балайтын болсақ, мемлекет тағдырына бей-жай қарау деген сөз. Сол себепті  қазіргідей аласапыран заманда алаш жұртына қашанғыдан да ынтымақтаса түсу керек. Осы тұста тағы да Ақселеу Сейдімбектің айтқанына жүгінуге тура келеді.

«Қазақ халқының бас біріктіруі – ұлт тағдырының стратегиялық мүддесі. Мұндай тарихи істі бүгінгі ұрпақ қана жүзеге асыра алады. Ал игілігін болашақ ұрпақ көреді. Бүгінгі күннің түйінді проблемаларын мың жерден сәтті шешкенмен, ұлттың басы қосылмаса қайырлы нәтиже болмайды. Дәл қазір ұлттық консолидацияға қайырлы кезең. Егер дәл қазір қазақтар бас қосып, өз жерінде бел алып, ұлттық дербестігін халықаралық аяда орнықтырып үлгермесе, күні ертең-ақ сыртқы өктем күштің күрзісі тек қана Қазақстанның үстіне үйірілетін болады».

Бірлік ұғымының бәсі қашанда жоғары. Мың жерден адамзаттың дамуы қарыштап, инновациялық-технологиялық жаңалықтардың шарықтау шегіне жетсе де.  Бірлік болмаса, жеткен жетістіктердің бәрі әдірам қалады. Әсіресе, «өз қолымыз аузымызға  енді жетті ма» деген қазақ қоғамы үшін. Ал мұндайда сыртқы ықпалды күштің «айтағына» еріп, дирижерлік қойылымның  «жанашырына» айналатын болса,  ел бірлігіне сызат түсті деген сөз.

 «Ұлттың ең басты қуаты – оның ішкі бірлігі. Абай айтқандай, «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», өзара жанашырлық, ұлтқа қызмет ету, тұрақтылықты, қауіпсіздігін ойлану, иманның берік болуы, тәуелсіздікті қорғау, салық төлеу. Ұлттық намыс – ең басты капитал» деп жазған еді жақында ұлт қайраткері Амангелді Айталы «Егемен Қазақстан» газетінде. Ендеше бірлігіңе бүліншілік вирусын таратуға мүдделілердің қойылымын сергек санамен таразылауға тура келеді...

Жасыратыны жоқ бірліктің бір ұшы билікке барып тірелетіні сөзсіз.  Мемлекет халықтың берекелі тірлігін байытып,  әлеуметтік жағдайын түзетуге мүдделі болуы тиіс. Ең бастысы, халықтың билікке деген сеніміне селкеу түсіріп алмағаны абзал дер едік.  Бұл төңіректегі мемлекеттің  рөлі жөнінде абыз жазушы Әбіш Кекілбайұлы төмендегіше тұжырым жасаған-ды:

«Тәуелсіздігіміз бекем болсын десек, Қазақстанда да, қазақта да бірлік болғанына тырысуымыз қажет.

Ол үшін қауым болып, өз ұйытқысын өзі шайқамайтын парасат жолында қам жегеніміз дұрыс.

Ал мемлекетіміз сол ұйтқыны қалыптастыра алатындай ұқыпты саясат жүргізуге міндетті. Ол үшін ұлт пен территорияның барлық құрамдас бөліктерінің бәрінің де мүдделерін бірдей әділ ескеріп отыруға күш салғаны шарт. Өйткені, егемендіктін ең үлкен жаулары – жікшілдік те, алауыздық та тек әділетсіздіктен өрбиді. Баяғыдан бері келе жатқан көне өкпе-бопсаларға жаңа желеу, жаңа сылтау іздей бергеннен ұтыларымыз көбеймесе, ұтарымыз көбеймейді». Бұған алып-қосудың қажеті шамалы.  Тоғызыншы территориядағы рухани тұтастық  ұлт бірлігінің тұтастығына темірқазық болатыны сөзсіз.  

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»