Қазақстан • 28 Қараша, 2017

Тарихты тұлғалар жасайды

401 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында әзербайжан тіліндегі «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабының тұсаукесері өтті.

Тарихты тұлғалар жасайды

Фото: Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Тұңғыш Президент күніне орай өткізілген шарада кі­тап­тың тұсауын кітап ав­торы, Президент Кеңсе­сінің бастығы, Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы кітап­ха­насы директорының мін­детін атқарушы Махмұт Қа­сым­беков пен Әзербай­жан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси мәселелер жөнін­дегі көмекшісі Әли Гасанов кесті. Бұл туынды 2012 жылы жарық көрген болатын. Содан бергі уақытта кітапқа өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдер де қызығушылық таныта бастады. Ол қазақ, орыс тілдерінен басқа ағылшын, араб, венгер, серб және француз тілдеріне аударылып, басылып шықты. Енді бұл қатарға әзербайжан тіліне аударылған нұсқасы қо­сылып отыр.

Кітап Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметін ресми тарихи-өмірбаян­дық тұр­ғы­дан зерттеудегі алғашқы тәжі­рибені ұсынады. Онда қа­рапайым ауыл баласынан Ұлт Көшбасшы­сына дейінгі жолы егжей-тегжейлі қамтылған. Ғасырлар тоғысындағы Қазақстан дамуын драмалық және елеулі оқиғалар мен үдерістерді баян­дайтын туындыда Елбасының саяси өмірбаянына ерекше назар аударылған. Кеңейтілген ау­қымда мұрағаттық материалдар негізінде дайындалған Елбасы өмірбаяны Қазақ­станның жаңа тарихы бойын­ша маңызды құжаттық де­рек­көз болып табылады. Онда мағыналы әрі тарихи фотосуреттер материалдарымен қатар, алғаш рет тарихи си­патталған оқиғалармен де танысуға мүмкіндік беретін жеке құжаттардың дәл кө­шір­месі ұсынылады.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған кітап авторы М.Қа­сымбеков туын­дының әзер­байжан тілінде жарық көруіне ат­салысқан азаматтарға алғыс айтты. «Кітап жарық көр­геннен кейін оған шетел­дік оқырмандар да қызығу­шылық таныта бастады, – деді М.Қасымбеков. – Осы аралықта туынды алты тілге ау­дарылды. Бүгін оның қа­тарына әзербайжандық нұсқасы қосылып отыр. Мұн­дағы бір атап өтетін мәселе – кітаптың түркітілдес елдер арасында және оның алғаш рет латын әліпбиімен жарық көріп отырғандығы».

Одан кейін сөз тізгінін алған Әли Гасановтың атап өткеніндей, Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы сая­сатының нәтижесінде бүгінде Қа­зақ­станда этносаралық татулық салтанат құрып отыр. «Н.Ә.Назарбаев сол қиын мәсе­лені ойдағыдай шеше білді, – деді Ә.Гасанов. – Бұл қазақтарды ти­тулды ұлт ретінде көтерді. «Нұр­лы көш» бағдарламасы арқы­лы шетелдердегі қазақтарды тарихи отанына шақырды. Ал Қа­зақ­станда ондаған мың әзербайжан этносының өкілдері өзге этнос­тармен терезесі тең өмір сүріп, саяси және қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы бірегей институтын құрған Нұрсұлтан Әбішұлының ерен ең­бегін ерекше атап өтпекпін. ҚХА институтының интеграция­сы тұрғысында маңызы аса зор еке­нін өткен уақыт дәлелдеп берді».

Тұсаукесер рәсімінде осы кі­таптың әзербайжан тілінде жа­рық көруіне кеңесші ретін­де қатысқан Дархан Қыдырәлі туын­дының құндылығына тоқтал­ды. Оның айтуынша, кітапта Елбасының қайраткерлік өмір деректері арқылы тұтас еліміздің тарихы, болашақ мұраты, жылнамасы жазылған. «Бұл кітаптың ерекшелігі, туынды нақты құжаттармен, деректермен жазылғандығы. Бүгінде осы кітап әлемнің көптеген тілдеріне аударылып жатыр. Ал түркі­тілдес елдер ішінде алдымен әзербайжан тіліне аударылып отыр. Мұның символикалық мәні зор. Біріншіден, кітап бауырлас елдер арасында алғаш рет басылып шықты, деді Халықаралық түркі академиясының басшысы.

Сөзінің соңында ол «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмір­баян» кітабын әзербайжан тіліне аударуға және оның басылып шығуына атсалысып, қолдау көрсеткен жандарға шынайы алғысын білдірді.

Ал кітапты орыс тілінен әзер­байжан тіліне Әзербайжан Жо­ғары медиа сыйлығының және Исмаил Ғаспыралы атын­да­ғы Халықаралық түркі ака­де­миясының медиа сыйлығының лауреаты, журналист-публицист Аида Эйвазова аударған. Ре­дакторы – Вели Акперов. Кітаптың алғы сөзін әзербайжан тілінде тарих ғылым­дарының докторы, профессор Әли Гасанов жазған. «Қазақ­тың ұлы ақыны Олжас Сүлей­менов өз естеліктерінде Әзер­байжанның жалпыұлттық көш­басшысы Гейдар Әлиевті өз ісінің шебері деген еді. Біз де түркі әлемінің белгілі ақсақалы – қазақ­стандықтар Елбасы деп мақта­нышпен атайтын құрметті Нұрсұлтан Назарбаев туралы дәл солай айтар едік», деп жазады Ә.Гасанов туындының алғы сөзінде.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»