Қазақстан • 28 Қараша, 2017

Астанада Қытайдағы қазақ диаспорасының мәселелері жөнінде консультация өтті

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытай Халық Республикасындағы этникалық қазақтардың түрлі мәселелер бойынша өтініштерінің жиіленуіне байланысты Қазақстан және Қытай дипломатиялық ведомстволары қазақ диаспорасының мәселелерін талқылау үшін жүйелі түрде консультациялар өткізуде, деп хабарлайды egemen.kz ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада Қытайдағы қазақ диаспорасының мәселелері жөнінде консультация өтті

27 қарашада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов ҚХР Елшісі Чжан Ханьхуэймен кездесті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті және Астанадағы ҚХР Елшілігінің консулдық бөлім басшылығымен қазақ диаспорасына (ҚХР азаматтары) байланысты мәселелерді шешу жолындағы ынтымақтастық жөніндегі консультациялар өткізілді. 9 қарашада Қазақстан Республикасының Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі (вице-министр) Ли Хуэйлаймен кездесті.

Осы жылдың соңына дейін ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Үрімжі қаласына ҚХР Шынжаң Ұйғыр автономиялық ауданы және ҚХР ШҰАР Сыртқы істер басқармасы басшылығымен кездесу мақсатымен, сондай-ақ ҚР СІМ Паспорт және визалық қызмет инспекциясын жасау үшін жұмыс сапарымен барады.

Сонымен қатар, желтоқсанда Сыртқы істер министрінің орынбасары А. Камалдиновтың Бейжің қаласына күн тәртібінде ҚХР қазақ диаспорасының мәселелері қамтылатын ҚР-ҚХР Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комитеттің және екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар отырысын өткізу мақсатында жұмыс сапары жоспарланған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларына сәйкес шетелдегі қазақ диаспорасына қатысты мәселелер ҚР СІМ қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады және екіжақты келіссөздер мен Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басқа елдердің тиісті органдарымен кездесулерінің күн тәртібіне жүйелі түрде енгізіледі.