Ұлттық спорт • 30 Қараша, 2017

Қырыпсал қырандар қанжыға майлады

1405 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптаның демалыс күндері Алматы облысы Талдықорған қаласы маңындағы Сырымбет тауының бау­райында салтанатты салбурын болып, ауыл тұрғындары мен еліміздің түкпір-түкпірінен және Қытай мен Моңғолиядан арнайы келген қонақтар үш күн бойы Алтайдың ақиығы, Боғданың қарагері, Нарынның ақшегірі, Көкшенің мұзбалағы, Сауырдың сабалақ сарысы сынды 48 бүркіт, 4 қаршыға, 4 ителгі қатысқан халықаралық қансонардың қызығына батты. 

Қырыпсал қырандар қанжыға майлады

Алғашқы күні қолға шақыру, шырғаға түсіру бойынша іріктелген бүркіттерді ертеңінде қоянға, үшінші күні түлкіге салды. Ал, қаршыға мен ителгіні кептер мен қоянға жіберді. Әр бүркіттің түлкіге әртүрлі түсуі, кейбірінің ұстап алып айырылып қалуы, тағы бірінің айналып келіп томағалы бүркітке түсуі, енді бір бүркітті ұстаған түлкісінен ажырата алмай алаңнан алған аңымен қоса көтеріп алып кетуі сынды көріністер жиналған жұртқа өте қызықты болса керек, өздері құс салғандай айқайлап, тағаты таусылғандар төрешілерге «жөн сілтеп» те жатты.

Финалға шыққан жеті бүркітке көрсетілген түлкілердің үшеуі құтылып кетті. Екеуі ұстап айырылса, бір бүркіт жете беріп, тайқып шығып төбеге қонды. Бүркіттің тегеурініне ілінбей тауға тартып бара жатқан түлкіні оңай жібере салғысы келмеген көрермендер өзге құсбегілерге, «бүркітіңді жібер де, жібер» деп айқайлап-ақ бақты. Алайда, ереже бойынша бір түлкіге бір ғана бүркіт жіберіледі. Бабы келмеген немесе тумысынан нашар бүркіт жіберілсе, ол – түлкінің бағы. Ондайда түлкі құтылуы керек. Бұл аң аулаудағы қазақ бойындағы ежелден келе жатқан әділеттілікті көрсетсе керек!

Бұл қансонардың бұрынғы қансонар­лардан тағы бір өзгешелігі – құсбегі­лер арасында асау үйрету, көкпар, жамбы ату, аударыспақ және ән-күй, өлең-жырдан өнерлерін ортаға салу болды. 

«Қазақта «жігітке жеті өнер де аз» деген сөз бар. Құстың тілін тауып, аң ілдір­ген азаматтардан ат үстіндегі барлық өнер және бұрынғы сал-серілеріміздің бойын­дағы ән мен күй, өлең мен жырдың да табылуы керек деп, осы жолы әдейі сал-сері­леріміздің атындағы сыйлықтар дайындадық», дейді, «Қыран» феде­ра­ция­сының атқарушы директоры, «Жалайыр Шора» құсбегілер мектебінің іргетасын қалаушылардың бірі Бағдат Мүптекеқызы.

Сол жеті өнер бойынан табылған Тәттімбет Кәпұлына Біржан сал атын­дағы, Алдаберген Шәріповке Ақан сері атындағы, Дулат Ақановқа Қапез сал атындағы арнайы жүлде табысталды. 

Сонымен Сырымбет тауының бауырын қызыққа бөктірген қансонарда кіл қырыпсал қырандар қанжыға майлады. Бүркіттер бәсекесінде астаналық Күнтуған Серікбайдың «Тұйғын» атты бүркіті I орынды иеленді. II орынды атыраулық Арман Күшқаровтың «Ақеділі» еншілесе, III орын жамбылдық Серікболсын Жалғасұлының «Қапсал­ғанына» бұйырды.

Қаршығалардың сайысында алма­ты­лық Сейітжан Бексұлтанның «Көк­жендет» атты қаршығасы I орынды иеленді. Жамбылдық Бабажан Берікболсынның «Қанжары» II орын, Алматылық Ринат Мырзабаевтың «Алау» атты қаршығасы III орын алды.

Құсбегілер жарысын қорытынды­лауға ұлттық спорттың қамқоршылары Оралбай Əбдікəрім, Қанат Ахметов, Бағдат Мүптекеқызы, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар және «Қыран» федерациясының президенті Нұрлан Өнербай және басқалар қатысып, жеңімпаздарға сыйлық табыстады. 

Бұл қансонарды «Жалайыр Шора» құсбегілік мектебінің 30 жылдығына орай Мəдениет жəне спорт министр­лігі Спорт жəне денешынықтыру комитетінің, Ұлттық спорт түрлері қауымдас­тығының және «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республи­калық қауымдастығының қолдауы­мен Алматы облыстық туризм, денешы­нық­тыру жəне спорт басқармасы мен «Қыран» федерациясы ұйымдастырды.

Қырандардың патшасы бүркіт «Аспанда ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады» деп жылайды екен», дейді ел арасындағы аңыз. Осы бір ауыз сөзбен есімі бүгінге жетіп, атында мектеп ашылып, сол бір ауыз сөз арқылы осы бір айрықша қабілеттің иесі біздің аталарымыз екеніне көзімізді жеткіздік емес пе?! Содан да ол қалықтай самғап келіп көк аспанның астындағы мәңгілік елдің көк байрағында мәңгі қалқып тұрғандай!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген 
Серік НҰРДЫБАЙ