Аймақтар • 30 Қараша, 2017

Шаяндарды зерттеген ғалым жүлдегер болды

517 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы жоғары оқу орындары, кәсіпорындар өкілдері, студент жастар арасында  «Жас Ғалым-2017» облыстық байқауы өтті. Байқауда С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің жас ғалымдары бірнеше жоба бойынша жүлдегер атанды

Шаяндарды зерттеген ғалым жүлдегер болды

Өңірдегі «Жас ғалымдар» кеңесінің  мәліметінше, байқауға 30-дан астам жас ғалым қатысыпты. Барлық жастардың  өздерін ғылымға деген, ғылыми ортаға деген қызығушылықтары, ізденістерін арқылы көрсете білген. Қорытынды сәтте С.Торайғыров атындағы ПМУ PhD докторы, «Кәсіптік оқыту және қоршаған ортаны қорғау» кафедрасының аға оқытушысы Ирина Чидунчи «Жас дәрігер» аталымында үздік атанып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ирина өңіріміздегі тұзды көлдеріндегі артемия салина аталатын шаяндарды  зерттеген екен. Ғылыми тілмен айтсақ, артемия (Artemia salina) – тұзды судың омыртқасыз, шаян тәрізді жәндігі. Ащы суларда ғана өмір сүретін ол микроорганизмдер мен және балдырлармен қоректенеді. Артемияның су жиегіне шығарылған жұмыртқасы өте жоғары бағаланады. Балықтың қорегі, белок. Қытайлықтар одан адам ағзасына био қосымшалар, косметикалық өнімдер жасайды екен.  Екінші орынды «Кәсіптік оқыту және қоршаған ортаны қорғау» кафедрасының аға оқытушысы Шынар Арынова иеленді. Шынар  жобасында «Су ресурстарының экологиялық қауіпсіздігін» зерттеді. Келесі жүлдегер– химия және химиялық технологиялар кафедрасының оқытушысы Диас Төлегенов «Сульфатты ерітінділерден мырыш алу әдісін көрсетіп,» «Үздік шебер» номинациясын алды.

Жалпы, біздің  өңірдегі көлдердің барлығында дерлік Артемия салина құрт шаяндар  бар. Біз де тілші ретінде бұл жайында зерттеп жазып жүрміз.

2011 жылы  облыстағы артемия салина құрты бар 17 тұзды көл конкурсқа қойылып, табиғат пайдаланушыларға жалға беріледі.Облыстағы балық инспекциясының мәліметінше, сол жылы республикалық бюджеттен  бұл көлдерге биологиялық-экономикалық зерттеулер жүргізу үшін 16 миллион теңге қаражат бөлініпті. Конкурстың қорытындысында  Өскемендегі  балық шаруашылығын зерттеу институтының Алтай филиалы көлдерге зерттеу жүргізеді.

Фарида Бықай

«Егемен Қазақстан»

Павлодар

Суретті түсірген: Руфина Торпищева