Әлем • 30 Қараша, 2017

Судьяның шешіміне наразы болған командир у ішіп қайтыс болды

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Босниялық хорват әскерлерінің бұрынғы командирі 72 жастағы генерал Слободан Пральяк 20 жылға сотталғаны туралы сот шешімін естіген бетте у ішті. Судьяның айтуынша, ол қайтыс болды. Бұл туралы BBC хабарлады.

Судьяның шешіміне наразы болған командир у ішіп қайтыс болды

Гаагалық сот Пральяктан өзге бес босниялық хорваттың аппеляциясын қараған. 2013 жылы Пральякқа босниялық мұсылмандарға қарсы әскери қылмыс жасады деген айып тағылып, 20 жылға бас бостандығынан айырған.

Үкім өзгеріссіз қалатыны белгілі болғаннан кейін Пральяк басын шалқайтып, құтыдағы сұйықтықты жұтып жібереді. Осыдан кейін ол судьяға қарап: «Қазір ғана у іштім. Мен бұл шешімге наразымын», дейді. Оның әрекетін адвокаты да растайды. Өз кезегінде судья бірден сот отырысын тоқтатып, дәрігер шақырады. Арада үш сағат өткеннен кейін жергілікті телеарналардың бірі оның қайтыс болғанын хабарлады.

Төрт жыл бұрын трибунал босниялық хорваттардың көшбасшысы Ядранко Прличуды 25 жылға бостандығынан айырған болатын.

Прлич пен Пральяк 1991 жылы Югославия мен Босния соғыстарының ыдырауы нәтижесінде қалыптасқан, яғни мойындалмаған Герцег-Босна республикасы басшылығының құрамына енген. 2004 жылы Пральяк пен өзге бес генералға 1993 жылы Боснияда мұсылмандарды аяусыз қырды деген айып тағылды. Мұндай хабарды естігеннен кейін олар Гаагадағы халықаралық қылмыстық трибуналға еш қарсылықсыз берілген.

Өткен аптада Гаагалық трибунал босниялық серб әскерінің бұрынғы генералы Ратко Младичті өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын. Трибуналдың пікірі бойынша Младич босниялық соғыс кезінде мыңдаған бейбіт тұрғынды аяусыз өлтірген. Ал ең басты тағылған айып – 1995 жылы оның бұйрығы бойынша жеті мың мұсылман өлім жазасына кесілген. Оның аяусыз әрекеті үш жылға жалғасқан. Осы уақыт аралығында 10 мыңнан астам адам мерт болды. Младич бұл айыптардың ешқайсысымен келіспейтінін, тек азаматтық соғыс кезінде өз халқын қорғағанын айтып ақталды.

Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»