04 Желтоқсан, 2017

Дәрі-дәрмектегі жаңа жүйе дәтке қуат па?

389 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі уақыт мұғдарында елі­мізде бес бірдей өңірдің денсау­лық сақтау басқармасының бас­шы­­лары мен дәрі-дәрмек сала­сындағы негізгі оператор саналатын «СК-Фармация» ком­па­ниясы жетекшісінің сыбайлас жем­қорлықпен жауапкершілікке тартылуы ой-санамыздағы күмәнді қою­лата түсті. Таяуда Денсаулық сақ­тау министрінің есебін тыңдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Елжан Біртановқа аталған салаға қажетті ба­қылауды күшейту қажеттігін ес­керткені белгілі. Мемлекет басшысы­ «Дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуі шарттар жасасудағы заңнан тыс әре­кеттер нәтижесінде орын алады», деген болатын. 

Дәрі-дәрмектегі жаңа жүйе дәтке қуат па?

Дәл осы көріністі көрші Ресей елінің де монополияға қарсы федералдық қыз­­метінің ірі фармацевтикалық ком­­­па­ния­ларын тексеру барысынан көруге болады. Бұл мәселеге түс­кен көлеңкенің себебі дәрі-дәрмек сау­дасының ден­саулық сақтау саласының емес, қаржы на­рығының «алтын кіл­тіне» айналуы дер едік.

Әрине, ведомствалық есептерде қа­зақ­стандықтардың денсаулығындағы көрсеткіштер жағымды сипатта көр­сетілгенімен, ел тұрғындары болаттай берік дей алмаймыз. Өйткені ішкі нарықтағы дәрі-дәрмек көлемі соңғы 9 айда 36 мың тоннаға артқан екен. Яғни, республикамыз күнделікті 2 ва­гон медикамент тұтынады немесе жыл басынан бергі 9 айда әр тұрғын 2 килодан дәрі ішкен болып шығады. Бұл азаматтардың уақыт өткен сайын дәрі-дәрмекті күнделікті «тағамына» айналдыра бастағанын көрсетпей ме деген қауіп те жоқ емес. Оның үстіне бізге 64 елден келетін дәрі-дәрмек­тің басым бөлігі Еуропа, Азия және Аме­рика мемлекеттерінен тасымалданады. Сондықтан шын мәнінде үлкен нарық, ірі қаржы айналымына ие саланың қауіпсіздігін мемлекеттің тікелей ба­қы­­­лауға алуы құптарлық.

Бұған дейін сан мәрте жазғаны­мыздай, дәрі-дәрмектің бағасы ша­рықтап тұрғаны анық. Осы орайда мемлекеттік деңгейдегі баға саясатын бекіту және бақылаудың қатаң және жан-жақты шаралары болуы тиіс. Мәселен, Қытай билігі өндірушілермен арадағы көптеген келісімдердің нәти­жесінде былтырғы бағамен салыс­тырғанда дәрі-дәрмек бағасын 44 па­йызға дейін төмендетуге қол жеткізді. Барлығы 36 емдеу препаратының ішінде шетелдік өнімдер 31 болса, өз өнімі – 5. Яғни, денсаулық саласына жұмсалатын бюджеттік шығындарды азайтуға, тұрғындардың қалтасын қағатын делдалдарға тосқауыл қоюға және импорттық тауарлардың шектен тыс қымбаттамауына қол жеткізді.

Қазір әлемде дәрі-дәрмекке бөлі­нетін мемлекеттік қаржы көлемін азай­тудың инновация мен жаңа тех­нологияларға сүйенген бағыттары қызу қарастырылуда. Мәселен, Science журналының жазуынша, Массачусетс технология институтының ғалымдары түрлі екпелерді қанға белгілі мерзім­де қосылатын микроскопиялық био­жіктелуге бейім капсулалар арқылы бір екпемен ауыстыру жобасын ойлап тапты. Әрине, бұл вакциналауға бөлінетін бюджеттік шығындарды азайтуда да тиімді.

Ал елімізде назарға іліккен «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьютерінің қызметі қазір ашық алаңға шығарылып отыр. Яғни, келер жылға арналған дәрілерді сатып алу бойынша тендерлік рәсімдерді онлайн-жүйе арқылы кез келген азаматтың көруіне мүмкіндік жасалды. Бірыңғай дистрибьютердің Facebook ресми аккаунтында тен­дерлік және сараптамалық комиссия отырыстарының күн сайынғы фотоесебі жариялануда. Тұрақты түрде тендер өткізіліп жатқан залда бейнежазба түсіріліп, мұрағатта сақ­талады. Аталған компанияның бас­қар­ма төрағасының міндетін атқару­шы Әсемгүл Ержанованың айтуынша, қызығушылық танытқан барлық тараптар тендерлік рәсімдерді онлайн тәртіпте қарап, шешімдердің қалай және қандай себеппен қабылданып жатқанын қадағалау арқылы бей­тараптығына және әділдігіне көз жет­кізе алады. Айта кетелік, тендерде жалпы сомасы 82,4 млрд теңгенің 484 атауы жарияланған. Мұның бір жақ­сы қыры, 4 желтоқсанға дейін тендерлік комиссия мүшелері мен сарапшылар өтінімге қатысты түскен толықтыруларды қарайды. Қазір сирек кездесетін науқас түрлеріне арналған орфанды препараттардың 45 түрін бірінші кезекте сатып алу мәселесі қаралып отыр. Бұл жүйе ашықтықты қамтамасыз ете алса, медикаменттер құнында қаншалықты өзгеріс болмақ? Сәтін салса, жаңа жүйенің нақты нәтижесі келер жылы белгілі болады.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»