Президент • 04 Желтоқсан, 2017

Шамалғанда Пре­зиденттің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ашылды

2283 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Жетісудың баурайында, Алатаудың қойнауында Ел­ба­сының кіндік қаны тамған жері – Шамалған ауылында Пре­зиденттің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ашылды. 

Шамалғанда Пре­зиденттің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ашылды

Президенттің есімімен байланысты құнды құжаттар, кітаптар, фотоматериал­дар, жеке заттарының жинақ­талуына Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасының қоры мен кітапханасы, Тұңғыш Пре­зи­денттің музейі, Президент Іс басқармасы, Ұлттық кітапхана, Шамалған ауылының мектеп-музейі, Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейі мен Елбасының әулеті мұрындық болды. Тарихи-мәдени ке­шеннің ашылуына Ел­ба­сының ауылдастары мен елге танымал қайраткерлер жиналды.

Алматы облысының әкім­дігі және Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен ұйымдастырылған шараның мақсаты – қазақстандықтар арасында Елбасының жүріп өткен шығармашылық және саяси жолын кеңінен насихаттау, сондай-ақ Президенттің өмірі мен қызметінің айшықты үлгілері негізінде жастардың патриоттық тәрбиесін күшейту.

Экспонаттар Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметінің, Қазақстан Респуб­ликасы­ның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдеріне сәйкес хронологиялық ретпен орналастырылған. Бұл Орталы­қ­қа келушілерге қазақстандық мемлекет­тіліктің қайта жаңғыруы проце­сіндегі, эко­но­микадағы және әлеумет­тік саладағы, тарихи дамудағы түбегейлі терең өзгеріс­терді өткерудегі және Қазақстанның ХХ және ХХІ ғасырлар шеңберінде халық­аралық беделінің нығаюындағы Елбасының ауқымды үлесін, рөлі мен еңбегін көзбе-көз бағалау мүмкіндігін тудырады. Сондықтан әр залдың өзіндік ерекшелігі бар.

Бірінші залда болашақ Мемлекет басшысының балалық және жасөспірім жылдарына, еңбек жолының басталуы­на арналған экспозиция орналасса, екінші залдың экспонаттары Елбасының одақтық республика басшысы қызметтерін атқарған және тәуелсіз Қазақстан­­ның бүкіл халқы Тұңғыш Президент етіп сайла­ған кезеңдерге жатады. Ал үшінші залы Елбасының басшылығымен іске асырылған ауқымды қайта құруға, ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырындағы даму қорытындыларына арналған. Сондай-ақ мұнда Н.Ә. Назарбаевтың туған ауылы Шамалғанға әр жылдары барған сәттері туралы фотоматериалдар да бар.

Төртінші залда Елбасының сырт­қы саясаттық қызметі – саммиттер, ірі халықаралық шаралар, шетелдердің мемлекет және үкімет басшы­лары­ның ресми сапарлары туралы материалдар топтас­тырылған. Әсіресе Елбасына шетелдік көшбасшылар тарту еткен хаттамалық сыйлықтар келушілердің үлкен қызығушылығын тудыратыны сөзсіз.

– Біз бүгін тарихи мәні зор үлкен оқиға­ға куә болып отырмыз, – деді музейдің ашылу салтанатында Қазақстан Респуб­л­и­ка­сы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков. – Өйткені бұл музей тәуелсіз Қазақстанды ширек ғасырда әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы бар мемлекеттің бірегейі жасаған Елбасымыздың өмір жолы мен қызмет жолына арналған. Бұл музей ғана емес, Қазақстан Тәуелсіздігінің шежіресі іспеттес. Әрбір болған оқиғалардың бар­лығына осы музейдің экспонаттары жауап беріп тұрғандай. Музейдің тағы бір ерекшелігі – Шамалған ауылының ең бір көркем жеріне орналасқандықтан, келем деушілерге есігі ашық. Демек бұл орталық жастарды ұлтжандылыққа, патриоттыққа тәрбиелейтін жақсы бір мәдени орталық болады деп есептеймін.

Сондай-ақ белгілі қаламгер Бексұлтан Нұржекеев бүгінгі Тұңғыш Прези­денті­міздің атамекенінде ашылып отырған мәде­ни орталық ел үшін, мемлекет үшін қыз­мет жасаудың қалай болатынын үлгі етет­ін орталық болатынын тілге тиек етсе, Жазу­шылар одағының төрағасы Нұрлан Ора­залин тереңнен толғап, Елбасының жан­кешті еңбегіне баға беріп, мұндай мұражай ертеңгі ұрпаққа қызмет ететін қасиетті орын болатынына екпін түсіре айтты.

– «Елдің атын ер шығарады» деген. Қазақ дейтін халықтың атын, абыройын арғы-бергі замандарда талай саңлақтарымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп, найзаның ұшымен, білектің күшімен cақтап, осы байтақ елімізді қалай қорғап қалғанын білеміз. Ал біздер ХХ ғасырдың соңын ала ХХІ ғасырдың алғашқы кезеңінде үлкен құбылыстың куәсі болған ұрпақпыз. Біз Қазақ елінің ең әуелі ел болғандығына шүкіршілік еткен ұрпақпыз. Соны көкірегімізге тұмар қылып түйіп, тәуелсіздіктің қадірін білетін ұрпақпыз. Ал сол тұтас бір дәуірдің көшін бастаған, бір дәуірде Қазақ елінің абыройын әлем алдында асқақтатқан ұлы азамат – осы топырақта туып-өсті. Шамалған – бақытты ауыл! Шамалған – қасиетті ауыл! Шамалған мен Үшқоңырдың атын Аллаға шүкіршілік, қазақты қойып, Алашты қойып, бүкіл әлемде білмейтін адам аз деп ойлаймын. Яғни бұл топырақта Нұрсұлтан Назарбаев деген ұлы қазақ, қазақта мың жылда бір туатын тегі, қасиеті қос иығына қонған тұлға дүниеге келген. Сондықтан бүгінгі жасалып отырған шараға – жалғыз бір ауыл, бір аймақ емес, бүкіл қазақ елі, бүкіл қазақтың тілеуін тілейтін жұртшылық назарын салып отыр. Өйткені бұл топырақтың тумасы қазақтың ең қиын кезінде көшін алып шығып, мәртебесін биіктетті. Ендеше мұражайдың ашылуына куә болған біз де бақыттымыз. Осы мұражай арқылы да қазақтың елі, қазақтың іргесі аман болса – Назарбаевтың дәуірі дейтін алтын дәуір – халқымыздың, ұлтымыздың ең бақытты кезеңі өткенін біледі. Әлі талай ұрпақ сол бақытты кезеңді сыйлаған топыраққа мінәжат етуге келеді. Өйткені бұл – ұрпақты тәрбиелеудің, ұрпақтың бойына ұлттық рухты ендірудің, күрескерліктің көрінісі. Қазақ деген халықтың жолында жанын пида етіп келе жатқан, Алаштың ата жұрты – қазақтың маңдайына біткен ұлы перзентіне – Нұрсұлтан Әбішұлына Алла ұзақ өмір берсін, – деді.

Әрине «Атамекен» орталығына тарту етілген экспонаттар өте көп. Соның ішіндегі ең құнды сый Президенттің ең алғаш жұмыс істеген үстелі, орындығы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев кілтін тарту еткен Мемлекет басшысы 2001 жылы пайдаланған қызметтік автокөлігі болды.

Өз кезегінде Елбасының дана басшы­лығының арқасында ширек ғасырда бірлігі мен берекесі жарасқан, экономикасы қуат­ты мемлекетке айналғанын, Тұңғыш Прези­дентіміздің туған жерінде Рухани жаңғы­рудың «Туған жер» бағдарламасының аясын­да тарихи-мəдени орталық ашылып отырғанын, келешекте бұл кешен ауыл тұрғындары демалатын демалыс орны болатынын жеткізген Алматы облысының əкімі Амандық Баталов одан әрі осы керемет ғимараттың бой көтеруіне үлес қосқан Шамалғаннан шыққан кәсіпкерлерді, музей қорын толықтыруға көмектескен азаматтарды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

...Алыстан менмұндалап, жаңа заманауи үлгідегі асқан талғаммен салынған мәдени кешен ауылдың ажарын ашып, көркіне көрік қосумен қатар, келешек ұрпақ үшін өнеге, ғибрат орталығына айналатынына еш күмән жоқ.

 

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Cуреттерді түсірген

Александр ПАВСКИЙ

(«ҚазАқпарат» ХАА)