Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2017

Ақтауда аламан айтыс өтті

1239 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтауда еліміздің түкпір-түкпірінен айтыскер ақындарды жиып, өзара сөз бен ой, өлең мен өре салыстырған аламан айтыс өтті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тұңғыш Президент күніне арналған «Рухқа − ұран, ұлтқа − қорған» атты ақындар айтысы Маңғыстау өңірінде соңғы он бір жылдан бері өткізіліп тұрған ірі ақындар аламаны, дейді ұйымдастырушылар.   

Ақтауда аламан айтыс өтті

Маңғыстау облысы әкімдігінің және облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған сайыстың мақсаты − айтыс өнерінің дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көр­сету, еліміздің тәуелсіздік жылдарын­да ­қол жеткізген табыстары мен құн­дылықтарын, өңірде жүзеге асырылып жатқан жасампаз жобаларды дәріптеу, сондай-ақ Маңғыстау айтыс мектебінің шығармашылық әлеуетін насихаттау.

− Абыл мен Нұрым, Қашаған мен Сәттіғұлдай сөз зергерлерін тудырған Маңғыстау топырағында, көнеден жеткен бекзат өнер, суырыпсалмалық шығармашылықтың биік шыңы − айтыс қайта жаңғыруда. Айтыс − бет жыртысып, жауаптасу емес, саясаттан ада, ордалы ойы, сұңғыла сөзімен тыңдарманның көңіл түкпіріне ой салып, замана сазын толғап, елдікке, ынтымаққа үндеу! Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының сөзімен айтар болсақ: «Биік талғамды тек салиқалы өнер, салауатты суреткер ғана өсіреді. Биік талғамсыз биік парасат жоқ. Ал биік парасат үлкен жауапкершілік. Бүгінгі үлкен өзгерістер онсыз жүзеге аса алмайды. Рухани бедерсіздік саяси тәуелсіздікті де тәрк етеді». Себебі сана өзгермей, сапа өзгермейді. Сондықтан ақындарымыз «Рухани жаңғыру» ұғымын тереңнен талдап, осы ұғым аясын­дағы отансүйгіштік, Тәуелсіз еліміздің жетіс­тіктерін жан-жақты жырлай білулері керек, деді айтыс барысында ақындарға ақ жол тілеген Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Жыр бәйгесіне Мэлс Қосымбаев, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина, Шалқарбай Ізбасаров, Қазырет Бердіхан, Аспанбек Шұғатаев, Мақсат Аханов, Ершат Қайболдин, Шұғайып Сезімханұлы, Жанар Айлашова, Фархад Мұсаев, Абай Жолмағанбетов, Алтынбек Сүйінбекұлы, Азамат Орынбасаров, Арғынбек Қалиев сынды ақындар қатысып, маңғыстаулық көрерменге әсерлі айтыс сыйлады.

Айтыс қорытындысында бас жүлдені маңғыстаулық Мэлс Қосымбаев пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев иеленіп, әрқайсысы 3 млн теңге жүлдеге ие болды. Жүлде қорындағы 2 млн теңгелік бірінші орын қызылордалық Мұхтар Ниязовқа бұйырса, екінші орынды иеленген семейлік Әсем Ережеқызы мен батысқазақстандық Жансая Мусина әрқайсысы 1 млн теңгеге қол жеткізді. Үшінші орын жеңімпаздары алматылық Рүстем Қайыртайұлы мен маңғыстаулық Абай Жолмағамбетов, Атыраудан келген Шалқарбай Ізбасаров пен ақтөбелік Ершат Қайболдин 400 мың теңге жүлдені «қанжығаларына байлады» және барлық қатысушыларға 300 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы табысталды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы