Қысқы спорт • 06 Желтоқсан, 2017

Ресей құрамасы Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиададан шеттетілді

319 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Лозаннада өткен отырыстың қорытындысы бойынша, допинг мәселесіне қатысты Ресей құрамасын Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиададан шеттету туралы шешім қабылдады.

Ресей құрамасы Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиададан шеттетілді

Ал допинг дауына қатысы жоқ, сынамасы таза ресейлік спортшылар Пхенчханда бейтарап, яғни Олимпиаданың туымен қатысуына рұқсат етілді. Ал жеңіске жеткен жағдайда Олимпиаданың әнұраны шырқалмақ. Ал киімдерінің сыртында «Ресейдің олимпиадалық атлеті» деген жазылу ұсынылып отыр. Оның үстіне атқару комитеті жекелеген спортшыларды қатаң жағдайда қатыстыру туралы жоспарлап отыр.

«Қысқы Олимпиадаға шақырту алғандар (жеке немесе командалық жарыстарда) «Ресейдің олимпиадалық спортшысы» деген атпен ғана қатысады», – делінген ХОК хабарламасында.

Кореядағы Ойындарға шақырту алатын ресейлік спортшылардың тізімін Валери Фурнеронның төрағалығымен құрылған арнайы топ әзірлейді. Сондай-ақ, қатысатын спортшылардың допингтен тазалығын Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) растауы тиіс. Ал тізімді соңғы болып ХОК бекітеді.

Сонымен қатар, комитет шешімі бойынша Ресей спорт министрлігінің мүшелері аккредитациядан да қағылды. Ал спортшысы допингпен ұсталған бапкер де, дәрігер де Пхенчханға бара алмайды. ХОК хабарламасында бұрынғы спорт министрі, қазіргі Ресейдің вице-премьері Виталий Мутко мен бұрынғы спорт вице-министрі Юрий Нагорных алдағы уақытта өтетін барлық Олимпиададан шеттетілгені айтылған. Бұдан бөлек Ресей допингке қарсы тергеуге кеткен 15 млн доллар шығынды өтеуі тиіс.

Лозаннада өткен отырысқа Ресей тарапынан Ресей Олимпиада комитетінің басшысы Александр Жуков, Допингке қарсы тәуелсіз комиссия басшысы Виталий Смирнов және мәнерлеп сырғанаудан әлемнің екі дүркін чемпионы Евгения Медведева қатысты. Жиында сөз алған Александр Жуков Ресей атынан кешірім сұрады. «Мен Ресей Олимпиада комитетінің президенті ретінде допинг ісіне қатысты болған келеңсіздіктер үшін кешірім сұраймын», – деді.

Допинг дауы қалай өрбіді?

Осыған дейін WADA құрылтайшыларының кеңесі ресейлік допингке қарсы агенттіктің (РУСАДА) құқығын қалпына келтірмеу туралы шешім қабылдаған болатын. Міне, осыдан кейін спортшыларын да Олимпиадаға қатыстырмау мәселесі талқылана бастады.

РУСАДА-ның қызметі 2015 жылдың қарашасында WADA тәуелсіз комиссиясының баяндамасынан кейін тоқтатылған. Комиссия Ресей билігін Мәскеудегі аккредиттелген антидопингтік зертхана жұмысына тікелей араласқанын айтып, айыптаған болатын.

Көп ұзамай Бүкілресейлік жеңіл атлетика федерациясына дисквалификация берілді. Тиісінше көршілес елдің желаяқтары Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадаға қатыса алмады. Сондай-ақ, Бразилиядағы Ойындардан ауыратлеттері де шеттетілді.

Осыдан кейін допинг дауының беті қайтқандай көрінгендей еді, алайда 2016 жылдың шілде айында мәселенің екінші жағы ашылды. WADA-ның тәуелсіз комиссиясының басшысы Ричард Макларен Сочи Олимпиадасындағы былықтарды жайып салды. Яғни, 2014 жылғы Ойындар кезінде ресейлік спортшылардың сынамалары Федералды қауіпсіздік қызметінің араласуымен ауыстырылыпты. Тәуелсіз комиссия тыйым салынған препараттарды қолдану мемлекеттік деңгейде қолдауға ие болған деп айыптады.

Соңғы айларда Сочидегі құқықбұзушылықтарды ХОК-тың екі жұмыс тобы тергеп шықты. Денис Освальдоның жетекшілігімен құрылған бірінші топ 2014 жылғы қысқы Олимпиадаға қатысқан Ресей спортшыларының допинг-сынамаларын қайта алды. Ал Самуэль Шмидтің тобы допингке қарсы бағдарлама федералды деңгейде қаншалықты қолдауға ие болғанын анықтады.

Қорытындысында ХОК Ресейдің бірқатар спортшысын Олимпиада ойындарынан мәңгілікке шеттету туралы шешім қабылдады. Кейбірі олимпиадалық медальдарынан айырылды. Жүлдесінен қағылғандар: бобслеистер Александр Зубков, Алексей Негодайло және Дмитрий Труненков, биатлоншылар Ольга Зайцева, Ольга Вилухина және Яна Романова,  шаңғышылар Александр Легков пен Максим Вылегжанин.

Мұндай шешімнің нәтижесінде Ресей құрамасы Сочи Олимпиадасындағы медаль көрсеткіші бойынша бірінші орыннан үшінші орынға сырғып, Норвегия мен Канадаға жол берді.

Григорий Родченков

WADA-ның Ресей спортшыларын тергеуіне Мәскеудің антидопингті зертханасының бұрынғы басшысы Григорий Родченковтің үлкен көмегін тигені анық. Себебі, ол өткен жылдың қаңтарында АҚШ-қа кетіп, WADA-ға Ресейде жасырын болып жатқан істің біразын жайып салған. АҚШ-тың ақпарат құралдарына берген сұхбатында Ресейде допингті қолдайтын мемлекеттік бағдарлама барын да жасырып қалмады.

Әрине, бір қарағанда Ресей құрамасының қысқы Олимпиададан шеттетілуіне бір ғана Григорий Родченков әсер етті деген ой келуі мүмкін. Алайда, ХОК комиссиясының басшысы Лозаннада өткен отырыстан кейін мұндай пікірді жоққа шығарды. Шешім қабылдар кезде Родченковтің сөздерінен бөлек өзге де дәлелдер болғанын жеткізді.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»