Футбол • 06 Желтоқсан, 2017

Топты жарар кез келді

339 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еуропа лигасының соңғы тур ойыны елордалық «Астана» үшін сырт алаңда өткендіктен, біз де ат басын Чехия астанасы Прагаға тіредік. Мақсатымыз ойын төңірегіндегі жырғалаңды жеткізу. Жырғалаң дейтіндей де бар, матчтың алдында машақаты көп шаруалар көбейді.

Топты жарар кез келді

«Астана» командасы осы кезге дейін топтық кезеңде өнер көрсетіп келгеніне риза еді ғой. Енді жыл сайынғы тәжірибиеден елордалық ұжымның белі бекіп, буыны қатая түскені көрінеді. Топ жарып шығып, келесі кезеңге өту қол жететін межеге айналды. Алайда, соңғы турларда соғылмай қалған голдар мен алынбай кеткен ұпайлар өзектегі өкінішті одан әрі ойын алдында өртей түсуде. Әрине, қыжылды кетіретін тек қана бір шешім бар. Ол – соңғы ойында жеңісті жұлу. Тең нәтиженің өзі бізге еш көмек бере алмайды.

Әттең, өз алаңымызда «Вильярреалмен» тең түскенімізде жағдай өзгеше болар еді. Ойынға деген тактикада басқа арнаға бұрылып, «Славияның» алаңындағы ойында жеңіс бізге емес, керісінше алаң иелеріне керек болатын-ды. Ондай жағдайда ойынның тұзы жеңілдейтін. Қорғанысқа бекем болып, жауапты шабуылды көздейтін едік. Ал енді Станимир Стойловтың ойы мүлде басқа. Жеңудің амалын қарастыру қажет. Осы үшін де болгариялық бапкер команданы апта бұрын Чехияға алып келді. Күніге теориялық жаттығу жасап, «Виктория» Жижков командасымен жолдастық матч та өткізді. Сол ойында «Астана» шабуылдың шебін шыңдап, стандартты жағдайларды бір пысықтап алыпты. Ойын алдындағы баспасөз мәслихатында бапкердің айтқаны да осы болды.

- Бұл соңғы ойында бізге тек қана жеңіс керек. Жігіттер ішкі чемпионатта ойындары жоқ болғандықтан апта бұрын келіп осында жаттықты. Бұл біздің ойынға деген дайындығымызды сәл де болса жақсарта түсті. Қолымыздан келгенді еш аямай ойнасақ, көздеген нәтижеге жетіп те қалармыз. Барлығын ойын көрсетеді.

Чехиялық клубтар мен қазақстандық ұжымдардың арасындағы еурокубок аясындағы ойындарға көз жүгіртсек, чехтардың үстем болғанын анық байқаймыз. Бұрыннан кәрі құрлықта өнер көрсететін Чехия командалары мол тәжірибиеге ие. Мысалы, «Астана» Еуропада небәрі 46 кездесу өткізсе, «Славия» 150 ойын ойнаған. Салыстырсаңыз үш есе көп екеніне көзіңіз жетеді. Алайда, тағы бір мәселеге тоқтайтын болсақ, «Астана» биылғы маусымда сырттағы ойындарда жеңіске жете бастады. Алдымен, «Спартак» Юрмаланы, сосын «Маккабиді» жеңді. Демек, тек үйде ғана емес, түзде де ұпай алатын жағдайға жеткеніміз. Ал осы топтық кезеңнің өзінде «Астанамыз» сырттағы ойындарда міндетті түрде гол соғып жүр. Бәлкім үшінші ойында да дәстүрден айнымайтын шығар деген үміт басым.

Ендігі мәселе сол соғылған голымыз жеңісті бола ма? Гол соғатын футболшымыз шынын айтқанда екеу ғана. «Астананың» Еуропа лигасындағы соңғы 7 голын соққан да осы екуі. Твумаси мен Кабананга. Алайда, соңғы сұқбатында Патрик «командадағы кейбір жігіттердің сүреңсіз ойыны болмағанда «Вильярреалды» жеңіп кетер едік», депті. Бұл сөз Игорь Шитов секілді қорғаушыларымыздың шамбайына батып кеткені анық. Психологиялық жағдайды реттеп, команда ішіндегі көңіл-күйді жіті қадағалайтын Станимир бапкер бұл мәселені бей-жай қалдырмас. Егер қалдырса, командадағы футболшылар ертең алаңда көрпені әркім өзіне тартып, ойынның берекесін қашыратыны сөзсіз. Демек, команда ішінде барлығы да 100 пайыз керемет деп айту қиын. Дей тұрғанымен, «Астана» жеңіске жетіп, Еуропа лигасының плэй-офф кезеңіне шықса, онда бұл да бір қазақ футболының тарихи жеңісі болады. Осыған дейін қазақстандық клубтар мұндай деңгейге дейін шығып көрмеген еді. Сонда «Славияның» «Астанадан» артық жері қайсы дейсіз ғой. Әрине біз тәжірибиені алға қойып отырмыз.

Дегенмен, футболда жалғыз тәжірибиеге сеніп, қамал ала алмайсыз. Еуропаның ірі чемпионаттарында доп тепкен мықты футболшылары бар. Одан өзге мәселеге келгенде чехиялықтардың «Астанадан» асып тұрған дәнеңесі де жоқ. Ертеңгі ойынның қалай аяқталғанына қарамастан айтарымыз осы. Яғни, қазақстандық клубтардың ештеңеден шімірікпестен, мұндай қарсыластарды жеңіп, Еуропада топ жаратын деңгейге жетіп қалғаны байқалады. Бәріне бастау салатын сондай бір даңқты жеңіс керек.

Ермұхамед МӘУЛЕН

«Егемен Қазақстан»

Прага, Чехия.