Парламент • 06 Желтоқсан, 2017

Сенаторлар жаңа Салық кодексінің жобасын талқылады

233 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексінің жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Сенаторлар жаңа Салық кодексінің жобасын талқылады

Кодекс жобасы салық және бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайларға сәйкестендіруге арналған. Бұл Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында алға қойылған маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.

Заң жобасы жеке және заңды тұлғаларға қатысты салық заңнамасын оңайлатуды, іскерлік белсенділікті арттыруды, салық әкімшілендірулері тетіктерін жетілдіруді көздейді.

Адал салық төлеуші мүдделерін қорғау мақсатында нормативтік-құқықтық актілердегі түсініксіз ережелер мен дәлсіздіктердің немесе салық төлеушінің салық органының түсіндіруі бойынша әрекет еткен, кейіннен өзгертілген қағиданың салдарынан туындаған даулы мәселелер салық төлеушілердің пайдасына шешілетін ережелер енгізіледі. Бизнестің салық тәртібіндегі өзгерістерге уақытында дайындалуы үшін заңдарға түзетулер 1 шілдеден кешіктірмей және бір заң жобасына біріктіріліп қабылданатын болады.

Мұндағы жаңалықтар шағын және орта бизнес үшін қолданыстағы арнаулы салық тәртібін сақтауға, шағын және орта бизнес үшін белгіленген алымның балама тәртібін енгізуге, міндетті медициналық сақтандыру және міндетті зейнетақы жарналарын енгізілуіне байланысты жұмыс берушілердің салық ауыртпалығын төмендетуге бағытталған. Шаруа қожалықтарына арналған салық әкімшілендірулерін оңайлату, сондай-ақ шаруа қожалықтарының басшысы, мүшелері мен жұмысшыларына әлеуметтік салықты жою арқылы аграрлық секторды ынталандыру шаралары көзделіп отыр.

Жер қойнауын пайдалану саласында жер қойнауын пайдалануға балама салыққа рұқсат беру арқылы геологтық барлауға инвестиция әкелу ынталандырылатын болады, жалға алу төлемдерінің тетіктері енгізіледі, сондай-ақ бір заңды тұлға аясында басқа өндіру шартындағы нәтижесіз барлау шығындары есепке алынатын болады. Қаржы секторын сауықтыру үшін қарызын кешірген жағдайда жеке тұлғаларды жеке табыс салығынан босату және жинақтаушы сақтандыру барысында жеке табыс салығын салу тәртібін өзгерту шаралары ұсынылып отыр.

Арнайы экономикалық аймақтарға салық салуға қатысты жеңілдіктерді ұлғайту шарттары ұсынылды. Кодекс жобасы инвестициялық жобаларға қатысты жаңа жеңілдіктерді белгілейді, жаңғырту мен қайта құру жөніндегі жобаларды жүзеге асыратын кәсіпорындарға корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктер береді. Салық әкімшілендірулері бөлігінде заң жобасы салық базасын әлсіретуге қарсы әрекет етуге, салық салу және салықтық тексерулер тәртіптерін жетілдіруге, салық құжаттарын сандық негізге көшіру мен оңайлатуға бағытталған.

Комитет отырысында Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексін қолданысқа енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Құжатта Салық кодексінің күшіне енгізу тәртібі белгіленген. Заң жобасына сәйкес Салық кодексі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі, дегенмен жеке табыс салығына, есеп шот фактуралар мен акциздер мөлшерлемесіне, дивидендтерге салық салу мен құнының өсуіне, арнайы экономикалық аймақтарға қатысты құжаттың бірқатар баптары 2019, 2020 және 2020 жылдары жылдары күшіне енеді.

Сенаторлар сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылады.

Жаңа Салық кодексінің ережелерін іске асыруға байланысты Азаматтық (Жалпы бөлім), Кәсіпкерлік, Бюджет кодекстеріне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және бірқатар заңдарға өзгерістер енгізіледі. Жаңартылған заң ережелері жеке кәсіпкерлерді тіркеуге, кәсіпкерлік субъектілерінің жеке бағалары мен тарифтерін мемлекеттік реттеуге, инвестициялық преференциялар мен субсидиялар белгілеуге, арнайы экономикалық аймақтарға қатысушыларды салықпен ынталандыруға, еңбекке ақы төлеу қорына ауыртпалықты азайтуға, сондай-ақ салық тәртібін нығайтуға бағытталған салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге де қатысты.