Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2017

Астанада ақын Ғали Ормановты еске алу кеші өтті

793 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

"Жастар" театрында ақын, публицист, ағартушы Ғали Ормановтың 110 жылдығына арналған "Ғали ғибраты" әдеби-музыкалық еске алу кеші өтті. Еске алу кешінде мектеп мұражайының экспонаттары мен кітаптары қойылды.

Астанада ақын Ғали Ормановты еске алу кеші өтті

«Өмірімнің сәулесін, өреніме шашайын» атты Ғали Ормановтың 110 жылдық мерейтойы мектебімізде басталып,«Ақын ғұмыры» атты республикалық әдеби – сазды шығармашылық кеш Астана қаласы Жастар театрында  жалғасын тапты. Атаулы іс-шараға Алматы қаласынан арнайы келген ақынның қызы – Жәмиға Ғалиқызы, жиені Айдар Қырықбайұлы және  Астана қаласының зиялы қауымы ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы, филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Қайрат Сақ, белгілі журналист «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кұрметті профессоры Нұртілеу Иманғалиұлы қатысты. Сонымен қатар ақынның туған жерін Алматы облысы  Ақсу ауданы Қапал ауылындағы Ғали Орманов атындағы орта мектеп ұстаздары мен шәкірттері келді.

Кешті Астана қаласы мемлекеттік филармониясының «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі ашты. Сонымен қатар Ғали Ормановтың қазақ радиосының алтын қорында сақталған 1963 жылы берілген сұхбаты көрермендерге ұсынылды.

Ақынын құрметеген қоғам қайраткері, өнержанашыры «Нұр Отан» партиясының бірінші хатшысы Құл-Мұхаммед Мұхтар Абрарұлы арнайы құттықтау хат жіберді. "Ғали Орманов әдебиетімізге өткен ғасырдың 20-жылдарының соңында келіп, қазақ поэзиясының қалыптасуына үлкен үлес қосқан аса талантты ақын. Өлең-жырға құмартып, қисса-дастандарды жаттап өскен қаламгер жастайынан әдебиетке жақын болды. Ғалекең өлкелік газеттерде жарияланған алғашқы өлеңдерімен-ақ қалың оқырманның жүрегіне жол тапты. Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы бола жүріп жыр алыбының шығармаларын жас ұрпаққа жеткізуге зор еңбек сіңірді", делінген хатта. 

Кеш соңында Ғали Орманов атындағы №7 мектеп – гимназиясының директоры Айтова Жанат Тұрысбекқызы сөз алып, ақынның қызы – Жәмиға Ғалиқызын сахна төріне шақырып,сый – құрмет көрсетті. Жәмиға Ғалиқызы әкесі туралы естеліктер айтып,  кешті ұйымдастыруына қолдау көрсеткен Астана қаласы Мәденениет басқармасына, Білім басқармасына шексіз алғысын білдірді.

Соңғы жаңалықтар