Сұлтан ОРАЗАЛЫ. Тұрпаты бөлек, таланты ерек Әнес

Мен оқуға келіп түскенде Рым­ғали Нұрғалиев екінші курс­­та білім алатын. Ол көпті көрген көне­­көздей қалада қалай жүріп-тұру­ды үйретіп, тіпті, қандай киім киюге дейін ақыл-кеңесін қос­қаны бар. Бұл қамқорлықты қалай ұмытарсың. Ал Дүкенбай Досжанов екеуміз тұратын пәтерге жиі келетін Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауин Валя апамыз әзірлеп беретін көжемізге ортақ­тасып отырса да, екеумізді бала­сы­нып, мардымси сөйлейтін. «Аға­лары­мыздың» осы мінезі жұ­ғысты болды ма, кім білсін, төменгі курста оқитын жігіттерге біз де шекелеп қараған кездер болған. Сөйтсек, сол «балалардың» ішін­де «пәлелері» көп екен. Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Ақсе­леу Сейдімбековтер «жастай қа­ғы­нып», жазған-сызғандары­мен көз­ге ерте түсті. Ал Әнес Сарай бол­са, сөз өнерінің аламан жа­ры­сын­да ештеңеге асық­пай, баппен, тың, күрделі тақы­рыптарды Ар­к­тиканың мұзжарғыш кеме­сін­дей күтірлетіп біртіндеп игеріп, игеріп қана қоймай, өзінің сара жолын салды. 

Егемен Қазақстан
07.12.2017 1253

Әнес Сарай – бұл күнде кеме­ліне келген, адамшылық, азамат­тық тұрпаты ерек, әдебиетімізде өзіндік орны бар әңгіме, повесть, романдардың авторы әмбе бұ­рын қазақ арасында ешкім қалам тарт­паған ноғайлы мен көктү­­рік­тер тарихын қопара көтеріп жазған қаламгер. Бір қызығы, әдебиетіміз бен тарихты зерттеуге осыншама еңбек сіңірсе де Әнес Сарай маған әлі сыры ашылмаған беймәлім арал тәрізді болып көрінеді.

Қырда туып, қазақтың класси­ка­лық әдебиетін еміп өскен бізге Әнестің көркемдік әлемі өте тосын, ешкімге ұқсамайды. Теңіз сырын, оның жойқын мінезін әлем­дік әдебиеттен білсек те дәл Әнес бейнелеген қазақтар тұрмы­сын, Еділ дәриясы мен Атырау теңізінің ата жұрттан жырылып қалған жағалауы мен ұсақ арал­дарындағы тұйық өмірді, әлі өрке­ниет сырлап, ортақ қалыпқа сала қоймаған, табиғилығын жоғалт­паған, өр мінезді, кесек-кесек тұлғаларды бұрын-соңды еш­кімнің шығармасынан оқы­мап­пыз. Бәлкім теңіз туралы бірен-саран шығармалар, кейіпкерлер әдебиетімізде қалыптанған болар, бірақ Әнес сияқты ғасырлар бойы су жағалап күн кешкен қазақтар өмірінің беймәлім сырын тұтастай ашқан қаламгер некен-саяқ. Оған Әнестің туып-өскен ортасы, айналасын су шай­ған, Еділ аңғарындағы сиыр бүй­рек­теніп жатқан аралды мекендеген Қармалай аулының ерекше тағ­дыры себеп болғаны айқын.

«Аралды біздің ел «Атау» дейді. Биіктігі жиырма метрдей, ұзын-қысқалығы әжептәуір бес қызыл сазды төбе бар, басқасы көктемде телегей теңіз қарғын суына жұтылып кететін теп-тегіс жазықтық, – деп жазады Әнес өзінің естелігінде. – Судан қорын­ған ел осы бес төбенің асты-үс­тіне міңгесе үй салып, үйме­лесе отырғаны. Соның өзін­де­ қарқындаған өр суы төбе ете­гіндегі үйлерді басып, ауылды жарым-жартылай шәйіп кетеді. Ол апаттың алдын алу үшін бола қалса күлдір арбамен, болмаса қол зембілмен қызыл төбенің құ­мын тасып, ауылды айналды­ра бөгет соғады. Оны өзгеде жоқ, өз тілдерінде «қайшы» деп атайды. Айтқандайын, елдің ноба­йы жалпақ қазақ тілінде сөй­ле­генмен, күнделікті сөз алмасу­ла­рында өзгешелік жоқ емес, говор, диалект, кәсіби сөздер қап­т­ап жүр. Біздің «атаулықтар» мұн­да қоныс аударғандарына 200 жыл шамасы болған «жаңа ауыл­дар» санатында. Ноғайлы құра­мында болып, бұл өңірді жер­легеніне 500 жыл болған «ескі ауылдар» да бар. Оларды «Сарытұмақ қазақтар» дейді.

«Тұмағы» жергілікті тілде жатақ дегендік. Олар «з» дыбысының орнына «с» дыбысын жиірек қолданып, «барамыс», «келеміс» деп сөйлейді, «дөрт» демесең – «төрт» дегеніңді ұқпайды. Бүгінгі ұстаныммен айтқанда, «алашабыр», бәлкім, келмеске кеткен көне қазақ тілінің жұқаналары сақ­талған ортада өскен мен өзімнің «атаулықтарымның» тілін қазіргі қазақ әдеби тілінің нормаларына сәйкестіре алмай көп қиналдым».

Әнес шығармаларында қа­лың қазақтың тірлік-тұрмысы­на сәйкес­пейтін көріністер де аз емес. Адамдарын айтпағанда, оның жылқылары да кең айдында жүзіп жүріп, басын құлағына де­йін суға тығып, тереңнен құрақ шалады. Сиырлары да осы іс­петтес. Ал кеме үстінде оттыға­тын бұзаулар, қираған үйлердің төбе­сінде жайылған қой-ешкісін қай­терсің. Ол жазған алғашқы «Дауыл­дан» бастап, биыл «Жұл­дызда» жарық көрген «Еділ бойы саз­дары» әңгімелер топтамасын­да осындай айқын суреттер, санаңда таңба басқандай сақталып қалатын көріністер аз емес.

Ол әдебиетке өткен ғасырдың алпы­сыншы жылдарында келді. Бұл – ғалым Рымғали Нұрға­лиев­тың анықтауында қазақ про­засы­ның алтын ғасыры еді. Жан-жақты білімді, әлем әдебиетін оқып, игерген, көкіректеріне сөз өнері қонған, дарынды бір топ қа­ламгерлер қатар жүріп, қалам сілтеп, халқының өткен-кет­кен өмірін көркем прозада тү­ген­дей бастады. Олардың сәл ересек­тері отызыншы жылғы нәу­бат­тан кейін, жастаулары дүниежүзілік соғыс қарсаңында дү­ниеге келіп, сол дәуірдің бала көңі­лінде қалған суреттерін, ересектерден естіген әңгімелерін шығармаларына арқау етсе, енді бір тобы кейіннен ел тарихының ақтаңдақ тұстарын зерттеп, зерделей бастады. Бұл топ – қалың шоғыр. Олардың бәрін тізіп жатпай-ақ, Сайын Мұратбеков, Қали­хан Ысқақов, Әбіш Кекіл­баев, Мұхтар Мағауин, Софы Сма­таев, Дүкенбай Досжанов, т.б. жазу­шы­лардың көлемді туын­дылары­нан басқа әңгіме, хикая­лары­ның өзі көркемдік бітімі ерекше, өмір-дүние суреттерінің айқындығы­­мен, айтар ойларының тереңдігі, ал­ған тақырыптарының әр алуанды­ғы­мен ерекшеленеді. Осы топтың бел ортасында әде­биетке алпысыншы жылдары ке­ліп қосылған Әнес Сарай ерек­ше көзге түсті. Ол қазақ қоғамы­ның бір пұшпағындағы бейтаныс тір­шілікті шебер суреттеген әң­гі­­мелері арқылы өз орнын айқындады.

Соңғы он жылда мен өз заман­д­ас­тарымның алпысыншы-жет­пі­сінші жылдары жарық көр­ген әңгіме-хикаяларын жиі-жиі қайталап оқитын болдым. Жылдар өтсе де алғашқы әсерім суымапты, керісінше, бұрын жастықпен аң­ғар­маған көп қасиеттерін енді танып, сол кездің өзінде олар­дың көркем шеберлікті еркін игер­геніне сүйсінесің. Сайынның со­ғыс­тан соңғы өмірді бейнелеген әңгі­ме, хикаялары, Әбіштің Маң­ғыс­тау балладалары, Дүкенбайдың этно­графиялық әңгімелері, Мұх­тар­­дың повестері бітімі бүтін, өрнегі ескірмейтін, әдебиетіміздің клас­сикалық туындыларының қатарына қосылған шығармалар. Осы қатарда Әнестің «Қараша өт­кен соң» повесі мен «Арғы беттегі ауыл», «Бозқырау», «Ақ тымақ түн», «Ерекше поезд» әңгімелері де бар.

Теңіз мінезі мен табиғатын Әнес қолмен ұстатқандай айқын бейнелейді. Қарашаның қыты­мыр суығында дәрияның арғы бетін­дегі ауылға жете алмай жа­бық­қан Сайымның алдында бөгеу боп қара арна жатыр. «Қара арнаның тас-талқан боп бүлі­ніп, әлек-шәлегі шыққан. Ай­дын беті жоса-жоса ақ көбік. Тол­қын­дар арғы беттен дамылсыз дөңбекшіп келіп жатыр. Зәрі бетіне теуіп, ыңырана сызданып келіп, жағалаудың қораш жарына кеуделей соғады, кейде оны тұншықтырып, көміп кетеді. Енді оны құрдымға балағанда көл-көсір селді айырып, су астынан жабағы тондай сабалақтанып шы­ға келеді. Су мен жердің, өрлік пен табан­ды­лықтың бір-біріне алдырмас айқасы қайтадан басталады».

Осы бір мылқау айқас пен арғы беттегі қораш тамға күнұзақ көз сүзген Сайым жағалаудан кетер емес. Сылтауы – әжесі «ақ кемпірге» барып сәлемдесіп қайту. Бірақ мына долданған толқынды тек жаннан безгендер ғана тіліп өтеді. Ондай адам да бар екен. Ол – Темірбек. Енді Темірбектің жаңқадай қалтылдаған қайығымен ыңыранған өгіздей долы күштің шайқасы жан түршіктіреді. Бірге өтпекші болғандардың бар­лы­ғы мына дүлейден қорқып кері қайтады. Тек Сайым мен Темір­бек қана кеш батып, қараңғылық басса да, ызғырық жел күшейіп, су бетінен мұз шашырап жатса да тәуекелге бел буады. Әнес­тің сурет­­­­керлігі осы тұста Айвазов­ский­­­­дің қылқаламынан да асып түсе­­ді. Ол алып толқындармен алыс­­қан Темірбек пен Сайымның шай­­­қасын жаны сүйсініп, құшы­р­лана бейнелейді. Осы тұста маған Хэмингуэйдің шалынан гөрі, Темір­бектің ерлігі әлдеқайда өр, қай­сар, батыл әрі мәнді көрінді. Ол жас досының жанын айтқызбай-ақ ұққан. Осыншама жанкештілікпен арғы бетке өткен Сайымның ішкі сыры басқа екен. Ол үсті-басы сауыс-сауыс мұз боп, түн ортасында терезе қағып, суық қораның ішінде жаны сүйген қызбен бір көрісіп, оны қас қағым сәтке ғана бауырына басады. Өлім мен өмір кешіп келгендегі өтеуі осы.

Жазушы «Арғы беттегі ауыл» атты осы әңгімесінің өзінде балық­шылар тұрмысын, олар­дың кесек бітімін, ішкі сезім-күйлерін шағын көрініс, диалогтар арқылы шебер ашады. Әнес кейіпкерлері боямасыз.

«Ақ тымық түндегі» көрші ауыл­дан қыз алып қашуға аттанған үшеудің шым-шытырық әрекеті, оларға қыздарын тегін бермеу үшін қақаған аязда түн қатып, түс қашқан ауыл жігіттерінің тіршілігі бір қарағанда мағынасыз көрінгенімен, қиянда жатқан ауылдың әдет-салты, қыз намысы, ауылын қорыған жігіттердің мінезі, бауырмалдық, достық сезімдері баурап алады. Қыз алып қашу – барымташылық, зорлық емес екен, бұл сүйіктісі үшін қиын­дық көру, ерлік таныту. Дала серілерінің әдепкі салты осы.

«Ерекше поезд» атты әңгі­­ме­сінде Әнес өзінің теңіз тақы­ры­бы­нан ауытқып, соғыстан қайт­қан мүгедектер туралы жазыпты. «Бұл – соғыстың қитығына ұшы­раған, өз бетімен жүре алмай­тын ғаріптерді алып келе жатқан арнайы поезд еді. Бірен-сараны болмаса, көбі­нің аяқ-қолы жоқ, бұтақтары қыр­қыл­ған томар сияқты құр кеуде болатын». 

Осындай мүгедектің бірі Тілеу­ді тосып алған әйелі Әдемі­нің қылығы жан сүйсінтсе, кезінде елге аға болған, соғыста да, осы са­парда да сабырлы мінезі, пара­сат­ты сөзімен қадірі артқан, екі аяқ, екі қолы жоқ Манардың тағ­ды­рына алаңдай бастайсың. Бұл қысқа ғұмырда жаудың оғы да, жарты денесін кескілеген жара­қат та сүйікті жардың опасыз­дығындай қинамайтын көріне­ді. Жазушы оны тәптіштеп айтпайды, кейіпкерлерінің сөзі, іс-әрекетімен бейнелеп береді. Өзің көріп, өзің түсін. Осы іс-қи­мылдан Манардың өр мінезі, биік тұлғасы, Мағираның арпа­лыс­қан сезім-күйі, қара басы үшін ең қымбатын сатқан жанталасы шебер көрінеді. Манардың бәрі­нен түңілген суық жанары көз ал­дыңнан кетпейді. Әнестің бұл әң­гімесі соғыс тақырыбын өзін­ше ашқан, тақсыретін қанын сорға­ла­та бейнелеген сәтті туындының бірі.

Жазушы өзінің жаны сүйсініп бейнелейтін кеңістігіне биыл қайта оралыпты. Оның «Жұлдыз» журналының бірнеше санында жарияланған «Еділ бойы саздары» топтамасындағы әңгіме-хикаялары дәрияның сағасын мекендеген ежелгі жұрттың тұрмыс-тіршілігін тағы да көз алды­мызға әкелді. Сексеннің сеңгірі­не шыққан тарлан жазушы баяғы отыз жасындағы қалпынан айнымай, қалам қуатын танытады. Осы әңгімелердегі қым-қуыт өмір, сан қилы тағдырлар, ұлы дәрия­ның бірде буырқанып, бірде тыным тапқан кейпі жазушы қала­мы­нан сурет болып өріледі. «Ор­маншы», «Кәршік сай» хикаясы», «Сәбила», «Шабақшы», «Ала қарға» атты әңгімелерде табиғат пен адам қамшының қос өріміндей кірігіп, бірін-бірі ашып, бірін-бірі толықтырып жатады. 

Жазушының соңғы әңгіме­лерінде өзіне тән суреткерлікпен қоса, сағыныш сезімі, өткен күн­дер­дің мұңы да бар. Өмір бойы бір адамды сүйіп, соны зарыға күткен Сәбила мен оны қартайғанша түсінбей өткен Ғалымжан тағдыры қандай аянышты. 

Жиегін ну орман көмкерген айдында жалғыз өзі су перісіндей ойнақ салған ерке сұлу Сәнәу мен оған тосын кездескен балықшы жігіт Алғараның мұңды махаббаты жүрек толқытады. Сәнәу қыз көкірегі қарс айырылып, сүйіктісін қимай тұрса да соғыстан кемтар боп оралған әкесін жалғыз тастап кете алмай, өз бақытынан бас тартып, екеуі екі жақта өмір бойы жалғыздықтың тақсыретін шегеді.

«Орманшыдағы» Мәрия мен Салық, «Бәсін тартымы» әңгі­месіндегі Жанғали, Тиш­ко, Оразбайлар – тағдыры әрқи­лы адамдар, бірақ оларды өмір сүріп жатқан қатал ортасы жақын­дастырады. Жазушы кейіп­кер­лерін сылап, сипап, әрлемейді, өмір­дің өзіндегідей ойқыл-шой­қыл қалпында бейнелейді. Осы қалпында олар жұрттан ерек, іс-әрекеттері де табиғи. Сондықтан да орыс қызы Марияның «өлсем қазақ бейітіне жерле» деген соңғы тілегіне, Оразбай мен Тишконың балығы көп, «Бәсін тартымына» бола ежелгі батырларша жекпе-жек шайқасып, ел мен ер намысын қорғаған, өр әрекеттеріне сенесің. Неге екенін білмеймін, Әнес шы­ғар­маларын оқыған сайын, оның кесек тұрпатты кейіпкерлері атақты мүсінші Иткиндті есіме түсіреді. Иткинд өмір бойы Алма­тыда тұрып, шығармаларын құла­ған ағаштың түп тамырынан, қураған томарлардан мүсіндепті. Бір ғажабы, өскен топырағына тарта ма екен, оның томардан ойған бейнелері көбіне қазақтарға ұқсай береді. Мысалға әлемге әйгілі «Қазақ шалы» мен еврей шалының «Автопортретін» салыс­тырып көріңіз. Әнес кейіпкерлері де ұлтына, руына қарамастан морт мінезі, іс-әрекеті, өмір салты өздері өскен өлкеге ұқсап тұрады.

Ә.Сарай – өнімді жазушы­лардың бірі. Ол қатарлас замандастары тәрізді шығармаларының басын қосып, жинақтап бастырған емес. Сондықтан болар, зерт­теу­шілердің бірі оның – 17-18 томы бар десе, екіншілері 25 томнан асады деп болжайды. Мейлі, мәселе шығарманың санында емес, сапасында екенін қазір екінің бірі біледі. Бұл жағынан да Әнес озық шығып, «Еділ-Жайық» трилогия­сына еліміздің басты сыйлығын алғаны мәлім.
Жазушының шығармашылық жолына үңілгенде оның үш биік асудан өткенін көреміз. Осы кезең­дердің артқан жүгіне сай оның туын­дылары да күрделіленіп, қам­тыған уақыты, кейіпкерлері әр­екет ететін кеңістігі кеңейіп, шығар­маларының жанры да ірілене түседі. Бірінші асуы – жастық шағы, өскен ортасы, Еділ сағасын мекендеген ауыл-аймағының көркем бейнесін қалыптаған әңгі­мелері. Бұл тақырыпты ол өмір бойы жазып келеді. Екіншісі – сол алпыс алты сағалы Еділ мен Жайық өңірінде кешегі өткен қиян-кескі оқиғалар. Бұл тарих әңгі­меге сыймайды. Сондықтан жазу­шы «Еділ-Жайық», «Атырау», «Исатай-Махамбет» сын­ды сүйекті туындыларға бой ұра­ды. Әнестің суреткерлік тынысы, зерттеушілік қабілеті осы шығар­маларында еркін ашылып, оқу­шыларының ықыласына бөлен­ді. Ал үшінші асуы... Ол бұл жолы бұла күші бойына сыймаған өз кейіп­керлері тәрізді тосын әре­кет танытып, «Көнеліктер», «Ноғайлы», «Көк түріктер» тәрізді қалың тарихтың қатпар-қатпар қойнауларын ақтарған, көркем бейнелеуден гөрі ғылыми ізденісі, салқын дәлел, сабырлы пайымы басым туындыларын бірінен кейін бірін жарыққа шығарды. Бұл кітаптар айналасы он шақты жылда жария болғанымен бүкіл ғұмырын арнағанына күмән жоқ.

Алпысыншы жылдары әде­биетте өз үні, өз мұрат-мақ­саты­мен көрінген талантты топ­тың көпшілігі келе-келе тарихи тақырыпқа бой ұрды. Оның себебі де айқын еді. Ат-әбзелі түгенделмеген кәрі тарихымыздың ашық-шашық жатқан ойдым-ойдым ақтаңдақтары көп болатын. Жүрегінде елім, халқым деген отты сезімі, қолдарында қуатты қаламы бар бұл топ осы олқы­лықты толтыруға Ілияс Есен­бер­линнің ізін ала кірісіп кетті. Олар – Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Софы Сматаев, Қаб­деш Жұмаділов, Қойшығара Сал­ғарин, Ақселеу Сейдімбеков, Тұрсын Жұртбай, т.б. сияқты талант иелері. Бітірген істері де ұшан-теңіз. Осылардың ортасына өзінің іргелі еңбектерімен Әнес те қосылды. Бұрын қазақ баласы көп айта қоймаған, бірақ тарихи санада жатталып қалған ноғайлы, көк түріктер тарихын зерделеп, жүйелеген Әнес еңбегі желдіртіп айтатын дүние емес. Осы тақырыпты білетін, арнайы білімі бар ғұламалардың бас қосып саралауына лайық дүние.

Бүгін ескі досымыз сексеннің сеңгіріне жетіп, ақсақалдық тағына жәйғасыпты. Бір кездегі қою қара шашы көкбурыл тартқан, қою мұрты сирегенімен әрбір талы най­задай шәншіліп, тікірейіп атой­лайды. Қазақ даласының әр қиырында кездесе беретін, жауын-шашынға, дауыл мен дүлей құбы­лысқа мойымайтын қара тастан қашалғандай қайратты жүзін әжім торлағанымен, баяғы студенттік шақтағы сүйкімін жоғалтпаған. Оған қарап отырып: «Осы Әнес жазушы болмаса кім болар еді?», деп қиялдаймын. «Кереметтей сушыл боп өстім. Он жас шамасында төрт-бес шақырымға еркін малтып, көк теңіздің қара тереңдеріне ұзап кететін едім», деген сөзі есіме түсіп, «Еділ мен Атырауда жүрген бір кеменің құлағын ұстар», еді деп шамалаймын. Бірақ ол ойымнан тез айнып: «Жоқ, Әнес Атыраудың аясына сыя қоймас. Кем дегенде алыс қиырларды шарлайтын, көк мұхиттағы алып кеменің тұт­қасында тұратын шығар», деп пайымдаймын. Әдебиеттің қасиетті айдынында еркін жүзген қуатты талант иесі қайда жүрсе де өзіне лайық орнын табатыны анық.

Сұлтан ОРАЗАЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Абай атындағы және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлықтарының иегері 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

14.12.2017

Қостанайдың Жітіқара ауданында заманауи астық сақтау  қоймасы ашылды

14.12.2017

Ақмола облысында Біржан сал ауданы пайда болды

14.12.2017

Студенттер «ақылды үйде» тұрады

14.12.2017

Болашақ журналистер «Егемен Қазақстанда» қонақта болды

14.12.2017

Келіншектің баласы (баллада)

14.12.2017

Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы өтті

14.12.2017

Қостанай облысында шалғай ауылға су құбыры тартылды

14.12.2017

«Алаш жолы» атты кітап жарық көрді

14.12.2017

Қостанай облысында екі бірдей елді мекенге көгілдір отын келді

14.12.2017

Тәуелсіздікке тарту: Созақта жаңа 6 нысан пайдалануға берілді

14.12.2017

Сенат комитеті Кеден кодексінің жобасын қарады

14.12.2017

Халифа Алтайдың жары өмірден өтті

14.12.2017

Меморандум мақсатына жете алмады

14.12.2017

Тележурналист, майталман дубляжшы, режиссер Әсемғазы Қапанұлы қайтыс болды

14.12.2017

Валерий Карпин Павлодарға келді

14.12.2017

Ақтау халықаралық әуежайы 1 миллионыншы жолаушыға қызмет көрсетті

14.12.2017

Түпқараған ауданының ахуалы айтылды

14.12.2017

Марат бастамашы болған марафон

14.12.2017

«Қансонар» қанат жайып келеді

14.12.2017

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы талқыланды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Әділеттің ақ жолынан Трампша аттау

Жуырда АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимді Израильдің ас­та­на­сы дегенді мойындап, АҚШ ел­шілігінің Тель-Авивтен сол қалаға кө­шірілетінін мәлімдеді. Үстіміздегі жылдың маусым айында ғана елші­лікті көшіруді кейінге қалдырған Трамп­тың бұл шешімі қандай да бір қы­сы­мның күштілігінен екені көрініп тұр.   

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Дарын мен қарым

Дарын – тағдырдың сыйы. Ұстай алсаң құстай ұшасың, ұстай алмасаң мұрттай ұшасың. Ұстай алғанның қарымы зор. Бағы биік. Затына қарай аты, еңбегіне қарай өнбегі телегей теңіз. Ұстай алмағанның ұсқыны кірмейді. Қадамы ілгері жүрмейді. Қанша жетектегенмен, қамқорлық көрсеткен кері кетіп, күндердің күнінде күлкіге айналып, көлденең «кермеге» ұрына береді. Мұны өмір сабағына көз жібергенде көріп-біліп отырмыз.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Абыздар мен Алыптар

Кезінде қазақ әдебиетінің классик ақсақалы Ғабит Мүсіреповтің «Социалистік Қазақстан» газетінде шыққан «Дәстүр және жаңашылдық» деген мақаласы жан сарайын өзі айтатын есрафіл самалындай желпіп, зиялы қауым мен жазушы жамағатқа кеңестік тымырсықтың көбесін сөккен сәуледей әсер етіп еді. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Елуден кейінгі өмір

Қазіргі қоғамымызда қызықты өзгерістер жүріп жатыр. Соның бір­азы адам жасына да қатысты.

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Билер соты

Ұлы Дала өркениеті тарихында Билер сотының құқықтық, саяси-әлеуметтік, тарихи-мәдени, рухани-дүниетанымдық, ұлттық-халықтық, философиялық құн­дылықтары айрықша. 

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу