Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2017

«Ізбасар» көрмесі бабалардан қалған ізді айғақтайды

924 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көшпелі бабалардың айтулы өркениетінен хабар беретін «Есік» мемлекеттік қорық мұражайы күллі әлемді өзіне қаратқан атақты «Алтын адамымен» танымал. Мұражай қызметкерлері көрме, шаралар ұйымдастырып жатса, Есік аумағынан табылған сақ заманының ескерткіштерімен, ең бастысы, ұлттың брендіне айналған «Алтын адаммен» танысып қайтарыңа бек сенімді болып барасың. Шынында да солай. Алты жыл бұрын ғылыми нысан ретінде тіркеліп, 2011 жылдан бастап мемлекеттік лицензия негізінде археологиялық жұмыстар жүргізіп келе жатқан «Есік» қорық-музейі ашылғалы бері алуан тақырыптағы көрмелер өткізуді дәстүрге айналдырған.  

«Ізбасар» көрмесі бабалардан қалған ізді айғақтайды

Әрбір көрме – белгілі бір жетістіктердің жиынтық көрсет­кіші. Ал бұл жолғы тарихи-танымдық қырынан гөрі адами құндылықты дәріптеуге көбірек бағытталған «Ізбасарлар» атты көрме ілгеріректегі көп шара­ның ешқайсысына ұқсамады. Көрме­нің көтерген аса маңызды тақырыбының бірі экология болды. Себебі қорық-музей тек қана тарихи құндылыққа ие артефактілерді сақтаушы ғана емес, сонымен бірге 68 га жерді алып жатқан аумақтың табиғи қалпын сақтауға да үлес қосады. 

«Ізбасар» дегеніміз, аты айтып тұрғандай, өткен ата-бабалары мұра етіп қалдырған адамгершілік қасиеттер мен құндылықтарды сақтай отырып, өзіне тән уақыт кеңістігінде бабалар ізімен жүретін жан. Музей­дің ғылыми хатшысы Досым Зікірияның айтуынша, көрмеде негізгі бес түсінік көрініс тапқан. «Ізбе-із» – шәкірттері ұстазының ізімен жүреді. «Есік» қорық-музейі үшін ондай ұстаз «Алтын адамды» тапқан авторлардың бірі Бекен Нұрмұхамбетов болды. Сондай-ақ Төрәлі Төлегенов, Алексей Чекин, Ермек Жасыбаев, Әсел Омарғазиева сынды біз­дің ғалым-археологтарымыздың кә­сі­би тұрғыда қалыптасуында өзінің ізін қалдырды. Ол біздің жүрегімізде мәңгілік орын алды. Біздің қорғандардағы ізіміз, оның да ешқашан өшпейтін, шайылмайтын ізі десек жарасады» дейді. Ал «із» қандай болады? Алуан түрлі болатыны ақиқат. Көрмеде бабалар қалдырған «іздің» өзгешелігі жеке-жеке талданды. Олардың қатарында еліміздің түрлі аймақтарынан табылған жерлеу жоралары мен қыш өнеркәсібінің, жәдігерлерде көрініс тапқан түрлі мәдениет іздерін айтуға болады. 

Музейге мектеп оқушылары мен басқа өңірден келетін адамдар көбірек мейман болатындықтан, олардың қызығушылығын ояту үшін көрмеде археологиялық қазба жұмыстары кезінде, соның ішінде биыл, 2017 жылы табылған, бабалардың аса құн­ды ізі ретінде сақталған ана­ғұрлым маңызды жәдігерлер тура­лы мәлімет берілді. Мұнда сақ амфорасы, жұмбақ бейнелі қоңырау секілді сирек кездесетін жәдігерлер назарға ұсынылды. 
Расында да Бекен Нұрма­хамбетовтің академиялық тұр­ғыдағы теориялық білімін былай қойғанда, Ә.Марғұлан мен К.Ақышевтармен бірге жүріп, археолог ғалым ретінде алпыс жыл бойы жинаған далалық тәжірибесі өзінен кейін келген талай жас буынның кәдесіне жарады. Бақилық болғанша арқасынан дорбасы, қолынан күрегі түспей жастарға жол көрсетіп, «алтын» шығатын жерді сұңғыла ақылмен танып, көптеген экспедицияларға басшылық жасады. Көрменің ғылыми қызметкерлері сол экспедицияларда табылған бабалар мұрасының тарихи маңызын түсіндіре келіп, оқушылардан: «Бекен аталарың және басқа да тарихшы аға-апаларың тарихты жаңа сатыға көтеретін баға жетпес жәдігерлер тауып, із қалдырды.

Ал сендер соңдарыңа қандай із қалдырасыңдар?» деген сұрақ қойды. Себебі көрмені ұйымдастырудағы көзделген түпкі мақсат осы сұрақтың жауабына келіп тірелетін-ді. «Мәдени қабат – мәдени із» бөлімінде бола­шақ ұрпаққа бүгінгі буын­ның қандай із қалдыратыны тура­лы ой қозғалады. Мың рет айт­қаннан бір рет дәл осылай көз алдыда нақты мысал арқы­лы көрсеткен ғылыми дәлелге бейжай қарай алмаған көрме тама­шалаушылары «Мен – ізба­сармын» бөлімінде жекелеген жәдігерлерден алған әсері туралы, табиғатты аялауға қатысты тілегін жазып қалдырды. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, 
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ