Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2017

Ақтөбеден аспан әлеміне бастаған жолға 50 жыл

511 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қиялға қанат бітіретін ғаламаттың бірі өзінің құпиясын әрі барлық қыры мен сырын ішіне бүгіп жататын шеті мен шегі жоқ аспан әлемі десек, қателесе қоймаспыз. Түнгі жұлдызды аспан, көк жүзіне қонақтаған әсем ай, құс жолындай сағымданған жеті қарақшы, таң ата туатын шолпан жұлдыз кімдердің арманын алысқа самғатпады дерсіз. Жеті қабат көктің сырын білуге бала көңілдің бәрі де құштар болғаны айдан анық. Ақтөбеде бұдан тұп-тура 50 жыл бұрын ашылған планетарий осы армандар мен қиялдарды одан әрі ұштауға, жас өспірімдерге жұлдызды әлемнің астарлы сырын ұғындыруға қызмет жасап келеді. 

Ақтөбеден аспан әлеміне бастаған жолға 50 жыл

Осыдан жарты ғасыр бұрын құрылған айрықша орталықтың дәл бүгінгі күні де елімізде ешқандай баламасы болмай отыр. Өз қызметін тәуелсіз елімізде дербес өз жолы бар салалар ретінде танытып үлгерген астраномия және ғарыш салаларымен тығыз байланысты жүргізіп отырған Ақтөбе планетарийінің жолы айырықша. Еліміздің қоғамдық және мәдени өмірінде алатын орны бөлек. Бұл ерекше орталық қазіргі күні аспан денелерін зерделеуге қатысты барлық талаптарға жауап бере алады. Әсіресе оның алдағы мақсатын жоғарыда аталған салалармен байланыстырғысы келетін жеткіншіктерге тигізетін шапағаты мен тағылымына ешқандай баға жетпейді. Аталған планетарийдің директоры Қорлан Бөлеков бізге өз ой пікірін былайша жеткізді.

-Қазіргі таңда ұжымда жиырма адам жұмыс жасайды. Бізде түнгі аспанда жымың қаққан жұлдыздармен іштей сырласқысы келетіндерге арналған арнайы бөлме бар. Оған бір мезгілде елу адам сыя алады. Кім-кімде өзгеше бір жұлдыздар әлеміне кіруге қызығушылық танытқандар осы арадан келген мақсаттарына жете алады. Дамудың бүгінгі қарқынды кезеңі планетарийдегі техникалар мен қондырғыларды ұдайы жаңғыртып тұруды қажет етеді. Бүгінгі кезде осындай жоғары талаптар үдесінен шығуға ұмытылып келеміз.

Ақтөбе планетарийі жас талғамайды . Оның қызметімен танысқысы келген үлкен де кіші де мұнда аспан әлемінің қыр-сырына қаныға алады. Бұл бағытта арнайы ашылған үйірмелерге қатысуға ықылас білдірген ұл-қыздар да жеткілікті. Олардың арасында халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүргендер де бар. Планетарийге келушілер қай кезде де толастаған емес. олар бұл арадан жұлдызды әлем-күллі әлем екен-ау деген ой жетегінде тарқасады.

Темір Құсайын

"Егемен Қазақстан"

Ақтөбе