Медицина • 08 Желтоқсан, 2017

Ысырапшыл дәстүрден арылайық!

1483 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Түн мезгілі. Қаралы үйде отырғандардың қарасы көп емес. Үнсіздікті «Келінді шақырыңдар», деген қарияның дауысы бұзды. 

Ысырапшыл дәстүрден арылайық!

Жасы үлкен кісіге келін болғанымен өзге отырғандарға апа-ана жасына жеткен әйел есіктен кірген бойда босағаға, дуалға арқасын сүйей отыра беріп: «Не айтасыздар?!», дегендей жұрт отырған жаққа бір көз жүгіртіп өтті. 

– Ал келін қарағым, «Болған іске болаттай берік бол», деген, тағдырдың ісі. Өмірлік се­рігің еді, тағдырдың ісіне не амал бар, арты қайырлы бол­сын. Енді ана балаларға ие бол, құдай саған қуат берсін! «Орнында бар – оңалар», деген емес пе, балаларың аман болса әлі-ақ жетіліп кетесіңдер. Ке­лін түсірдің, немере сүйдің. Ал­ла тағала алдағы өмірлеріңе жақсылық жазсын. Өмірден озған ініміздің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!», деп әлгі төрде отырған қария қара жамылған келініне көңіл ай­тып, біраз тілегін жеткізіп ал­ды да сөзін әрі қарай жалғап:

– Ал енді тірі адам тіршілігін жасау керек қарағым, ертең ел­ге беретін жыртыс, телім-тә­бәрік деген болады, ініміз жас емес, пайғамбар жасынан асты, сол жол-жоралғыларды біз де жасауымыз керек. Бұл бір, екін­ші қабірдің басынан келген соң сүйекшілер мен жиналған жұртшылыққа берілетін ас-ауқат тағы бар, – деп келініне сұ­раулы кейіппен қарады. 

– Кемінде 20-30 адамға те­лім, қалған жұртшылыққа бір-бір орамалдан жыртыс-тәбәрік берілу керек шығар, – деп отыр­ғандардың бірі өз ойын қос­ты. Осы арада әлгі сөз бастап отырған қария:

– Шамамен қанша адамға ас әзірлесек болар екен? – деп ке­ңес­кендей сыңай танытты. 

– Кемінде 250-300 адамға ас әзірлеу керек шығар, шамасы солай сияқты. Бұл қапталда отырған ағайынның сөзі. Жи­нал­ғандар кететін шығынды есеп­­теп, сомасын шығарды. Сөйт­ті де:

– Келін шырақ, сен осы қаражатқа әрекет жаса, ал біз осындағы ағайын-туыс, ауыл­дас­­тар болып түнімен мал со­йып, ертеңгі іске кірісеміз, – деп әлгі қария сөзін түйіндеді.

– Рахмет сіздерге, ал мен мы­­на сіздер есептеген қаражат­ты­ өсімге алсам да қалайда таба­мын, – деген қосағынан айырылып, қара жамылып отырған әйел жан-жағына жалтақ-жал­тақ қарап, әзер дегенде орнынан тұрды. Осылай біреуден іл­гері, біреуден кейін дегендей ор­та құбыл өмір кешіп келген марқұмды о дүниеге шығарып салу үшін түнде бір жылқы, үш-төрт қой, өрік-мейіз, қазы-қарта, тәтті-пәтті әзірленді.

Ал түнімен жүріп есік қаққан Тә­тіміш апа бір-екі жерден өсім­ге ақша әкеліп, жаратты да: «Өмірде серік болған қосағым, бала-шағамның әкесінен немді аяймын, аруағы риза болсын, алған процентімді азын-аулақ зейнетақымнан шетінен төлеп құтылармын, құдай амандығын берсе», деп өз көңілін өзі демеді.

Әлгі шығын шығын ба, бұл үйде марқұмның аруағына арналып жеті күндігі, апта сайын бейсенбілік, одан соң қырық күндік асы берілді.
Осыншалық ауыртпалық, қай­ғы-қасірет пен қара жамылып отырған отбасының жағ­дайын көріп-біліп отырып ой­лан­басқа бола ма? Көрмеген, білмеген болып теріс қарап жүре беруге дәтің шыдамайды екен. Бұл жағдайларға байланысты Құран кәрім мен хадис шарифтерде айтылған не бар өзі? 

Сан сұрақ. Ал хадис шарифтерде айтылған талаптарға құлақ түрсеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Ас-ауқатты ысырап­шылдыққа салып, өсім берудің өзі (процентке ақша берудің) үлкен күнә екен. Тұла бойың діріл­деп, жүрек зуылдайды.­ Қа­рап отырсақ, осының бәрі­ өзіміздің қолдан жасап отыр­ған шығынымыз бен шырылымыз екен. Әйтпесе мұсылман­дық, имандылық пен әдет-ғұ­рып­тарды уағыздайтын кі­тап­­тардың ешқайсысында да мар­­құмды аста-төк дастарқан жасап, ысырапшылдықпен шы­ғарып сал, бейсенбі сайын Құ­ран оқытамын деп ас беріп отыр деген сөз жазылмаған да, на­си­хатталмапты. Керісінше, дас­тарқан жайып, үстіндегі наннан бір үзіп жеп, Құран оқысаң да сауабы тиеді екен.

Осы айтылғандардың бәрін ой елегінен өткізген Бәйдібек ауда­нының қариялары аудан имамы Серғали Байниязовтың бас­тамасымен соңғы айларда өлік шыққан үйде аста-төк­ ас беруді тоқтатып, тек қана бірлі-жарым алыстан келген қо­нақтарға ауылдастары әкел­ген астан дәм татқызатын жүйе­ні қалыптастырды.

Рас, бала кезімізде қайтыс болған үйге көрші-қолаң бі­рінен соң бірі табақ көтеріп ке­ліп, дас­­тарқанның үстіне нан-тоқа­шын салып жататын. Келген қонақтарды да сол өздері күтіп, жүгіріп жүретін. Ал үйдің иелері болса бірнеше күн бойы аза тұ­тып, әйел балалары жоқтау айтатын. Кейін келе-келе кейбір дүмше молдалар: «Жоқтау айтып, дауыс шығара жылау ол Ал­ла тағалаға қарсылық болады», дегенді айтып, шолақ уағыз жа­саумен тоқтатып тастағанын да білеміз. Сөйтсек, жоқ Құран кәрімді тереңірек оқысақ, олай емес екен. Жылаудың да, жоқ­таудың да өз жолы, өз сөзі, өз ма­ғынасы болатынына көзіміз жет­ті.

Иә, сол бала кезімде ата-ана­мызға ілесіп барып жүріп кей­бір үйлердің есігінің алдында төңкерулі жататын қара қа­занды көретінбіз. Сөйтсек бұл дегеніңіз өлік шыққан үй­де үш не жеті күнге дейін қа­зан көтерілместен, сол жеті күн­ өткеннен соң барып әл­гі төң­керілген қазан қайта оңға­рылып, орнына қойылады да, ас әзірленеді екен. Сонда бұл нені білдіреді? Әрине онсызда адамынан айырылып, қара жамылып отырған отбасына артық салмақ салып, шығынға жол берілмесін дегендік екен ғой.

Бәйдібектік қариялар, ардагерлер кеңесі мен ауылдың билері, әжелер алқасы мен тағы басқа қоғамдық ұйымдар болып бас қосқан алқалы жиында бейсенбілік беру мәселесі де сөз болды.

– Бұл бейсенбілік деген бар адамға білінбес, ал кей­бір от­басыға әжептеуір-ақ шы­ғын, ауырт­палық әкеледі. Бей­сенбілік беру деген еш жерде, діни кі­тап­тардың ешқай­сысында да айтыл­маған. Олай болса аруаққа арнап кез келген уақытта Құран оқыта берсе болады ғой. Оған соншалықты мал сойып, базар барудың не қажеті бар? – дегенді айтып, ой тастады Аулақұл Әбе­нов деген ақсақал.

Бұл пікірді екеу қостады, біреу қостамады. Бірақ айналып келгенде көпшілік: «Қайтыс болған кісінің жетісі, қырқы мен жылын ғана беру керек шығар. Тіптен жүздігін өткізу деген де артық мәселе», деген пікірге тоқтап тарасты. 

Аз айтып, көп айтқанда бір­ Алла тағаланың көзі тура бол­сын! «Дәстүрдің озығы бар, тозы­ғы бар», демекші жол­дан­­­ қосылған кейбір дарақы дәс­түр­лер­ден де арылғанымыз да жөн болар. Жасы 70-80-90-­ға келген қарияларға ғана: «Тәбә­рік болсын, жасымыз со­ған жет­сін!» деп ырымдап, жыр­тыстың берілгені де дұрыс шығар, ал былай әйтеуір жаппай жыртыс, телім үлестіре беру­ді мен өзім дүние шашу деп білемін. Әрине бұл менің же­ке өз пікірім ғана. Ал халық, имам­дар не дейді екен? 

Серікбай ТҰРЖАН,
Бәйдібек ауданының құрметті азаматы,
Шаян ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Оңтүстік Қазақстан облысы