Әлем • 08 Желтоқсан, 2017

Шығыс Еуропа Шығысқа көз тігеді

2860 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еуропаның озық ойлы ақы­­лының жемісі – Еуро­па­лық одақ кәрі құрылықты ойсыратқан соңғы экономикалық дағдарыстың, «ға­сыр қасіреті» атанған босқын­дар­ пробле­масының бетін қай­та­рып, ХХІ ғасырдың екінші он­­жыл­­­дығындағы алғашқы қар­қын­ды даму жолына шықты. 

Шығыс Еуропа Шығысқа көз тігеді

Са­рап­шылардың айтуынша,­ соң­ғы­ уақытта Еуропалық одақ­ эко­­­номикасы (еуропалық өл­шем­ бойынша) жоғары өсімге қол­ жеткізіп, Таяу Шығыс пен­ Сол­­түстік Африкадан толас­сыз ағылған мигранттар тасқы­ны­нан сәл тыныстап, жедел күш жия бастады. Еуропалық Ор­талық банк төрағасы Марио Дра­­­гидің пікірінше, еуроаймақ эко­­номикасының өсімі соңғы 20 жыл ішіндегі ең жоғары дә­ре­жеге жетіп, үстіміздегі жыл­­­дың үшінші тоқсанында аме­рикалық экономикалық өсім көр­­сеткіштерінен асып түс­кен көрінеді. Еуропалық одақ же­тек­шілерінің көңіліне қанат бі­тіріп отырған тағы бір жетіс­тік, Германия сияқты ірі эконо­ми­калардың өсімімен бірге, дағ­дарыстан тұралаған Италия эко­номикасы сияқты орташа дең­гейдегі экономикалардың да жо­ғары өсім көрсеткіштеріне қол жет­­кізуі болып отыр.

Әсіресе, Шығыс Еуропа ел­деріндегі экономикалық өсім­нің жоғары қарқыны сарапшыларды таңдандыруда. Мәселен, үстіміздегі жыл­дың үшінші тоқ­са­­нының қорытындысы бойын­ша Румыния елінің экономикасы 8,8 пайыз өсімге қол жеткізді. Бұл еуропалық өлшем бойынша рекордтық көрсеткіш болып табылады. Польша және Че­хия елдерінің экономикасы да бұрын-соңды болмаған қар­­қынмен дамып, үшінші тоқ­­­санды 5 пайыздан жоғары өсім­мен аяқ­тады. Шығыс Еуропа елде­ріндегі экономикалық өсім­нің жо­ғары деңгейі төртінші тоқ­санда да қарқынынан жаңы­лар емес. Жалпы, еуроаймақ эко­­­но­­микасының өсімі үшінші тоқ­сан­ның қорытындысы бойынша 2,5 пайыздан асып түсті.

Осы ретте Еуропалық одақ дегеніміз не екеніне қысқаша тоқталып өткен артық болмас. Кәрі құрылықтың дамыған мем­лекеттері осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын ЕО-ның ір­ге­тасын қалады. Алдымен бұл одақ алты мемлекеттің (Бел­гия, Германия, Италия, Люк­сембург, Нидерланд және Фран­­­ция) басын біріктірсе, бү­гінде бұл интеграциялық құ­ры­­лымға кәрі құрылықтың 28 мемлекеті мүше болып та­бы­лады. Құрамына кіретін мем­лекеттердің экономикалық даму деңгейінің әртүрлі болуына қарамастан, ЕО 500 миллионнан астам адамды біріктіретін әлемдегі ең бай экономикалық одақ болып табылады. Оның біріккен ІЖӨ көлемі 15 триллион АҚШ долларынан астам қаржыны құрайды. Бұл әлемнің ең ірі экономикасы – АҚШ-тың ішкі жалпы өнімінің көлеміне пара-пар. Экономикалық одақ 1992 жылы Маастрихт шарты бойынша заңды түрде бекітілген. Соған сәйкес ортақ рынок және ортақ валюта жұмыс істейді. ЕО-ға мүше елдердің іс жүзінде экономикалық тәуелсіздігі шектелген. Еуропалық одақтың экономикалық саясатын бір ор­та­лықтан Брюссель жүргізіп оты­ра­ды.

Еуропалық одақ құрамын­дағы Шығыс Еуропа елдері эко­номикасының соңғы кезең­дегі жоғары қарқынмен дамуы Брюс­сельді бір жағынан қуант­са, екінші жағынан ерекше алаң­датып отыр. Оның ең басты себе­бі, соңғы уақытта Шығыс Еуро­па­ елдеріне Қытайдың экономи­калық ықпалы күшейіп барады. Брюссель 16+1 форматындағы платформаны Қытай тарапы біріккен Еуропаның берік ере­желерін әлсірету үшін пайдаланып кете ме деген сенімсіздік танытады. Брюссельдің бұл күді­гі негізсіз де емес. Қытайдың эко­­но­микалық әлеуеті мен ше­тел­­дердің инфрақұрылымдық жо­баларын қаржыландыруға деген құлшынысы жылдан-жыл­­ға артып келеді. Ал Шығыс Еуро­паның кедей елдері үшін эко­номикалық даму ке­зе­ңі қар­­­қындап тұрған кезде­ Қы­­­тай инвестициясы ауа­дай қа­жет. 16+1 форматына кіретін Венгрия, Болгария, Румы­ния, Польша, Босния және Гер­цеговина, Сербия, Хорватия, Сло­­вения, Словакия, Албания, Ма­кедония, Черногория, Че­хия, Литва, Латвия және Эсто­ния мемлекеттері ҚХР-мен ты­ғыз экономикалық байла­ныс жа­­сағаннан ұтпаса, ұтылмай­тынына сенімді. Тіпті олар Қы­таймен экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ерекше құлшыныс танытуда. Мәселен, Венгрия соңғы уақытта Аспанасты елімен байланысқан экономикалық ынтымақтастыққа – «Шығысқа ашылған терезе» деп баға берсе, Сербия – «Аспанасты елімен шынайы достық жемісі», ал Польша бұл экономикалық қарым-қатынасты «шексіз мүм­кіндік» деп бағалауда.
Бұл ретте Венгрияның пре­мьер-министрі Виктор Ор­бан «Әлемдік экономиканың қоз­ғаушы күші Батыстан Шығыс­қа, Атлантикадан Тынық мұхиты аймағына ауып барады. Батыста бұл құбылысты байқамауға тырысады, бірақ ол ағаттық. Бұл менің ғана пікірім емес, бұл – факт», деп атап көрсетті. «Қыт­ай үшін Шығыс Еуропаның 16 мемлекеті сауда-саттық әріп­тестер ғана емес, сонымен бірг­е Еуропалық одаққа апаратын ал­тын көпір», – дейді CSIS ор­талығы азиялық жобасының дирек­торы Джонатан Хиллман.

Қалай болғанда да, Қытай Шығыс Еуропа елдеріне ин­вес­­тиция салуға барынша­ құл­шыныс танытып отыр. Ал 16+1 форматындағы елдер ­үшін Қы­тай инвестициясы инфра­құры­лымдық жобаларды жандандырып, экономикалық өсімге қол жет­кізудің бірден-бір тиімді кө­зіне айналды. Вашингтондағы Халық­аралық стратегиялық зерт­­теулер орталығының (CSIS) мә­лі­меті бойынша, 2012 жылдан бері Еуропаның осы 16 мем­лекетіне салынған ҚХР инвес­тициясы 15 миллиард доллардан асқан екен. Алдағы уақытта Сер­бия инфрақұрылымдық жобалар үшін Қытайдан – 1,9 миллиард, Венгрия – 1,5 миллиард, Чехия 3 миллиард инвестиция тартқалы отыр.

Экономикаға салынған ше­тел­дік инвестициялар Шығыс Еуропа елдерінің қаржылық жағ­дайын жақсартып, банктерінің табыспен жұмыс істеуіне жағ­дай туғызды. Bloomberg агент­тігінің мәлімдеуінше, Шығыс Еуропаның банк секторы биылғы жылды өте жоғары табыспен қоры­тын­дыламақ. Мәселен, үсті­міздегі жыл­дың өткен тоғыз айының қо­ры­тындысы бо­йын­ша, Польша банктерінің жал­­пы таза табысы 8 пайыз өссе, Венгрияның ОТР банкі осы мерзім ішінде табысын 20 ­пайыз­ға арттырды. Шығыс Еуро­па елдері банктерінің табысты жұмыс істеуі тұрғындардың банктегі депозиттерін көбейтуге мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде халықтың тұтынушылық сұранысын арттырып, ішкі рыноктың қарқынды дамуына қозғау салды.

Еуропалық одақ мемлекеттері экономикадағы қазіргі қарқынды өсімді елдің әлеуметтік саласының онсыз да жо­ғары әлеуетін арттыруға бағыт­тамақ. Нақ осы мәселе Гетеборг қаласында өткен Еу­ропалық одақ елдерінің сам­­ми­тінде жан-жақты тілге тиек етілді. Сарапшылардың бірауыз­ды пікірі бойынша, Еуро­падағы экономикалық табыс­ты даму үрдісі келесі жылы да жал­ғасын та­бады. 

Еуропалық одақ эконо­мика­сының жандануы Қазақстан эко­номикасы үшін де тиімді бол­мақ. Себебі ЕО Қазақстанның ең­ ірі сауда-экономикалық және ин­вес­­тициялық серіктесі болып табылады. Мәселен, «РФЦА рей­тингтік агенттігі» АҚ-тың дерегі бойынш, Қазақстан 2005 жылдан 2017 жылға дейін экономикасына 243 миллиард тікелей шетел инвестициясын тартса, оның тең жартысына жуығы Еуропалық одақтың үлесіне тиеді екен. Ендеше бұл ірі экономиканың даму қарқыны артса, еліміздің экономикасына да тың серпін әкелетіні даусыз.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»