11 Желтоқсан, 2017

«Отты нүктелер». Опат болған журналистер

798 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аумалы-төкпелі мына заманда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – журналистердің қызметтерін атқаруы барысында қапыда қаза табуы жиілеп кетті. Тіпті алаңдатарлық жағдайға жетті. Халықаралық журналистер федерациясының мәліметтері бойынша, 1990 жылдан бері 2350-ден астам журналист өздерінің міндетін орындау кезінде қаза тауыпты.

«Отты нүктелер». Опат болған журналистер

Әлемнің кез келген нүктесінен қалың жұртшылыққа ақпарат-хабар жеткізетін журналистер негізінен жарылғыш құрылғыларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын террорлық әрекеттер, қарулы қақтығыс және оларды арнайы тапсырыспен ұрлап әкету салдарынан құрбан болады екен. Мұндай адам өлтіру сипатындағы қылмысты тергеу, сондай-ақ оны ашу, кінәлілерді жазаға тарту аса қиын көрінеді. Осы тектес қылмыстардың оннан бірі ғана ашылған.

Өткен 15-20 жыл аралығында журналистер үшін ең қауіпті мемлекет ретінде Ирак елі танылды. Бұл елде орын алған қарулы қақтығыстар мен жарылыстардың, неше түрлі террорлық әрекеттердің кесірінен бұқаралық ақпарат құралдарының 310 өкілі құрбан болған. Сондай-ақ аталған кезең аралығында Филиппинде 146 журналист, Мексикада – 120, Пәкістанда – 115, Ресейде – 109, Алжирде –106, Сомалиде – 75, Сирияда – 67 және Үндістанда 95 журналист өзінің қызметтік міндетін орындау кезінде мерт болып, отанына немесе отбасына оралмады. Ал Халықаралық журналистер федерациясы 2015 жылдың бір өзінде журналистер ең көп қаза тапқан үш ел – Франция, Ирак және Иеменді атады.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өліміне кінәлілердің жазаланбауына алаңдаушылық білдіре келіп, 2013 жылдың 2 қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясы осы күнді Журналистерге қарсы қылмыстары үшін жазасыздықты тоқтатудың халықаралық күні деп жариялау туралы қарар қабылдаған еді. Бүгінде бұл мәселеге ЮНЕСКО да назар аударып отыр. Өкінішке қарай, оқырман мен көрерменге хабар-ақпарат таратушы қорғансыз журналисті қасақана оққа байлау, ұрлап әкету, соққыға жығу, қорқыту оқиғалары азаяр емес. Қайта көбейе, өсе түскен сияқты. Мысалы, биылғы жылдың он айында 49 журналист қаза тапқан.

Журналистік қызметіне байланысты өлтірілген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де аз емес. «Шекарасыз репортер» құқық қорғау ұйымының келтірген деректеріне қарағанда, 2015 жылы қаза тапқан 110 журналистің үштен екісі олардың журналистік қызметіне байланысты мақсатты әрекет жағдайында өлтірілген. Нақты айтқанда, олардың көзін жою жөніндегі шешім алдын ала шығарылған немесе қабылданған. Сондай-ақ дәл сол жылы әлем бойынша күш көрсету арқылы құрбан болған журналистер 69 адамды құрапты. Бұл одан бір жыл бұрынғыдан сегіз адамға көп екен.

Қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан барлық журналистердің 40 пайызын «Әл-Каида» және «Ислам мемлекеті» террористік ұйымдарының содырлары өлтірді деген дерек те бар. Ал қазіргі уақытта журналистер үшін ең қауіпті ел тағы сол Сирия деп аталып отыр. Бір жақсысы, бұл мемлекетте соңғы кезде «журналистерді өлтіру» оқилары біршама азайған. Өйткені бүгінде Сириядағы әскери қимылдарға шетелдік БАҚ-тар репортерлерін өте сирек жібереді. Ел аумағынан сириялық журналистерді де кездестіру қиын. Алты-жеті жылға созылған азамат соғысы олардың да қатарын едәуір азайтып жіберген.

Әскери жанжалдар мен қарулы қақтығыстар жүріп жатқан жерлерден тыс аймақтарда да БАҚ өкілдерінің өмірі қиылатын қайғылы жағдайлар кездесіп жатады. Ана бір жылы Париждегі «Шарли Ебдо» сатиралық журналының редакциясына қарулы шабуыл жасалды. Қаза тапқан 12 адамның жетеуі осы журналдың қызметкерлері болатын. Сондай-ақ биылғы жылдың қарашасында Ауғанстан астанасы Кабулдағы «Шамшад» телеарнасының кеңсесі де осындай шабуылға ұшырады. Салдарынан телеарнаның екі қызметкері оққа ұшты. Мұндай қайғылы оқиғаның қатарына өткен жылы Ауғанстан аумағындағы «Толо» телеарнасына жасалған террорлық шабуылды да қосуға болады. Сол қайғылы оқиғаның кесірінен телеарнаның жеті қызметкері қаза тапқан еді.

Бүкіләлемдік рейтинг «Шекарасыз репортер» ұйымының бастамасымен 2002 жылдан бастап жыл сайын баспасөз бостандығының рейтингін жариялап тұрады. Ол 180 елдегі БАҚ-тардың тәуелсіздігін, журналистердің қауіпсіздігі мен бостандығын бағалауға мүмкіндік береді. Рейтингтің ең басында Норвегия, одан кейін Финляндия мен Швеция тұр.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»