Бокс • 11 Желтоқсан, 2017

Римма Волосенко: Токиода топ жарғым келеді

267 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары елімізде қыздар боксы да қарқынды дамып келеді. Оған бұрымдыларымыздың Олимпия ойындары, әлем және Азия чемпионатында алған жүлделері дәлел. Солардың қатарында астаналық боксшы Римма Волосенко да бар. Жақында ол мұнайлы елдер арасында өткен бокстан әлем кубогында топ жарды. Осыған орай, Римманы жүлдесімен құттықтап, аз-кем әңгімелескенді жөн көрдік. 

Римма Волосенко: Токиода топ жарғым келеді

– Римма, сұрағымызды жу­ырда ғана аяқталған Азия чем­пионатынан бас­тасақ. Сары­құрлық бірін­шілі­гіне қанша уақыт дайын­далдыңыздар?

– Азия чемпионатына жоға­ры деңгейде бару үшін өте ұзақ уақыт әрі тынымсыз дайын­далдық. Әуелі Қытайда сол ел­дің боксшыларымен бір­ге оқу-жаттығу жиынына қаты­сып, спаррингтік кездесулер өткіз­дік. Себебі Азиядағы біздің бас­­ты қарсыластарымыз осы Қытай бокс­шылары. Ал жалпы физикалық дайындығы­мыз­д­ы Алматыдағы AIBA бокс ака­демия­сында шыңда­дық. Чем­пио­натқа соңғы дайынды­ғымызды Ас­танада пысықтап, Вьетнамға сапар шектік. Құрама боксшылары Вьетнамға өте жоғары дайын­дықпен барды деп айта аламын.

– Азия чемпионатындағы алғашқы кездесуіңізде оңтүс­­тік­кореялық қарсы­ла­сы­ңыз­дан тең дәрежеде өткен кез­­десуде жеңіліп қалдыңыз. Төрешілер сізге қиянат жасады деп ойламайсыз ба?

– Жалпы, бокста мынадай сөз бар. Егер төреші рингте сенің қолыңды көтермесе, онда сен жеңілгеніңді мойындауың керек. Сондықтан төрешілер туралы ештеңе айта алмай­мын. Спорт осынысымен қы­зық. Бірде жеңесің, бір­де же­ңілесің. Ал мен осы кез­­десуден кейін жіберген қа­теліктеріммен жұмыс істеу, келесі бәсекелерде жеңіске жету үшін дайындығымды екі есе арттыру керек екенін түсіндім.

– Кездесуден соң сізге ұлт­тық құрама бапкерлері не айтты?

– Әрине, бұл жеңіліс мен үшін де, жаттықтырушылар үшін де оңайға соқпады. Азия чемпионатына тек алтын медаль алып, еліміздің Әнұранын шырқатамын деп барып едім. Дегенмен, бапкерлерім жекпе-жек көңілдерінен шыққандарын, еңсемді түсірмей, алдағы уа­қытта көп жаттығу керектігін айтты.

– Жалпы, спорттың бұл түріне қалай келдіңіз? Бокспен шұғылдану қыздарға қиын емес пе?

– Бокс маған бала кезімнен ұнайтын. Әкем екеуміз теледидардан үнемі кәсіпқой бокстың жекпе-жектерін тамашалайтынбыз. Сөйтіп менің боксқа деген қызығушылығым артып, бокс үйірмесіне жазылуға ниеттендім. Алайда ауылымызда тек волейбол секциясы ғана бар еді. Қалаға келгенге дейін волейбол спортымен айналыстым. Кейін­нен, колледжге оқуға түсіп, бокс залына жазылдым. Міне, сол уақыттан бері боксты жаныма серік етіп келемін. Меніңше, бокс спорты қыздарға қиын емес сияқты (күліп).

– Сіздің пікіріңізше, елі­мізде қыздар боксының дең­гейі қай дәрежеде?

– Қазақстанда қыздар боксы­ның деңгейі өте жоғары. Ерлер дәрежесіне жетпесек те, соған жетеғабыл деп есептеймін. Өйт­кені қазіргі ұлттық құрамада жүрген боксшы қыздардың арасында халықаралық дәрежедегі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шеберлері өте көп. Сондай-ақ бірнеше дүркін әлем және Азия чемпио­н­­дары, Олимпия ойындарының жүлдегерлері де бар. Қазіргі таңда бокстан Қазақстан қыздар құрамасы әлемнің кез келген құрамасына лайықты қарсылық көрсететінін және олар да біздің боксшылармен санасатынын сеніммен айта аламын.

– Келесі жылы қандай ірі додаларға дайындалып жатырсыз?

– Азия чемпионатынан соң ұлттық құрама бапкерлері жаңа жылға дейін демалыс берген болатын. Бірақ күнделікті жаттығу залына барып жүрмін. Ал қаңтар айында толық жаттығуға кірісіп, ел біріншілігіне дайындалатын боламыз. Қазақстан чемпионатынан кейін 2018 жылғы Азия ойындарына және әлем біріншілігіне кімдер баратыны анықталады. Бұйырса, ел чемпионатында топ жарып, ха­лықаралық жарыстарға қа­тысып қана қоймай, еліме жүлде әкелгім келеді.

– Карьераңыздағы ең жар­қын жеңісіңіз қайсы?

– Азия чемпионатынан кейін жеке бапкерім Берік Мар­жықпаевпен бірге Ресейдің Белоярск қаласында мұ­найлы елдер арасында өткен әлем кубогына қатысып, топ жардым. Осы жеңісім арқылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. Карьерамдағы ең жарқын жеңісім деп, осы жетістігімді айтар едім. Бұл жеңісті ешқашан ұмытпаймын. Мұнайлы елдер арасындағы жарыста бұрын Қазақстаннан Марина Вольнова ғана жеңген болатын. Енді, мен де мұнайлы өлкенің чемпионы болдым. Азия чемпионатындағы сәтсіздігімнен кейін жеке бап­керім Берік Маржықбаев мені бірден осы жарысқа дайындады. Ол кісі тек бапкерім емес, ақылшым әрі жанашырым. Осы орайда мені осындай дәрежеге жеткізген Берік Боранбайұлына өз алғысымды айтамын.

– Қазіргі таңда ерлермен қатар қыздар да дендеп кәсіп­қой боксқа ауысып жатыр. Сіз­де кәсіпқой боксқа ауы­су ниеті жоқ па?

– Шынында да, қыздар ара­­сындағы кәсіпқой бокс та қар­қынды дамып келеді. Деген­мен, кәсіпқой боксқа ауысу ту­ралы әлі ойланып көрмеппін. Менің қазіргі басты арманым – Олимпиада чемпионы атану. Токио Олимпиадасына барып, елімізге алтын медаль әкелгім келеді.

Әңгімелескен

Әли ҚҰДИЯРҰЛЫ

 

Соңғы жаңалықтар