Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2017

Астанада әдеби-сазды бал өтті

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда тұрғындары үшін ұмытылмас кешті Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық акаде­мия­лық кітапханасының ұжы­мы ұйымдастырып отыр. 

Астанада әдеби-сазды бал өтті

Ай­ту­лы шараның «әдеби-сазды» деп аталуы да тегін емес. «Қазақ­стан» концерт залының зәу­лім әрі кең фойесіне кітапхана ұжы­мы «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасымен үндес оқулықтардың көрмесін өткізді. Отандық әрі әлемге танымал ақындар мен жазушылардың үздік туындыларымен бірге, жиналған қауым өткен ғасырдың 30-40 жылдарында латын әліпбиінде жарыққа шыққан кітаптармен танысуға мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, салтанатты думанның басты мақсаты – жастарды мәдениет пен өнерге баули отырып, мәдени жетістіктерді паш ету.

Елімізде бірінші рет өткен әдеби-сазды кеш туралы айта келе Үмітхан Мұңалбаева шараға дайындықтың қызу жүргенін атап өтті. «Біз жұмыстан кейін арнайы жиналып, дайындық жұмыстарын жүргіздік. Сон­дық­тан осынау лирикалық кеш­ті ұйымдастырып отырмыз. Әлеуметтік желі арқылы бар­лық Астана тұрғындары мен мей­мандары шақырылды. Менің ойымша, біздің мәдениет қызмет­керлері бір сәтке тынығып, кеште көңіл көтеруге лайықты», дейді.

Әдеби-сазды кеште елор­дамыздың өнерлі жастары би билеп, өлең оқып, сахналық қойылымдар қойды. Жас өнер­паздарды бір-бірімен таныс­тырып, жақындастыру мақсаты іске асқандай болды. Кештен көңілді қайтқан қала тұрғындары үйлеріне қайтып бара жатқанда, Астана аспанын әлі өлең тербеп тұрған болатын.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген 
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»