Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2017

Ас төресіне адалдық танытайық

442 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел дихандарының биылғы жетістігі бәрімізді қуантты. Ауа райының қолайлы кезеңін тиімді пайдаланған олар жатпай-тұрмай еңбектеніп, астықты төкпей-шашпай жинап алды. Сөйтіп халқымыз­ды ең негізгі аспен толық қам­тамасыз етіп отыр. Бірақ біздің қоға­мымыз нан жолында маңдайтерін аямай төккен ауыл шаруашылығы мамандарының, механизаторлардың, элева­торлар мен диірмен жұмыс­керлерінің, наубайшылар мен нан өнімдерін жақсы сақ­тап, халыққа жеткізетін сатушылардың еңбектерін ескеріп, олардың жұмысын ынталандыра түсуде шорқақтық танытудамыз. Осындай бойкүйездік жылдар бойы жалғасып келеді. 

Ас төресіне адалдық танытайық

Сондықтан Мәжілістегі Халықтық коммунистер фракциясы қоғамның нанға деген солғын көзқарасын жойып, оның қасие­тіне терең бойлауды арттыру үшін «Нан күнін» атап өтуді ұсынып, Премьер-Министр­дің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке ұсыныс жасадық. Ондай мерекелер дамыған елдердің біразында бар. Мысалы, Италия қызанақ, Нидерланд қызғалдақ пен ірімшік, Германия сыра күндерін атап өтеді. Бұл тамақ өнімдері осы елдердің мақтанышы, әрі көп, әрі жоғары сапада өндіріледі. Сол сияқты біздің мақтанышымыз – нан. Қазақстан нанмен 100 млн адамды бір жыл бойы қамтамасыз ете алады. Оның сапасы да бізде біршама жоғары. Көптеген шетелдерге барғанда өзіміздің нанымызды сағынып келеміз. Сондықтан нанға айрықша құрмет ретінде оның күнін белгілеп, халыққа қасиетін білдіріп отыр­ғанның артығы болмас еді. Аталарымыз бен апаларымыз аштық жылдарында бір үзім нанды аңсап, оған жетуді армандап өткен. Қазақ халқы да нанды астың төресі деп ежелден төрден орын береді.

«Нан күнін» кеңінен атап өту – ас төресіне деген құрметті, оның қадірі мен қасиетін өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіру үшін керек. Қарны тойғанда қолындағы нанын лақтыра салатын балдырғандар оның қасиетті ас екенін білсе мұндайды жасамас еді. Сонымен бірге осы күні нан өнімдерінің көрмесін ұйымдастырып, бауырсақ, таба нан, күлше, бөлке, каравай, тоқаштардың дәмін халыққа таттырса – олардың сапасы туралы халықтың өзі де аңыз қылып айтатын болады. Осы күні наубайшылар мен технологтарға, нан сапасын тексеретін медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілсе нұр үстіне нұр. Сонымен қатар дихандар мен элеватор, диірмен қызметкерлері, мамандар еңбектері де ескерілуі керек. Сырқат жандарға, жүре алмайтын адамдарға осы күні нан өнімдері тегін таратылса – мереке даңқы арта түседі. Нан сататын әрбір дүңгіршек, дүкендер бұл мерекеге атсалысса – ол жалпы халықтық сипат алар еді. Ал қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, жазушылар, БАҚ өз тарапынан нанның қадірі туралы халыққа айтып, мерекеге үн қосса – елдің ең үлкен өніміне деген құрмет арта түседі. Мектептер мен балабақшалар да өз хал-қадерінше «Нан күнін» атап жатса – жас өскіндердің санасына нанға деген құрмет ерте бастан сіңе түсер еді.

Владислав КОСАРЕВ,
Мәжіліс депутаты

Соңғы жаңалықтар