Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2017

Ерекше мамандық иелеріне айрықша қолдау қажет

629 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі күнге дейін балет, цирк, хореография және би өнерімен айналысатын әртістердің зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі дұрыс шешімін таппай отыр. Қолданыстағы зейнет­ақы заңнамасында аталған әртістердің зейнеткерлікке шығуы жалпы талаптарға сәйкес болып келеді, яғни ерлер 63,  ал әйелдер 58 жасқа толғаннан бастап зейнетке шыға алады. Енді, 2018 жылғы 1 қаңтардан 2027 жылға дейін әйелдердің зейнеткерлік жасы 63 жасқа дейін бірте-бірте ұлғаятыны мәлім. Әрине, қажетті сома жинақталған жағдайда демалысқа бекітілген мерзімге дейін шығуға болады, алайда аталған әртістердің жалақысы жоғары деңгейде еместігі айдан анық. Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әртістердің жекелеген санаттарының, сондай-ақ жұмыстары белгілі бір тәуекелмен байланысты басқа да мамандықтар қызметкерлерінің зейнеткерлікке неғұрлым ертерек шығу проблемасы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің шеңберінде шешілетінін атап өтуде. 

Ерекше мамандық иелеріне айрықша қолдау қажет

Бірақ 20 жыл бойғы айрықша дене еңбегі мен ерекше өмір салты аталмыш өнерпаздардың 40 жасқа келгенде өз міндеттерін тиісті деңгейде орындай алмауын (әртүрлі аурулар, жарақаттар, ағзаның тозуы және т.б.) және балет әртістерінің кәсібі зиянды мамандықтардың тізіміне қосылғанын ескере отырып, осы аталған өнер иелерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі қайта қаралып, олардың зейнеткерлік жасы төмендетілуі тиіс деп есептейміз. Осы мәселені айтып біз Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадық. 

1991 жылдың 17 маусымында қабыл­данған «Қазақстан Респуб­ли­ка­­сында азаматтарды зейнетақымен қам­сыздандыру туралы» Заңында бұл мәселе қарастырылған еді. Аталмыш санаттағы қызметкерлерге ол Заңда жеңілдіктер берілген. Алайда бұл норма 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қам­сыздандыру туралы» Заңда алынып тас­талды және бүгінгі қолданыстағы Заңға да енген жоқ. Парламент депутаттары осы мәселені палаталар отырыстарында да, басқа алаңдарда да бірнеше рет көтергенін атап өткен жөн. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген болатын. Демек, әлемдік маңызы бар мәдени іс-шараларға, түрлі сайыстар мен конкурстарға қатысып, еліміздің даңқын шығарып, халықаралық аренада Қазақстанды дүние жүзіне танытып жүрген осындай өнерпаздарымызға ауыр дене еңбегінің жүктемесінен  денсаулығы ерте сыр беретіндіктен қолдау көрсетіп, олардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендетуге болады ғой. Сонда жас ата-аналардың бөбектерін ерекше өнерге ерте бастан баулуын да ынталандырып, олардың санын арттырған болар едік. Жалпы, балет өнеріндегі еңбек қалыптағы 18 жастан емес, әлдеқайда ерте, 8-10 жас­тан басталатынын де ескеру керек.

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ,
Сенат депутаты