11 Желтоқсан, 2017

Жамбылдағы көлік жолдарының қыс мезгіліне әзірлігі қандай?

684 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарапайым халықтың қыс қа­мына ерте бастан кірісетіні бел­гілі. Әсіресе ауылды жерлерде мал­ азығын, отын-су дайындау жұмыстары толастамайды. Қы­лышын сүйретіп келе жатқан қыс мезгілінде бұдан өзге мәселелер тағы бар. Ауыл мен ауылдың, қала мен қаланың арасын жалғап жатқан жолдың жайы тұрғындар үшін қай кезде де маңызды.

Жамбылдағы көлік жолдарының қыс мезгіліне әзірлігі қандай?

Халықаралық «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» авто­дәлізі Жамбыл облысы аума­ғы­мен өтеді. «Алматы-Ташкент» тасжолымен күн са­йын мың­даған жолаушы әрі-бе­рі қаты­найды. Сонымен қатар жер­гілікті маңызы бар жолдарды қыс мезгілінде күтіп-ұстау мәсе­лелері де өзекті. Облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасының мәліметінше, бұл мақсатқа соңғы бес жылда 583,2 миллион теңге бө­лі­ніпті. Оның ішінде ағымдағы жылдың күзгі-қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына 233,5 миллион теңге қарастырылған. Жал­пы, бүгінгі таңда жер­гілік­ті атқарушы органдар мен мердігерлер тарапынан жол­дардың қауіпті бөліктері мен асулардағы көктайғаққа қар­сы 17 220 тонна құм-тұз аралас инертті материалдар дайын­далып, тиісті жұмыстар жүр­гізілуде. Ал облыста «Алматы-Ташкент» тас­жо­лы­ның бойында орналасқан Жуалы ауданының Оңтүстік Қазақ­стан облысымен шектесер тұсын­да­ғы Шақ­пақ ата асуы мен Қор­дай ауда­нын­дағы Қордай асуы қауіпті аймақтар саналады. Сондықтан бүгінде инертті материалдар дайындауда осы екі аймақ­қа баса көңіл бөлініп отыр. Сон­дай-ақ қыс мезгілінде облыстық авто­жолдардың ең күрделі 10 шақы­рымын құрайтын Жуалы ауданындағы «Б.Момышұлы-Қыз­тоған» бөлігіне қардан қорғаушы қалқандар өте қажет. Бұл мақсатқа бүгінде облыс­тық бюджеттен 183,0 миллион теңге бөлініп, мердігер мекеме анықталу үстінде.

Ал аудандардағы жолдар­дың дайын­дығы және оны тек­серу нәтижелері қандай? Облыстық құ­рылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма­сының басшысы Әділет Ахатаев бұл ретте Байзақ және Жамбыл аудандарының деңгейі жақсы ба­ғаланып отырғанын жеткізді. Со­нымен қатар Т.Рысқұ­лов, Қордай, Шу, Жуалы және Мо­йынқұм аудандары орта дең­гейде болса, Меркі, Сарысу және Талас аудандары төмен деңгейде болып шықты.

Алайда бұдан бөлек тағы бір мәселе бар. Бүгінде облыста арнайы техниканың саны бас-аяғы 133 бірлік қана екен. Бұл қажетті көлемнің 29,5 пайызын құрайды, әлі де 451 дана техника қажет. Бас­қарма басшысының орынбасары Бақытжан Жәнібеков бүгінгі таңда қажетті техника алу үшін облыстық бюджеттен Қордай, Шу, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарына 400 мил­лион теңге бөлінгенін айтты. Со­нымен қатар бөлінген қаражатқа жыл соңына дейін 19 техника сатып алынатын болады. Бірақ жыл соңына дейін бір айдан астам ғана уақыт қалды. Бұл орайда техника сатып алу мәселесі қараша айының екінші жартысы мен желтоқсан айында шешімін таба ма? «Ол бойынша әр аудан өз өтінімдерін Қаржы министрлігіне тапсырған. Бүгінгі таңда Қордай ауданы порталға шығып қойды. Жел­тоқс­ан айының ішінде бәрі анық­талады», деді Әділет Ахатаев.

Жалпы, облыс аумағында 1237 шақырым республикалық ма­ңы­зы бар автожолдардың бойын­да көліктердің үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қам­та­масыз ету мақ­сатында тәу­лік бойы жұмыс істей­тін диспет­черлік қызмет ұйым­дас­ты­рылған. Республикалық «Қаз­автожол» акционерлік қоғамы Жам­был облыстық филиалының дирек­торы Дәу­рен Тоқтаров Тараз қала­сында және Жуалы, Жамбыл, Т.Рыс­құлов, Меркі, Қордай, Шу және Мойын­құм аудандарында 10 жылыту пунк­ті мен 5 өндірістік база қыс мезгі­ліне дайын екенін ай­тып отыр. Соны­мен қатар қыс мез­гілінде жол қоз­ға­лысы қауіп­сіздігін қамта­ма­сыз ету үшін респуб­ликалық ма­ңызы бар авто­жол­дардың бойына жалпы саны 816 уақытша жол белгілері орнатылыпты.

Жамбыл облысы соңғы жылдары көрші облыстармен жол мәселесіне байланысты келісімшарттарға қол қоюды үрдіске айналдырды. Қатты боран соғып, табиғат тосын мінез танытқан кезде қарды тазалап, жолды ашып болғанша көліктер тоқтатылатын. Биылғы жылы бұл мәселе қалай шешімін табады? Оның үстіне алдағы қыстың оңай болмайтын түрі бар. Қараша айында жауған алғашқы қардың өзі жерге тоң болып қатып қалды. Облыстық маңыздағы жолдардың талдан көлеңкеленген бөліктеріне әлден-ақ қар қатып жатыр. Мұн­дай жағдай қар еселеп жауа­тын алдағы айларда кө­лік қоз­ға­лы­сына кедергі келті­ре­тіні анық. Сонымен қатар об­лыс­тағы Күйік асуында жыл са­йын жолаушылардың жолда қалу мәселесі туындайды. Бұл жыл­да қайталанатын жайт бол­ған­дық­тан оған баса назар ау­да­рыл­­ғаны жөн. Жол жиегін қар­дан қорғайтын қалқан ретінде тал отырғызу да күн тәртібінен түс­кен жоқ.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы