Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2017

Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң жобасы талқыланды

1753 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арынның қатысуымен «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баспасөз мәслихаты өтті.

Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң жобасы талқыланды

«Мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтауда қоға­мы­мыздағы діни ахуал үлкен маңызға ие. Бұл салаға қа­тысты соңғы жылдары әлемде орын алып жатқан құбылыстар қо­ғам­дық қатынастар жүйесі мен мемлекеттік құрылымды тү­бе­гейлі өзгертіп жіберуі мүмкін екенін көрсетуде. Қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлес­тіктер туралы» заң 2011 жылы қабылданды. Ол мемлекет пен діни бірлестіктер арасында өза­ра міндеттер мен құқықтарды бекітті. Бұл заң дін саласында жауапкершілік қатынастардың қалыптасуында өз міндетін орындады. Дегенмен, 2011 жылдан бері дін саласында әлемдік деңгейдегі жағымсыз үрдістер күшейе түсті. Біздің елімізде қоғамның жағдайы мен оның діни саладағы сұраныстары өзгерді. Діншіл адамдардың үлесі артты, діни аудиторияға шетелден ықпал ету едәуір күшейді. Бұған ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және жаһандану процестері әсер етуде. Бүгінде біздер діни ұйымдармен бірлесіп еңсеретін бірқатар қауіп-қатерлер пайда болды. Сондықтан, дамуымыздың жаңа кезеңінде діни қатынастарды реттеудің құқықтық тетіктерін жетілдіру ұсынылады. Осы негізде біз еліміздің тарихы мен ерекшеліктеріне сәйкес дінге деген өзіндік ұстаным жасау­дамыз. Ол үшін мемлекет пен діннің өзара іс-қимылы­ның қазақстандық моделі қалып­тасуда. Оның негізінде нақты ұстаным жатыр – ол діннің сая­силанбауы. Бұдан бөлек, дін­ге қызығушылық танытатын тұр­ғындардың діни сауаттылығын көтеруге ерекше мән беріледі. Заң жобасының идеологиялық негізін Елбасы Жарлығымен бе­кі­тілген «Дін саласындағы мем­ле­­кет­­тік саясаттың 2017-2020 жыл­­дарға арналған тұжырым­да­масы» қабылданды», деді Берік Арын.

Сонымен қатар ол, «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнін­дегі» заң жобасы діни бірлес­тіктер мен басқа да қоғамдық ұйымдардың, сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары, шетелдік дипломатиялық корпус пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, БҰҰ өкілдерінің қатысуымен өткен көптеген отырыстарда кеңінен талқыланғанын жеткізді.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»