Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2017

Қазақ афоризмдері рухани жаңғыру аясында жарық көрді

1521 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ой мен сөз! Сөз бен ой! Адамды адам еткен қос құдірет!» депті Ербол Шаймерденұлы. Ол осылай деп бір түйіп тастап, Гиппократтың «Афоризмдерін» (б.з.д. III-IV ғ.ғ.) алға тартып, оның «Өмір – қысқа, өнер – мәңгілік» деген даналығын тілге тиек етіп, қазақ афоризмінің бастау басынан ой сабақтап, XXV ғасырлық ұлт сөзіне талдау жасапты.

Қазақ афоризмдері рухани жаңғыру аясында жарық көрді

Сөйтеді де түркі дүниесінің ұлылары да осал болмағанын «Тән – жанның, жан – жаратқанның аманаты» деген Анақарыстың сөзімен дәйектейді.

Біз осыған дейін өзге жұрт­тар­дың афоризмдеріне көз жібер­генде, бұл неткен ақылдың кені, ой маржаны деп таңдай қағып, там­сан­ғанымызды да алға тартады. Қазақтың да қадірі асқан айтулылары артына ұшан-теңіз мұра қалдырғанына нақты мысалдармен көңіліңді иландырады. «Афоризм – ойдың материалдық көрінісі. Бір үзік ой, оқыс пікір, оқшау сөз! Ол шағын көлемге кең мағына сыйғызып, ой айтудың ең тиімді әрі әсерлі тәсілі. Бұл ретте оның өзегі – философия, яғни ғылым да, болмысы – көркем әдебиет» дейді де, қазақ афоризмдерінің асыл арнасы сақ-скиф дәуіріндегі ойшылдар сөзінен, көне түркі жазбаларынан арна тартатынын айтады.

«Ерлік жасағанның атасын сұрап ала алмас болар» деп ұлы скиф философы Тоқсары айтпақшы, бұрын көп айтыла қоймаған, ел болған соң кеткен есені қайтару үшін жанкешті еңбек етіп, қазақта да афоризм бар екенін, оның негізін қалайтын ақыл-ой алыптары жетіп-артылатынын Ербол Шаймер­ден­ұлы жан-жақты зерделей келіп, «Қазақ афоризмдері» деген керемет антологияны халықтың рухани қазынасына әкеліп қосты. «Жү­рек көзін ашар» (Абай) бұл еңбек ұлт руханиятының жауһары десек, артық айтқандық болмайды. Бұ­рын аз ғана таралыммен шыққан кітап жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру идеясы аясында Астанадағы «Фолиант» баспасынан бес мың данамен жарық көрді. Осы арада мына бір ойды ортаға сала кетелік. Ол «Қазақ афо­ризм­дері» аталатын антологияны өзге жұрттарға жеткізу жайы еді. Қазір­гі кезде өзге ел жақсыларының афоризм­дерін өзімізге үлгі етсек, ендігі жерде қазақ афоризмдерін олар да біліп жатса, қане. Бұл арқы­лы ұлтымыздың ақыл-ой иелерін танытып, Гиппократ айтқан өнердің мәңгілік екенін дәйектеп, қандай қарау пенде болса да өзіміздегі барменен оның көзіне ұрар едік. Бұған қоса тағы бір пікір бұл афоризмдерді құрастырушы, мына өмірден озғанына бес жыл болған Ербол Шаймерденұлы екенін әркез есте сақтап, «пайдаланып кетушілерге» жол беріп алмасақ деген ниетімізді де жұрт талқысына сала кетелік.

Кітаптың бірінші бөліміне ойшылдардың дара сөздері, яғни біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдан бастап, XXI ғасыр аралығындағы өмір сүрген даналардың дана ойлары топтастырылған. Бағзы за­ман­нан бүгінге дейінгі жаратылы­сы жақсылар қатарында Тоныкөк, Білге, Күлтегін, Қорқыт, әл-Фараби, Майқы, Асанқайғы, Қазтуған, Әй­теке, Төле, Қазыбек, Сүйінбай, Шо­қан, Абай, Әлихан, Ахмет, Мұхтар, Ғабит, Бауыржан, Шерхан, Қадыр, Олжас, Асқар, Әбіш – бәрі де бар. Екінші бөлім – «Ақылнама» деп аталып, онда мақал-мәтелдердегі, қара өлеңдердегі эпостық жырлардағы, би-шешен сөздеріндегі, жыраулар жырындағы, айтыс айшық­тарындағы, ән мәтіндеріндегі жау­һар­лардан тұрады. Қыруар кітап оқып, одан маржан сүзгендей етіп таңдап алу да Ерболға оңай болма­ғаны анық. Бұл тұрғыдан келгенде оның еңбегі өлшеусіз екені сөзсіз. Кітап соңында ақыл-ой даныш­­пандары, парасат иелері, пайда­­ланған әдебиеттер туралы анық­тамалар да тайға таңба басқан­дай етіп беріліп отырған. Бұл да Е.Шай­мер­денұлының ыждағат­тылығын, өз ісіне зор жауапкер­ші­лікпен қара­ғанын көрсетеді.

«Азамат жолы – ар жолы» депті Бауыржан Момышұлы. Ендеше «Қа­зақ афоризмдері» атты бұл кітап та Ербол Шаймерденұлының ар жо­лындағы артына қалдырған азамат­тық ісі, өлмес мұра, өшпес із деп білеміз.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»