12 Желтоқсан, 2017

Жол апатынан арылу арман ба?

411 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Несін жасырайық, қазір респуб­ли­калық тас жолдар бойында, қалалар­да ірі жол-көлік апаттары белең алып барады. Кіші де, үлкен де темір көлік құрсауында опат болып жатыр. Әрине, сарапшылар жол жүрісі кезінде кездесетін мұндай жол апаттарының себептерін жою мүм­кін емес дейді. 

Жол апатынан арылу арман ба?

Солай демеске лаж жоқ секілді. Өйткені жолдағы кез­де­сетін келеңсіздіктер салдарынан талай жан опат болатын апаттар саны жыл өткен сайын арта түсуде.

Ал сол келеңсіздіктерге тосқауыл қоятын заң жоқ деп айта алмайсыз. Заңға сәйкес тәртіп те қатаң ұста­лынады. Бірақ мына бейбіт заманда күн сайын, тіпті сағат сайын емес, минут сайын жол-көлік апатынан адам опат болады дегенге сенгіңіз де келмейді. Бірақ сенбеске де амал жоқ. Үлкендердің өзін айтпағанда, болашағымыз бала десек, сол жолдарда әр төрт минут сайын бір бала қаза табады екен. Олардың, бұған қоса, тағы жүздегені түрлі жарақат алады. Жарақаттарынан айығып кетсе жақсы, ал мүгедек болып қалатындары қаншама. Ол балалар сіздің де балаңыз немесе немереңіз болуы әбден мүмкін ғой. Жаныңыз түршігеді.

Бұл қасірет кез келген адамның басына түсуі бек мүмкін. «Сен басшысың, сен бағыныштысың» деп жол апаты айырып тұрмайды. Қараңыз, тек 2011 жылдан бастап Қазақстанда жол апатынан екі мыңға жуық бала қаза тапқан, бұл қаза болғандардың жалпы санының 10 пайызы ғана, олардың ішінде мың­ға жуығы – мектеп оқушылары. Ал бұ­ған соңғы кездерде мерт болғандар­ды тағы қосыңыз. Балалардың көбін көлік қаққан. Сұм ажал кімді болса да әйтеуір бір алатыны белгілі ғой. Бірақ көлденеңнен келген апат жас ғұмырды көктей үзіп жіберетіні неткен өкінішті. Соңғы жылдары жол-көлік апатынан опат болғандардың саны Ауған соғысында он жылда қайтыс болған адамдардың санынан әлдеқашан асып кеткен. Сонда қарасаңыз, жолдарда мылтықсыз соғыс жүріп жатқандай. Ал қайткенде бұл қасіреттің алдын алуға болады?

Бұл мәселе жайында алаңдап, бас қатырып жатқан мемлекеттік тиісті органдар да жоқ емес. Соның бірі – Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау академиясы. Олар Жол жүрісі қауіпсіздігінің ұлттық тұжырымдамасын да жасап шыққаны белгілі. Ал басқа салалардың мұртын балта шабар емес. Осы Ұлттық тұжырымдамадан байқағанымыздай, егер билік бұл мәселеге нақты назар аударып, білек түре кірісер болса қандай қасірет болмасын, оның алдын алуға, санын азайтуға кепілдік бар екен. Біріншіден, барлық сарапшы біткен бір тұжырымға келгендей, алдымен, көлік жолдары бар талапқа сай болуы қажет. Әрбір көлік жүретін жолда жаяу жүргіншілер өтетін жер асты не жер үсті өткелдері міндетті түрде салынуы қажет. Мұндай өткелдердің болмауы, адамдарды ажалға итермелеумен бірдей деген сөз. Мүкін­дігінше көше қиылыстарында көлік­тер кедергісіз өтіп кететіндей жағдай жасалса, жол апатының 80 пайызы бірден кемір еді. Өйткені жол-көлік апатының дені осы жол қиылысында орын алып жатады.

Сөзімізге дәлел, 2011 жылдан бас­тап республика аумағында 88 814 ЖКО болып, оларда 13 894 адам қаза тапқан, олардың ішінде жаяу жүргіншілер 5000-нан астам. 25 мыңнан астам адам жарақат алған. ЖКО-дан келген экономикалық шығындарды Азия даму банкі 1 052 млрд теңге деп немесе 2012 жылғы ІЖӨ-нің 3,5 пайызы мөлшерінде бағалапты. Сонда қазіргі жолдардағы туындаған үрдіс нәтижесіне сай есептесек және соған сай жүйелі шаралар қабылдамаған жағдайда Қазақстан 2022 жылға дейін тағы 21 мыңның үстінде адамынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ одан да көп, яғни 266 мың адам жарақат алуы әбден мүмкін көрінеді.

Және жыл сайын еліміздің жолдарында орта есеппен 17 жасқа дейінгі 160 бала қаза табатындығын ұмытпаған жөн. Бұл әрине қайғылы сандардың бер жағы ғана ғой. Сондықтан алдымен жолдардың сапалы салынуы бас­ты назарға алынуы тиіс. Жолдағы әрбір ойық, шұңқыр апатқа соқтырады. Бірақ көше жолдарының сапасы сын көтермейді. Ал жалпы жолдарды салу мен реконструкциялауға соңғы бес жылда 1,8 трлн теңге жұмсалған екен. Автожол саласындағы жобаларды іске асыруға «Нұрлы жол» мем­лекеттік инфрақұрылымды дамыту бағ­дарламасы шеңберінде 2016 жылы Ұлттық қордан 151,3 миллиард теңге қаражат бөлінген.

Сонда былай қарасаңыз, заң бар, қаражат жеткілікті, жұмыс жүріп жатқандай, бірақ сапасыз жолдар саны көбеймесе, еш азаяр емес. Соған сай жол апаты да артып барады.

Соңғы жаңалықтар