Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2017

Астананың үш жылға арналған бюджеті бекітілді

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Астана қалалық мәслихатының кезекті сессиясында елорданың 2018-2020 жылдарға арналған бюджеті бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астананың үш жылға арналған бюджеті бекітілді

Елорданың үшжылдық бюджетін таныстырған Астана қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егембердінің айтуынша,  оның жалпы сомасы 997 млрд теңгені құрайды. Аталған соманың 369 млрд теңгесі 2018 жылы, 320 млрд теңгесі 2019 жылы және 308 млрд теңгесі 2020 жылы жұмсалатын болады. Ал 2018 жылға жоспарланған қаражаттың 124 млрд теңгесі әлеуметтік салаға арналған. Оның 47 млрд теңгесі білім саласына, 9,5 млрд теңгесі жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау мәселелеріне жұмсалады. Мұнан бөлек, шамамен 218 мың азаматқа әлеуметтік көмек көрсетуге 2,8 млрд теңге бөлініп отыр. Денсаулық сақтау саласына 30 млрд теңге қарастырылған. Ал спорт саласына бөлінетін қаражат көлемі 16,6 млрд теңге мөлшерінде болмақ.

«Елордадағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 10 млрд теңге бөлінеді. Оның 8 млрд теңгесі түрлі бөлімшелердің қызметкерлеріне жалақы төлеуге және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жұмсалады. 21 млрд теңге қаражатты Жолаушылар көлігі басқармасына бөлу көзделген»,-  деді ол.

Ал Автомобиль жолдары басқармасына 42,6 млрд теңге жұмсалады. Мұнан бөлек,  Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына 4 млрд, Қаржы басқармасына 27 млрд, Коммуналдық шаруашылық басқармасына 21 млрд, Тұрғын үй басқармасына 4,9 млрд, Құрылыс басқармасына 37 млрд  теңге бөлінеді.