Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2017

«Жанам деген жүрекке от беремін...»

629 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырауда «Өрімтал» атты жас тілшілер фестивалі өтті. «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі ұйымдастырған шара аймақтағы журналист болуды армандаған жас жеткіншектердің басын қосты. 

«Жанам деген жүрекке от беремін...»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басым бағыттар мен міндеттерді насихаттау мақсатында «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі облыс көлемінде «Туған жер» этномәдени жобасын ұйымдастырған болатын. Осы этномәдени іс-шаралар кешені аясында мектеп оқушылары арасында «Ғажайып өлке» атты облыстық шығармалар байқауы жарияланып, оған барлығы 314 талапкер қатысты. Болашақта тілші атанғысы келетін осы талапкерлердің арасынан 40 жеңімпаз анықталып, олар мұнайлы өңірде тұңғыш рет өткізіліп отырған «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне жолдама алды.

Үш күнге созылған шарада медиахолдингтің баспасөз орталығында фестивальдің салтанатты түрде тұсауы кесіліп, оған қатысушылар облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторлары Исатай Балмағамбетов пен Нәсіп Шалабаева бастаған журналистермен кездесіп, көкейлерінде жүрген көптеген сауалдарға жауап алды. Батыс өңіріндегі ең ірі медиахолдинг саналатын «Атырау-Ақпарат» серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысты. Серіктестікке қарасты екі облыстық басылымның тіршілігіне, баспасөз орталығы мен жақында ғана ашылған Медиа мектептің қызметіне куә болды.

Облыстық «Атырау» телеарнасында қонақта болып, түрлі бағдарламалар дайындау жұмысына атсалысты.

Жас қаламгерлер бұдан кейін тарихы тереңде жатқан білім ордасы – Х.Досмұхамедов атындағы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Абзал Талтеновтің қабылдауында болып, білім ордасындағы оқу процесімен танысты. Жоғары оқу орнын аралап, оның жетістіктеріне куә болған оқушылар биыл ғана өз алдына жеке кафедра болып бөлініп шыққан «Журналистика» кафедрасы туралы жан-жақты мағлұмат алды.

Фестиваль барысында елімізге және өңірімізге танымал журналистер мен қоғам қайраткерлерінің шеберлік сыныптары мен дәрістері де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұзақ жылдар бойы «Қазақстан» ұлттық арнасында еңбек еткен танымал тележурналист, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы әрі продюсері Жанар Байсемізова өткізген шеберлік сыныбы жас өрендерге ерекше қанат бітірді. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның фестивальге Орал қаласынан арнайы келіп, қатысушыларға дәріс өткізуі – жастарға үлкен сый болды. Облыстық жас тілшілер фестивалі оларға газет-журнал, телеарна, болашақ тілшілерді оқыту жұмыстарымен кеңінен таныстырып қана қоймай, оқушылар мен олардың жетекшілеріне мәдени-рухани демалыс та сыйлады.

Үш күн бойы жас өркендердің қанаттарын қатайтып, естен кетпес ерекше сәттер мен думанға толы қызықтарды сыйлаған тұңғыш рет ұйымдастырылған жас тілшілер фестивалі Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда қорытындыланды.

– Облыстық жас тілшілер фестивалін ұйымдастырудағы басты мақсат – жас жеткіншектердің бойындағы туған ел мен жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, патриоттық сезімдерін жанып қана қоймай, Исатай мен Махамбет тұлпарларының тұяғы дүбірлеткен Атырау аймағынан шыққан абыз Әбу, арыстан жүректі Хамит Ерғалиев, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова, жұмбақ ақын Жұмекен, ұлт ұстазы Зейнолла Қабдолов секілді ұлылардың ізін басқан жас өркен тілшілерді халыққа таныту, көрінбей, көміліп жатқан алтынның сынығын тауып, бұлақтың көзін ашу, елге жарқыратып көрсету, қабілет-қарымына сәйкес жол сілтеу болатын. «Өрімтал» жас тілшілер фестивалі – «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің «Туған жер» этно-мәдени жобалары ішіндегі ең маңызды шараның бірі, – деп атап өтті фестивальдің қорытынды кешінде сөз алған медиахолдинг директорының орынбасары Рауан Сәбитұлы.

Ал, қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгереева: «Өрімтал» жас тілшілер фестивалі облыстық деңгейде өткенімен, республикамызға танымал басылымдардың арнайы жүлделерінің тағайындалғаны, үміттерін үкілеген жас өрендердің қазақ әдебиетінде, журналистикасында айрықша орын алатын тұлғалар атындағы марапаттарға ие болғаны, әрине, оларға үлкен қолдау болды. Осының өзінен бұл жобаның қоғам өміріне, жұртшылыққа тигізетін пайдасы көп екендіг көріп отырмыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылып отырған шара өзге де өңірлерге үлгі болса деп ойлаймын», деген тілегін арнады.

Жас тілшілер фестивалінің қорытындысы бойынша оған қатысушылар «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан Zaman», «Қазақстан әйелдері», «Парасат» және «Қазақ газеттері», «Жас өркен», «Қазақ радиолары» серіктестіктеріне қарасты басылымдар мен радиолардың арнайы жүлделеріне ие болды.

Жарық көргеніне ғасырға жуықтаған, алғаш рет өз оқырмандарының қолына «Ұшқын» деген атпен 1919 жылғы 17 желтоқсанда тиген, содан бері бұл газетте әр жылдары Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ұлтымыздың біртуар азаматтарының қолтаңбасы қалған ел газеті – «Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газеті фестиваль жеңімпаздарына арнап екі арнайы жүлдесін тағайындаған болатын.

«Егемен Қазақстан» газетінің арнайы жүлделерін осы басылымның Атырау облысындағы меншікті тілшісі, танымал ақын Бақытгүл Бабаш фестивальдің ең жас қатысушысы, №34 Атырау қалалық лингвистикалық гимназиясының 6-сынып оқушысы Ардақтым Ниетқалиева мен Индер ауданындағы Боран Нысанбаев атындағы атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Әли Ғалымовқа табыс етті. Барлық жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар берілді.

«Жанам деген жүрекке от беремін» деп ақиық ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, бұл фестиваль болашақ жас тілшілерге қанат бітіріп, мәңгілік естерінде қалатыны анық.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Атырау қаласы

Соңғы жаңалықтар