Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2017

Астанада республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті

514 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Тұран-Астана» университетінің 20 жылдығына арналған «Интерактивті технологияларды енгізу – туризмнің тұрақты даму факторы» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті.

Астанада республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті

Мерейтойлық іс-шара аясында «Тұран-Астана» университеті Туризм индустриясы комитетімен бірлесе отырып «Интерактивті технологияларды енгізу – туризмнің тұрақты даму факторы» атты республикалық ғылыми-практикалық семинарын ұйымдастырды. Ұстаздар мен ізденушілер қауымы бас қосқан алқалы жиынға Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Майнюра Мурзамадиева, «Тұран-Астана» университетінің ректоры Гүлжамал Жапарова, аймақтық әкімшіліктердің өкілдері мен туристік операторлар, сондай-ақ туризм саласында мамандар дайындайтын ЖОО өкілдері, магистранттар және туризм кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

«Жалпы әлемдік туризмде IT – технология тақырыбының өзектілігі кездейсоқ пайда болған жоқ. Өйткені, ақпараттық технология дамыған мемлекеттердің қоғамдық қарым-қатынас жүйесінің айқын ерекшеліктерінің бірі болып саналатындықтан, адамзат барлық қызмет салаларында өркениет жетістіктерін игілікке жаратуда және ол зор маңызға ие болғандықтан қарышты даму кезеңіне аяқ басты» деді Г.Жапарова жиынның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, дүниежүзінде компьютерлік желі – Internet қарқынды дамып келе жатқандығы соншалық, жыл сайын оны пайдаланушылардың саны мен ақпараттық ресурстардың көлемі ұдайы еселенуде.

Ал Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Майнюра Мурзамадиева болса, технологиялық мұндай жетістіктен еліміздің туристік нарығы да қалыспай, тиісті деңгейде дамып жатқанын айтады.

«Туризм саласы қазіргі таңда ірі әуекомпаниялары мен заманауи қонақ үй желілері сынды алып компаниялардың әлеуетіне теңестірілген. Сондықтан да біз еліміздегі жоғарғы оқу орындары дайындайтын салалық мамандарды даярлау ісінде әлемдік деңгейдегі озық үлгілерді негізге алуымыз керек», деді ол.  

Айта кетейік, осыдан 20 жыл бұрын ел астанасының Астана қаласына көшірілуіне байланысты, 1998 жылдың мамыр айында «Тұран» университетінің Алматыдағы басшылығы жаңа астанада филиал құру туралы шешім қабылдайды. Нәтижесінде, 2004 жылы «Тұран» университетінің филиалы тәуелсіз «Тұран-Астана» университеті ретінде ашылған. Бүгінде бұл университетте 16 мамандық бойынша бакалавриат және 10 мамандық бойынша магистранттар білім алуда.

Сондай-ақ, оқу орны соңғы жылдары кәсіпкерлік бағыттан инновациялық кәсіпкерлікке ден қоя бастады. Бұл тұрғыда университетте білім, ғылым және қоғам салаларында инновациялық қызметпен айналысатын қызметкерлерді, оқытушыларды және студенттердің өзін тартуда үлкен жұмыстар жүргізілуде.

20 жылдық жұмыста университет нақты экономикалық секторда жұмыс істейтін, мемлекеттік және дипломатиялық қызметте, банктік және қаржылық салаларында, әртүрлі өндірістерде, коммерциялық, заңды, туристік фирмаларда және еліміздегі сан қилы кәсіпорындарда қызмет атқаратын 10 мыңнан астам маман иелерін дайындап шығарды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»