Қазақстан • 13 Желтоқсан, 2017

Ақмола облысында мемлекеттік қызметте жастардың үлесі артып келеді

168 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақмола облысында мемлекеттік қызметте жүрген­дердің арасында жастардың қа­тары артып келеді. Бұл жө­нінде таяуда мемлекеттік қызмет сала­сын­дағы биылғы жылдың жұмыс қорытын­дысына арналған брифинг барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаменті төрағасының орынбасары Райхан Братаева мәлім етті. 

Ақмола облысында мемлекеттік қызметте жастардың үлесі артып келеді

Департамент төрағасы орынбасарының мәлім етуінше, қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлердің штаттық саны – 5939, ал қызметтік лауазымда отырғандар – 5436 адам. Өткен жылмен салыстырғанда қызметтік лауазымдарға орналастыруда өсім байқалып, 89 пайызға жетіпті. Мемлекеттік қызметкерлердің орташа жасы 39 болса, ал 2000 жылы ол 41 жас­ты құраған. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметте жүргендердің 88,5 пайызы жоғары білімді. 2000 жылдары жоғары білімділердің қатары 62 пайыздан аспағаны тағы белгілі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің сапалық деңгейінің өсіп келе жатқандығының көрсеткіші, дейді Райхан Ғазизқызы. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің орташа еңбек өтілі 10 жылды құраса, лауазымда жұмыс істеу өтілі 3,4 жыл. 2000 жыл бұл көрсеткіш 8 жыл деңгейінде қалыптасыпты. Сөз реті келгенде мемлекеттік қызметшілердің 64 пайызы (3451 адам) әйелдер екендігін де айта кеткен орынды. 

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бағыты бо­йынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталған Р.Братаева төменгі лауазымдарға кандидаттарды іріктеуде оңтайлы жағдайдың қалыптасқанын жеткізді. Соның нәтижесінде өткен жылдармен салыстырғанда жастардың қатары арта бастаған (2015 жылы – 23 пайыз, ал 2017 жылы 25 пайызды құрапты). Үстіміздегі жылдың 9 айында өткізілген конкурста 688 адам мемлекеттік қызметке орналастырылса, ал төменгі лауазымдарға 360 адам қабылданған. 

Биыл жүргізілген ішкі конкурс нәтижесінде 246 мемлекеттік қызметші лауазымдарға тағайындалса, соның жартысына жуығы немесе 52,4 пайызы жоғары лауазымға жылжытылыпты. 

Тестілеу ережесіне енгізілген өзгерістердің нәтижесінде одан сүрінбей өтушілер қатары арта түскен. 2015 жылы бұл көрсеткіш 32 пайыз деңгейінде болса, 2016 жылы ол 49 пайызға артқаны көрініп тұр. Биылғы тест тапсыру қорытындысы бойынша одан өткендердің қатары 51 пайызға жеткен. Оның үстіне конкурстық комиссия отырыстарына міндеттелген байқаушылардың қатысуы пікірлесу процесіне оң әсер етпей қоймады және де қатысушылардың жауапкершілігін арттырды, дейді департамент төрағасының орынбасары. 

Жас маманның міндетті сынақ мерзімінен өтуі жөніндегі норма да өзін ақтағандығымен бөліскен Р.Братаева жаңадан мемлекеттік қызметке келіп жатқан жас маманға тәлімгердің бекітіліп берілуі оның ұжымға тез сіңісіп кетуіне және жұмысқа деген ыңтасының оянуына оң ықпал ететіндігін ортаға салды. Биылғы жылдың 9 айында 385 мемлекеттік қызметшіге сынақ мерзімі белгіленсе, соның 265-і одан сүрінбей өтіпті. Ал қалған 19-ы әлі өту кезеңінде жүрген көрінеді. 

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 10-қадамын жүзеге асыру барысында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңадан қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес барлық мемлекеттік органдар қызметкерлері тест тапсыра бастаған. Үстіміздегі жылдың 9 айында бірінші рет құқық қорғау саласына қызметке келушілердің 639 немесе 43 пайызы тестілеуден өткені мәлім болып отыр. Жалпы, өңірде 3887 мемлекеттік қызметкер аттестаттаудан өтсе, солардың 91 пайызы өздерінің тиімді жұмыс істеп келе жатқандықтарын дәлелдепті.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы