Қазақстан • 13 Желтоқсан, 2017

Сұлулықты жырлаған суреткер

430 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ел Ілия Жақановты ғажайып композитор ретінде біледі. Қазақ­стан және Қырғыз Респуб­ликаларының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты сынды атақтарын тізбелегенде оның өнер зерттеушісі, жазушы екенін де айтпай кетуге болмайды. 

Сұлулықты жырлаған суреткер

Сөз бен саз құдіреті қатар қонған тұлғаның тағы бір қасиеті бар, ол – суретшілігі. Тіпті жасы жетпістен асқанда Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік универ­ситетін бітіріп, кәсіби суретші атанған. Ш.Сариев атындағы облыс­­­тық көркемсурет және қол­­­данбалы-сәндік өнер му­зейін­де Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ілия Жақановтың «Сұлулықты жырлаған суреткер» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті. 

– Ілия Жақановтың әндерін бала кезімізден тыңдап, санамызға сіңіріп өстік, – деді көрменің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев. – «Талантты адам барлық жағы­нан талантты» деген рас. Біз кейінгі жылдары композиторды суретшілік қырынан да танып келеміз. Әр туындысы керемет бір әуенмен тербеліп тұрғандай әсер қалдырады.

Ілия Жақанов суретші болуды бала кезінен армандапты. «Қарындашпен анам мен әкемнің, ағам­ның суреттерін салатынмын. Шығармашылық адамы бір жерде тоқырап қалмауы керек. Мен де үнемі ізденісте жүргенді қалаймын. Табиғатпен тілдесемін. Картиналарымның бәрін шабытпен салдым», – дейді өзі. 

Көрмеге қылқалам шебе­рінің 70-ке жуық туындысы қойыл­ды. Қазақтың кең жази­ра даласын суреттеген «Жер­ұйық» топтамасы, Жайыққа ар­нал­ған пейзаждық туындылар, портреттер мен гра­фикалық жұмыс­тар көрмеге келушілердің көңіл­дерінен шықты. Шарада компо­зитордың әндері шырқалып, шы­ғар­машылығы жайлы бейнефильм де көрсетілді.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ