Қазақстан • 13 Желтоқсан, 2017

Астаналық кітапханалар жаңа кітаптармен толықты

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Астана қаласының әкімдігінде елорда тарихынан сыр шертетін 3 кітап таныстырылды деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы. 

Астаналық кітапханалар жаңа кітаптармен толықты

Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен оқу орындары кітапханаларының өкілдеріне қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған Алдан Смайылдың «Астана өнер ордалары» мен қазақ, орыс тілінде жазылған Зиябек Қабылдиновтың «Астана тарихы» атты кітаптардың мыңнан астам данасын Ішкі саясат басқармасының Ерлан Каналимов тапсырды. 

Оның атап өтуінше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында келесі жылы тағы да 10-15 шақты кітап баспадан шықпақ.

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындаған міндеттерді жүзеге асырудың шеңберінде көп жұмыс атқарылды. 4-5 айдың ішінде біз біраз шаруа жасадық. Осы бағдарламаның аясында біз Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері, Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, Тілдерді дамыту, Білім басқармаларымен бірігіп, келесі жылы тағы да 10-15 шақты өлке тарихы, әр уақыттағы елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы, оның жаңа бейнесі айнасын табатын кітаптарды басып шығаруды мақсат етіп отырмыз.  Алдағы уақытта ол кітаптарды тек елорданың кітапханалар жүйесіне ғана емес, мектептер мен колледж, жоғары оқу орындарының кітапханаларына да сыйға тартамыз», - деді Ерлан Каналимов. 

Елорда кітапханаларының өкілдері өз кезегінде мұндай акциялардың жоғары маңыздылығын атап өтті.