Білім • 13 Желтоқсан, 2017

Педагогика: Әдістемелік нұсқау қарапайым оқытуды ұйымдастыруға жарамайды

1734 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2017-2018 оқу жылындағы жалпы орта білім беру ұйымдарында оқу үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хатты Білім және ғылым министрлігі мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы дайындаған. Бұл оқыту үдерісін тиімді әрі сапалы ұйымдастыруды көздейді. Осы ретте мұғалім еңбегін жеңілдету мен оқу үдерісін сапалы жүргізуге қандай нұсқау берді деген сұрақ туады.

Педагогика: Әдістемелік нұсқау қарапайым оқытуды ұйымдастыруға жарамайды

«Стандарттар құзыреттілік тәсіліне негізделген, соған сәй­кес оқу бағдарламалары өзгер­ді: міндетті меңгерілуі тиіс белгіленген оқу материа­лы­нан емес, күтілетін нәти­жеге қарай әрекет жасаймыз»­ деген сөйлемнен-ақ нұс­қау­­дың өзгеріс, жаңғырту ерек­шеліктерін талдау бағыты түсі­ніксіз екені байқалады. Оқыту үдерісіндегі күтілетін нәтиже білім, білік, іскерлік пен дағ­ды екендігі ескерілмеген. Сон­дай-ақ бұрынғы бағдар­ламаның кемшілігін көрсе­теді. Яғни «оқытудың маз­мұны мен көлемін анықтау тек теориялық білім беруге арналады да, сол­ білімді мең­герудегі бі­лік, іскерлік, дағдылардың маз­мұны нақ­­­­­тыланбайды» деген ой ай­тылған. Бұл пікірден оқы­тудың негізін пәндік ғылым, бі­лім құрайтынын мойындай­тынын аңғаруға болады. Бі­рақ стандарт та, бағдарлама да, оқулық та пәндік білім не­гіз­дерін игеруді көздейтіні ес­керілмеген. «Білім алушылар пәндік сапалы, дәйекті білім алды, бірақ оларды өмір­лік жағдаяттарда қолдану дағды­лары жоқ» дегені шындыққа жанаса бермейді. 

2012 жылы бекітілген оқу стан­дарты бойынша «Қа­зақ ті­лін оқыту пәні» білім негіздерін игерудегі тілдік білім бастауышта тілдік түсі­нік, 5-сыныпта лексика, фонетика, 6-сыныпта сөз таптары, 7-сыныпта сөзжасам, 8-сыныпта синтаксис, 9-сыныпта стилистика, 10-сыныпта тіл мәдениеті, 11-­сы­ныпта ше­шендік өнер­ ба­ғытында берілген. Бұ­рын­ғы стандарт осы білім мен біліктілікті игертуді ди­дак­тиканың ұс­танымдары бойынша анықтайды. Мы­салы, оқыту үдерісінің мақсаты – білім, білік, іскерлік пен дағды қа­лыптастыру. Сондық­тан білім мазмұны мен көле­мімен бірге берілетін білік пен іскерлік, дағдылар да анық­­талды. 

Қазір тіл білімінде жұмса­лым­дық бағыттағы әдіс­т­е­­­­­­мелік зерттеу көбейді. Бұ­рын­­ғыдай тілдің тұлғалық жа­ғына баса назар аударып, тілдік құралдарды сипаттап, жүйелеу жеткіліксіз болып қалды. Тілдің табиғатын толық ашу үшін сипаттап, жүйелеумен қатар әрекет ету, жұмсалу, қолдану бағытын да қарастыру қажет болды. Ал тілдің қолданылуы – сөйлеу, қатысымдық әрекет. Білім бе­ру жүйесі жаңа бағдарламада өз­­гертіліп, нұсқау жаңа стан­дартты басшылыққа алған. Мә­селен, стандартта «Мін­детті оқу пәндері бойынша оқытудан күтілетін нәти­желер жалпы орта білім бе­ру­дің базалық мазмұнын анық­тау үшін негіз болады. Жал­пы орта білім берудің оқу бағ­дарламаларында оқыту­дан күтілетін нәти­желер әр­бір оқу пәнінің бөлім­дері бойын­ша оқыту мақсат­тары­мен нақ­тыланды» деп тұжырым­дал­ған.

Стандартта «тыңдалым жә­не айтылым» бойынша бі­лім алушы сөйлеу тәртібінің, баға­лаудың ашық және жасырын берілген түрлерін талдай отырып, тілдесу және стиль­­дік қатыстылығы бар түрлі саладағы мәтіндерді түсі­не­ді. Дайындалған және дайын­далмаған монологтік және диалогтік, оның ішінде көп­шілік алдында тілдесу жағ­дайын­да коммуникацияның түр­лі мақсатына қол жеткізеді, тыңдаушыларға әсер етуге талпына отырып, сөйлеу тәртібінің тактикасын іске асырады, көз­­қарасын білдіре отырып, тыңдалған мәтіндегі ақпаратты талдайды және сыни тұрғыдан бағалайды, мәтіннің мазмұнын болжайды, стилистикалық дифференцияны есепке ала отырып, тілдік бірліктерді қолдану құры­лымы мен нормаларын сақ­тайды деп анықталған. Сол сияқты оқылым, жазылым бөлімдерінде осылайша бі­лім мен іскерлік, дағдыларды ара­лас тәртіппен көрсетіп, жүйе­сіз берген. Оқытудың ғы­лы­ми негізі стандартта сөй­леу түрлері бойынша икем­­­ділік пен дағдыларын да­мыту ғана талап етіледі. Яғни пәндік ғылым негіздерін бө­ліп қарастырмайды, сөйлеу түрлері тыңдалым, айты­лым, оқылым, жазылым әре­кеттерінде лингвистикалық бі­лім, білік, икемділік, дағ­дылар ескерілмеген. Сонда білімсіз оқыту, әсіресе қазақ тілі пәні бойынша тіл білімі негіздері арқылы білім, білік қа­лып­тастырылмаса, онда «білім деңгейі жоғары, ой-өрісі дамыған тұлға қалып­тастыру» деген мақсат қалай орындалмақшы?..

Бағдарламада оқыту маз­мұ­нына өзгерістер енгізіл­ген екен. Бұл «функциялық са­уаттылық, оқу сауаттылығы, ма­тематикалық сауаттылық, ғы­лыми-жаратылыс сауат­ты­лығы» бойынша негіз­­д­­­­­ел­­ген. Егер бағдар­ламадағы әр пәннің тақырыбы бойын­ша білім маз­мұны мен көле­мі дұрыс нақтыланбаса, сауат­тылығы ғылыми білім­ге не­гіз­делмесе, оқыту­дың не­гізгі нәтижесі болып табыла­тын білік, іскерлік, дағды қа­лыптастыру нәтижесі де күмәнді деуге болады. Сон­дай-ақ бағдарлама «Қазақ тілі» пәнін оқытудың негізгі міндеттерін анықтайды. Қазақ тілін ана тілі ретінде тани отырып, өмірлік қажеттіліктерінде коммуникативтік әрекеттер түрінде (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым) сауат­тылыққа қолдану деп түсін­діреді. Бұл оқыту бағыты ма, әлде әдістемелік бағыт па, тү­сіну қиын. «Тіл сауаттылығы мен сөйлеу сауаттылығын, сөз байлығын басқалармен еркін қарым-қатынасқа түсу» деген сөйлемді де түсініп болмайды.

Біріншіден, сөйлем дұрыс құрылмаған, екіншіден, «тіл сауаттылығы» мен «сөй­леу сауаттылығының» білік, дағдылары белгісіз, қарым-­қатынас жасаудағы тілдік бір­ліктер туралы білім қолда­нылмаған. «Көркем мәтін жә­не жай мәтіндерге мақсатқа сай­ қорытынды жасау, синтез, анализ жасау дағдыларын қалып­тастыру» сөйлемі де қазақ тілінің ұғымына сай келмейді. Мәтін теориясында «көркем мәтін» мен «жай мәтін» түсі­нігі жоқ. Мәтіннің стильдік түрлерін ауызекі сөйлеу, стиль, публицистикалық стиль, көр­кем әдебиет тілінің стилі, іс-қағаз­дар стилі деген түрлері бар және мәтіннің тілін хабарлау, баяндау, сипаттау деп те ажыратады. Ал бағдарламадағы оқы­туға ұсынылатын тілдік мате­риалдар оған сай емес. Сондықтан мәтін туралы талап орынды емес.

Тұжырымдағанда, бағдар­ламаға орай мұғалімдер оқы­ту үдерісіндегі оқыту-оқу әре­кет­терін, әдіс-тәсілдер мен са­бақ түрлерін қолдану туралы тәуір жоспар жасай алмайды. Өйткені бағдарлама оқытудағы нәтижеге жету амал­­дары мен әдіс-тәсілдерін, білім беру­дегі біліктілік, икем­­ділік, дағ­дыларды анық­тап бере ал­маған. Ал бұл мұға­лімге оқы­ту үдерісін сапалы жүргізу тұрмақ, қарапайым оқытуды ұйымдастыруға да жарамайды.

Амангелді ЖАПБАРОВ, 
педагогика ғылымдарының докторы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры

ШЫМКЕНТ