Қазақстан • 13 Желтоқсан, 2017

Биыл Астанада жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі төмендеген

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл 11 айда елордада жасөспірімдер арасындағы қылмыстылық 36 пайызға төмендеп, ювеналды полицияның есебінде тұрған кәмелетке толмағандардың саны 25 пайызға азайды деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Биыл Астанада жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі төмендеген

Бүгін Астана қаласының прокуратурасында «Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуын жаңарту» әлеуметтік жобасының алғашқы кезеңінің қорытындылары шығарылды.

Аталмыш жобаны қала прокуратурасы Астана әкімдігімен, ІІД-мен, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдарының академиясымен бірлесіп ағымдағы жылдың тамыз айынан жүзеге асыра бастаған. Ол жасөспірімдер арасындағы қылмыстылықтың теріс үрдісін тоқтатуға, өскелең ұрпақтың толымды дамуына, олардың тұлға болып қалыптасуына ықпал етуге бағытталған.

Жобаға сәйкес құқықбұзушылықтардың алдын алу ісіне жасөспірімдердің өздері араласады. Дәлірек айтқанда, енгізілген «Биоинформатика және Синергетика» технологиясының арқасында балалар тәртіптің шегінен шықпай, ересектердің көмегі арқылы қойылған мақсаттарға қол жеткізу мүмкіндігін алды.

Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Дана Мұлақованың мәліметінше, «Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуын жаңарту» әлеуметтік жобасы 50 мыңнан астам жас азаматты қамтыған.

«2016 жылдың 11 айының қорытындыларына сәйкес, ювеналды полицияның есебеінде 287 кәмелетке толмаған азамат тұрса, биыл бұл көрсеткіш 213-ке дейін төмендеген. Нақтырақ айтқанда, көрсеткіш 25 пайызға төмендеп отыр», - деді қала прокурорының аға көмекшісі.

Айта кетейік, «Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуын жаңарту» әлеуметтік жобасы 2018 жылдың соңына дейін жүзеге асырылатын болады.