Әлем • 14 Желтоқсан, 2017

Шетелдік баспасөзге шолу: Си Цзиньпин ұнатпай­тын­ он әрекет

314 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Агенттіктің хабарлауынша, Си Цзиньпин ресмилік үшін ресми болуды, өңірлік меке­мелердегі бюро­кра­тияны, шалқып өмір сү­руді, ысырапшылдықты айып­тап, осындай өмірге ұмтыла­тын ше­неуніктерді аямайтынын жет­кізген. 

Шетелдік баспасөзге шолу: Си Цзиньпин ұнатпай­тын­ он әрекет

Мәселен, кейбір шенеунік­тер зерттеу және тексеру жұмыстарын атүсті жүргі­зеді. Партия мен мемлекет­тік ме­ке­ме­лер­дің кейбір өкілдері және олар­дың жұмысшылары қоғам­ға пайдалы жұмыс істеп жүрген­дей көрінеді, алайда олардың әреке­ті­нің игілігін халық көрмейді. Мем­лекет­тік қызметкерлердің арасында екіжүзділердің болуы да Қытай төрағасына ұнамаған көрінеді. Сондай-ақ Си Цзиньпин партия мен мемлекеттік мекемелердің кейбір өкілдері бір-біріне ұқсас жиындарды жиі өткізіп, онда шығарылған шешімді орындауға асықпағанын да сынаған. 

Сондай-ақ «Аспанасты елінің» басшысы өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлер мен лауа­зымды тұлға­лар­дың кемшілігіне тоқталыпты. Си Цзиньпиннің айтуынша, өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер бір-бірінің құжаттарын айна-қатесіз көшіріп алады. Тұрғындардың қажеттілігін назарға ілмей, лауазымды тұлғаға ұнау мақсатында жұмыс істейтіндер де табылады. Кейбірі жарнамаға көңіл бөліп, жұмыстың тиімділігін ескермейтін көрінеді. Білгенін жоғарыдан жасырып, жағдай қиындағанша қол қусырып отыратын өңірлердегі лауазымды тұлғалар да Қытай басшысының сын садағына ілінген. Бұдан бөлек, Си Цзиньпин өз қызметін дұрыс атқармай, тапсырылған міндетті қол астындағыларға беретін­дер мен жоғарының бұйры­ғын күтіп отыратындарға шара қарасты­рылатынын жеткізген. 

The Guardian: 
Израильдің әрекетін қолдамайды

The Guardian газеті Еуропа мем­лекет­тері Б.Нетаньяхудың ұсы­ны­­­сын қолдамағанын хабарлады.­ Басылым­ның сөзіне сүйенсек, одақ­қа мүше елдердің өкілдері бұл қадам Таяу Шығыстағы жағдайды шиеленістіріп, тұрақсыздыққа әке­ліп соғатынын алға тартып отыр. Сондай-ақ ағылшын газеті АҚШ прези­денті Дональд Трамптың Иеру­салимді Израильдің астанасы деп мәлімдеуі Палестина мен Израиль арасындағы шиеленісті одан әрі қиындатып жібергенін жазады.

Мәселен, Израильдің ең жақын әріптесі саналатын Чехия тарапы Еуропалық одақ Кеңесінің отырысынан кейін Д.Трамптың мәлімдемесі аймақтағы бейбітшілік әрекеттеріне кері әсерін тигізетінін жеткізген. Фран­ция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Құдыс мәселесі Палестина мен Израиль тарапының ортақ ке­лісімі нәтижесінде ғана шешілетінін айт­қан-ды. Кеңес отырысынан кейін Б.Нетаньяхумен кездескен Франция пре­зиденті Эмману­эль Макрон да Иерусалимді Израиль астанасы деп тану бейбіт­шілікке нұқсан келтіретінін және өз елінің оған қарсы екенін сөз ет­ті. 

Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Моге­рини ұйымның шаһар жөніндегі халықаралық консенсусты қолдайты­нын, палестиналықтар мен еврейлер қала мәртебесі жөнінде ортақ келі­сімге келмей, өз ұстанымын өз­герт­­пей­­тінін мәлімдеген. 

Иерусалимнің құқықтық мәртебе­сі мәселесіне байланысты таяуда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде кезектен тыс жиналыс өтті. Отырысқа Қазақстан делегациясы да қатысты. Кездесу барысында БҰҰ Бас хатшысының Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Николай Младенов баяндама жасады. 

Қазақстанның БҰҰ-ның жанын­дағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров еліміздің Таяу Шығыс дағдарысына қатысты ұстанымы анық және өзгеріссіз екендігін жеткізді. Қ.Ома­ров­тың айтуынша, Қазақстан тараптар арасындағы келіссөздердің екіжақты пішімде алғышартсыз өткізілуін қолдайды. Сондай-ақ Қ.Омаров 1967 жыл­ғы келісімге сай Палестина астанасы Шығыс Иерусалим екенін және Па­лестина мемлекетін құру құқығын толықтай қолдады.

BBC: Венесуэладағы жағдай тұрақсыз

BBC-дің мәліметіне сүйенсек, Н.Мадуро өткен жексенбідегі алдын ала дауыс беруге қатысқан партиялар ғана 2018 жылғы сайлауға қатысуға құқылы екенін сөз еткен. Арнаның хабарлауынша, Justice First, Popular Will және Democratic Action партиясы сайлау жүйесі әділетсіз екенін алға тартып, жексенбідегі дауыс беруге бойкот жариялаған екен. Алайда Н.Мадуро бұл пікірмен келіспейтінін жеткізіп, оппозициялық партиялар «саяси картадан жоғалып кетті» деп мәлімдеген. 

Жоғарыда аталған партиялар алдын ала дауыс беруге бойкот жариялайтынын қазан айында хабарлаған. Олардың пікірінше, Венесуэладағы сайлау жүйесі Н.Мадуроны қолдауға ғана арналған. Жексенбідегі да­уыс беруге электораттың 47 пайызы қатысып, соның көп бөлігі қазіргі президентті жақтап дауыс берді. 

BBC-дің Латын Америкасындағы журналисі Кэти Ватцтың пікірінше, Н.Мадуроның сөзі арандатушылықпен тең. Тілші елдегі экономикалық дағдарыстың кесірінен президент халық алдындағы абыройынан айырыла бастағанын айтады. Сондықтан Н.Мадуро саясат сахнасындағы қарсыластарының көзін құртуды мақсат етіп отыр. Нәтижесінде, бірқатар оппозиция өкілдерін түрмеге тоғытқан. К.Ватц қазіргі таңда халықтың пікірі екіге жарылғанын айтады. Бірі – қазіргі президент Н.Мадуроны қолдаса, келесісі, оның тақтан тайғанын қалайды. Журналистің сөзіне сүйенсек, елдегі жағдай әлі де тұрақсыз.

Шолуды әзірлеген 
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»