Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

Рабиға Сыздықова: Бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін?!

1048 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Тәуелсіздікке дейін жөнді жұмыс істемеп едім, дербестікке қалай қол жеткіздік, солай құлшынып кеттім», деп өтірік көлгірси алмаймын. 

Рабиға Сыздықова: Бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін?!

Азды-көпті бар саналы ғұмырымызды тіл білімі ғылымының дамуына арнап келе жатқандықтан, қазақ тілі тек қатынас құралы болмай, әсем тіл, сазды тіл, назды тіл ретінде өркендеп, ғылым, саясат, экономика тілі болып, көсегесі көгеріп, өрісі кеңейсе екен деген тілекпен өмір сүріп келеміз. Тұрмыстық тіл ретіндегі тонын сыпырып, тұтас ақылман адамдардың сөйлейтін кемел тілге айналса екен деген арман кеудемізді кернеп тұратын. Адам болған соң «Менің тілім төрткүл дүниеге тегіс тараған Еуропа тілдерінен кем болмаса, шіркін», деп ойлайсың ғой. Тәуелді кезде де, тәуелсіз кезде де ойлағаным осы менің. 

Әлі есімде, Тәуелсіздікті алғаш алған жылдары, ұлттық ой-таным оянып, соған қанаттанып жүрген кезімізде, Республика сарайында үлкен бір концерт өтетін болды. Ақырын аяңдай басып сол концертке келе жатып едім, жолай бір танысым кездесті. «Қайда бара жатырсыз, апай?», дейді. «Концертке», деймін. «Ол концертке уақытыңызды шығындап несіне барасыз? Ішінде іліп алатын жібі түзу бір артист жоқ», демесі бар ма? «Айналайын, мен концерт көру үшін бара жатқам жоқ. Еліміздегі ең үлкен сарай – Республика сарайы, 3200 қазақтың бір жерде отырғанын көріп, содан нәр алып, рахаттану үшін бара жатырмын», дедім. Шыным – осы. Тәуелсіздікке дейін 3000 қазақ түгілі, анық 300 қазақтың бір жерде отырғанын да көре алмай келдік қой. Бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін!

Тәуелсіздік идеясы қазақтың санасына сонау хандық дәуірлерден бері сіңген. Бұл күнде ширек ғасыр барысында «азаматтарымыз атқа қонып, толғамалы найза қолға алып, дұшпандармен айқасып, соғысып емес», замананың саясатына қарай бейбіт жолмен тәуелсіздікке ие болып, ғұмыр кешіп жатқанымызға осы еркіндіктің үлгісін көрсетіп кеткен сол бабаларымызға қарыздармыз. Оның құрылуы мен құлдырауының нәтижесі қандай болғаны бүгінгі тәуелсіздігімізді бекіте түсу керектігін көрсетіп кетті. 

Рәбиға СЫЗДЫҚОВА, 
академик