Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

Ұлы Дала халқының құрамдас бөлігі

897 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Күрдтер – белгілі кеңестік шы­­ғыс­танушы академик Иосиф Орбери «Шығыстың рыцарьлары» деп атағандай ежелгі және айбынды, тарих толқынының ағынындағы халық. 

Ұлы Дала халқының құрамдас бөлігі

Күрд халқы өздерінің байырғы атақоныстарында өмір сүрсе де төрт мемлекеттің – Ирак­­тың, Иранның, Сирияның жә­не Түркияның география­лық ке­ңіс­тігінде бөлшектене мекендеп келеді. Яғни біздің халқымыздың басқа этностармен тығыз араласа өмір сүруі жағдайы тарихи тағдыр аясында қалыптасқан. Әрине өзге халықтармен аралас-құралас болғанымыз бізді халықтар достығы ықпалымен өмір сүруіміз рухында тәрбиеледі. 

Осман империясының ыды­рау­ы салдарынан күрдтердің басым бөлігі Түркияның территориясында қалып қойды. Алайда өткен жүзжылдықтың 20-жылдары түріктер мен күрд­тердің арасында халқымыздың дербес автономия құруы талабына орай бітіспес қақтығыстар басталды, менің қан­дастарымның көпшілігі «геноцидке» ұшырамау үшін басқа елдерге қашуға мәжбүр болды. Осындай босқындар, оның ішінде менің ата-анам да Әзербайжанға, бірқатары Грузияға, Арменияға орналасты. 1937 жылы Сталин біздің халқымызды қайта орна­лас­тыруға шешім шығарды. Осы­ған байланысты күрдтердің көпші­лігі, өздерінің байырғы атамекендеріне – туған жерлеріне, оның ішінде Түр­кияға, Иранға оралуға ниет­тенді. Соны­мен бірге кеңестік күрд­терге Түркия­ның тыңшылары тұр­ғысында күдікпен қараған КСРО-да шиеленісті көзқарастар көп зардабын тигізді...

Күрдтер қазақ халқының қамқор көңілмен қабылдау ықыласы аясында өмір сүре бастады. Бұл кезде қазақтардың өздерінің тұрмыстары ауыр болса да, жер аударылып келгендерге мекен-жайларын да берді, бір тілім нанды бөліп жеуге дейін қамқорлық жасады. Тұтас бір халықты мекендеп отырған жерлерінен ба­с­қа республикаға, беймәлім өлкеге қоныс аударту күрд этносының ата-бабалық рухын, «түпкі жүйесін» бұзды, тарихына жазылмас жара салды. Өкінішке қарай, күрдтердің тағдырындай жағдаймен бұрынғы Кеңес Одағындағы аз халықтардың осылайша депортациялануы – бәрінің де тарихындағы қасі­рет­ті оқиға болып саналады. Зор­лық­­пен қоныс аударып келген халықтардың көңілдерін өздерінің рухани және материалдық қамқор ықыластарымен жылытқан қазақ халқына біз және кейінгі ұрпақ­тарымыз қарыздар. 

Біздің халқымыздың тарихына келсек, күрдтердің Қазақстан терри­ториясына орналасуының бірне­ше кезеңдерден құралғанын айтамыз. Біріншісі – 1937 жыл­дың күзі. Депортацияның екін­ші толқыны – халықаралық тың­шылық тұрғысын­дағы күдік­тің салдарынан кавказдық көптеген халықтардың, оның ішін­де че­шендердің, ингуштердің, месхед­тік түріктердің, қарашай­лардың депор­тацияланған 1944-1948 жыл­дары. Осы 40 мың қоныс ауда­рушылардың жартысы күрдтер еді. Біздің отбасымыз Арменияда мекендеп қалған-ды. Онда мен орта мектепті, Х.Абовян атындағы Ереван мемлекеттік педагогикалық университетін, одан кейін аспирантураны оқып бітірдім, оқы­тушылық қызметпен айналыстым.

Байырғы қазақ жерінде өмір сүріп және еңбек етіп жүрген күрдтердің бәрі де Қазақстанды өздерінің екінші Отаны екендігін Тәуелсіздік жылдарының белес­терінде өте жақсы түсінді. Күрдтер ел экономикасына, бизнесіне, ауыл шаруашылығының дамуына еліміздің тең құқықты азаматтары қатарында лайықты үлестерін қосуда, өздерінің рухани және шығармашылық қабілеттерін дамытуы үшін барлық мүмкіндіктер бар. Мен де Алматыға ауысқаннан кейінгі еңбек жолымды Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы болып қызмет етуден бастадым.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемле­кеттік саяса­тындағы негізгі прин­циптерінің қата­рындағы көп­тіл­ділікті жүзеге асыруда қазақ тілінің біріктірушілік ықпалы қыз­метіне, мемлекеттік тілді оқыту­ды жоғары оқу орындарында да, қалың жұртшылықтың ортасында да жетіл­діре беруге біздер, күрдтер айрық­ша мән береміз. Қазақстан халқы­ның достығы жылдар бойы қалыптасып, Тәуелсіздік жыл­дарындағы тың серпінді сипатымен әлемге танылды. Қазақстанды өз Отаны санайтын қазақстандық күрдтердің тарихы – осының ай­қын айғағы.

Қазақстан тәуелсіздігінің ал­ғашқы жылдарында қоғамның рухани тұр­мысымен, оның әлеу­меттік өзін-өзі тануымен, ұлт­тық ой-сана түлеуімен байла­нысты күрделі тұрмыстық-пси­хо­ло­гиялық құбылыстар-үде­ріс­тер болды. Тап сол 90-жыл­дардың басын­дағы біздің басты жетістігіміз – халықтар достығын сақтау аясындағы 1992 жылы Қазақстан халықтарының 1 форумында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бұл форумды тұрақты негізді ұйымға ауыс­тырудың өте қажеттілігі идеясын айтқандығы. Осыдан кейін 1995 жылдың 1 наурызында рес­пуб­ликамыздың қоғамдық-саяси алаңында әлемде баламасы жоқ ұлттық саясат саласындағы жаңа институт – Қазақстан хал­қы Ас­самблеясы құрылды. Ассам­блея Қазақстандағы әртүрлі этнос­тар­дың бейбітқатар өмір сүруіне тән жаңа үлгілер туындайтын өзін­дік ерекшелігі мол достық зертханасына айналды. 

Тоқсаныншы жылдардың басында еліміздің күрдтер мекен­дейтін жерлерде әлеуметтік сауалдама жүргізілді. Ол Абай атын­дағы мемлекеттік уни­вер­ситеттің теориялық және қол­дан­­балы саясаттану кафедрасы мен Қазақстандағы күрд зиялылары одағы­ның және күрд қауымдастығымен бірлесіп өткі­зілді. Алынған нәтижелер бойынша күрдтердің Қазақстанға әбден үйренгендерін және оны өздері­нің Отаны санайтындары дәлелденді. Нәтижесінде «Якбун» («Бірлік») күрдтер қауымдастығын құруға шешім қабылданды. Сәл кейінірек 1999 жылы қауымдастық «Бар­банг» («Таңсәрі») болып қайта құрылды. Күрдтердің «Барбанг» қауымдастығының негізгі мақсаты – этностың жан-жақты дамуына қажетті жағдайларын жасауға, Қазақстанда мекендейтін күрд этно­сы­ның заңды талап-тілектерін, әлеу­меттік, рухани мүдделерін қанағат­тандыруға ықпал ету болып табылады. Бұл бағдардағы іс-шаралар қатарын­да күрдтердің тілі мен мәдениетін, ұлт­тық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін сақтау мәселелері бойынша фестивальдер, концерттер, практикалық және методикалық семинарлар, әртүрлі шығармашылық ұжымдар бар. Олар «Барбанг» би тобы арқылы орындалып жүр. 

Мектептерде күрд балалары үшін күрд тілінің сабақтары және поэтикалық үйірмелер жүргізіледі. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жалпы білім бере­тін және жексенбілік мектеп­терге арналған тұңғыш рет күрд тілінің оқулығы және күрд тілі­нің мұғалімдеріне арналған оқу-әдістемелік кешен дайындалып, 2006 жылы жарыққа шықты. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен әдеби-көркем, ғылыми және қоғамдық-ағартушылық журнал «Nubar» («Тұңғыш»), ай сайын шығатын газет «Жийна күрд» («Күрдтер өмірі») газеті бар. Сонымен бірге күрд қауымдастығы «Барбангтың» ресми сайты www.berbang-nur.kz ашылған.

Қазақстанның жоғары оқу орындарында ондаған ұл-қыздары білім алуда. Республикамызда күрд кәсіпкерлері құрған бірқатар фирмалар жұмыс істейді. Қазақ­стандық күрдтердің қазіргі за­манғы мәдениеті өз халқы­мыз­дың тағдырымен бірге көпэтнос­ты Қазақстанның мәдениетімен біртұтас бағаланады. Биыл Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жа­ңа тарихына 26 жыл толып отыр. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осы тарихи шын­дықты айрықша атап баға­лағаны мәлім: «Тәуелсіздік – ха­лықтың басты құндылығы, біздің тарихи тағдырымыз және біздің байырғы құқығымыз – өзі­міздің тағдырымызды өзіміздің анықтауымыз». 

Бұл – символикалық маңызды мәселе. Биылғы жылы еліміздің Прези­денті Н.Ә.Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласында уақыт талабына сай жаңғыру мұраттарын жүзеге асыруды, олар­дың біздің Қазақ елін әлем өрке­ниетіндегі алдыңғы сапта болуына жеткізетінін нақты белгіле­ді. Қоғамдық сананы жаң­ғыртудағы алғашқы қадам – өзін­дік мәде­ниетті, дербес ұлттық генетикалық кодты сақтау, өз халқыңның дәстүрлеріне адалдық. Қазақстанның ұлттық мәдениеті тәуелсіздіктің арқасында жаңа сапалық биіктікке көтерілді. Барлық этностың бірлігі, келісімі, бейбітшіл ынтымақтастығы – бас­ты байлығымыз, тәуелсіздіктің аса құнды жетістігі. 

Қазақстанды 80 жыл мекендеген күрдтер басқа да туысқан халықтар өкілдерімен бірге елі­міздің ғылым, мәдениет, бі­лім, экономика, құрылыс, ден­сау­лық сақтау, қоғамдық-сая­си са­лаларында көптеген жетіс­тік­терді бағындырды. Көп­теген күрдтер құқық қорғау орын­дарындағы, ірі өнер­кәсіптік меке­мелердегі, акционер­лік қоғам­дардағы, бұқаралық ақпарат құрал­дарындағы, халыққа білім беру салаларындағы басшы, білікті маман қызметтерін абыроймен атқарып жүр. Бұл, әрине Тәуелсіз Қазақстанның дамуын нығай­тудағы қуатты үйлесімді қамтамасыз ететін Мемлекет бас­шысы Н.Ә.Назарбаевтың дана­лығымен жүргізіліп келе жатқан ішкі және сыртқы саясатын қол­даудың жарқын көрсеткіші.

Князь МИРЗОЕВ, 
Қазақстан күрдтері «Барбанг» қауымдастығының президенті,Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі

Соңғы жаңалықтар