Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

Жаңаша экономикалық ойлау – Елбасы феноменінің бір қыры

1190 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауында нарықтық экономикаға тән жаңаша экономикалық ойлауға икемделу қажеттілігіне айрықша мән берілген. 

 

Жаңаша экономикалық ойлау – Елбасы феноменінің бір қыры

Жаңаша экономикалық ойлау – қазіргі заманғы өндірістік құрылымдардың жа­сақ­­талуына, сөйтіп аймақтық немесе жа­һан­дық нарықта бағасы мен сапасы жөнінен өз­ге­лер­ден ұтымды дүние ұсынуға ықпал ете ала­тын экономикалық сананың қалыптасуы. Іс­кер­лік – ауқымды, жеделдікті талап ететін бағ­дар­ламалық жобаны орындауға көпшілікті жұ­мыл­дыратын қасиет. Прагматизм, үнемшілдік – жо­баны орындауға жұмсалатын қаражаттың ше­шуші учаскелерге дұрыс бөлініп, жұм­сал­ған шығынның әрбір теңгесі ертеңгі кү­ні та­быс түсіретіндей етіп есептелуінде бай­қа­ла­тын алғырлық. 
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақ­стан алдында «боламыз ба, жоқ әлде бор­дай то­за­мыз ба» деген дилемма тұрды. Ел «жаба­йы капитализмге» қарай бет алып бара жатты. Бұ­рынғы шаруашылық байланыстар үзіліп қал­ғандықтан, өндіріс ошақтары тұралады. Халықтың күнкөріс көзі азайып, күнделікті ас-ауқатқа қажетті кірістен айырылды. Мі­не, осы бір халық есеңгіреген өлара шақта Ел­ба­сы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның еге­мен мемлекет ретінде қалыптасуы мен да­муы­ның стратегиясы» атты Жолдауы жария­лан­ды. Онда егемен елдің мемлекеттілігін ны­­ғайтуды саяси және құқықтық тұрғыдан ал­ғы­шарттық негіздеулермен қатар, оны өр­кен­­детіп, гүлдендірудің де экономикалық жо­­балық бағдарламалары жасалды. Меншік­тік қатынастарды реформалауға және толық­қан­ды жүйелі нарықтық қатынастарға көш­пей­інше ел экономикасын көтерудің мүм­кін еместігін сезінген Елбасы экономика­ны, ел­дегі әлеуметтік ахуалды оңалту жұ­мыс­та­рын бастады. Ескі экономикалық құр­ы­лымды тү­бегейлі өзгертті. Шетелдерден инвестиция тарт­ты. 

Пәрменді түрде жүзеге асырылған жеке­ше­лендіру өз жемісін берді. Ішкі нарыққа транс­ұлт­тық компаниялар қыруар қаржы құйды. Сөй­тіп отандық өнеркәсіпке, шағын және орта бизнеске жан біте бастады. Қазақстан ТМД елдері ішінде бірінші болып орасан зор инвестиция тарта алды. Тұралап жатқан өн­діріс ошақтарына жан бітті. Ел кәдімгідей эк­о­номикалық тұрақтылыққа қол жеткізді.

Осылайша өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Елбасы Н.Назарбаевтың көрегендікпен елдің өсіп өркендеуінің жолын зерделеп, нақты көрсетіп беріп қана қоймай, оны іске асыруының нәтижесінде Қазақстан өз экономикасын нарықтық қатынастар талаптарына сәйкестендіріп құрудың бірінші кезеңін табысты аяқтады. Біртіндеп нарықтық қа­ты­­настарға өтудің өтпелі кезеңінде орын ал­ған келеңсіздіктерден арылды. Мысалы, кө­лең­ке­лі экономиканың қарқынын барынша тө­мен­детті. Салық түсімінің талан-таражға тү­суін ауыздықтап, бюджетке құйылатын қаражат көзі молайды. Мемлекеттің экономика саласында әлсіреп қалған беделін барынша көтеріп, елдің табиғи ресурстарын бақылау қолға алынды. Ұлттық нарықтағы импорттық тауарлардың үлес салмағы кеміді. 

Елді нарықтық қатынастар талаптарына сәйкестендіріп дамытудың келесі – екінші кезеңіне Қазақстанның өзіндік ұлттық экономикасын қалыптастыруға алғашқы қадамдар жа­салды. Нарықтық реформалар одан әрі же­тілдіріле түсті. Экономикалық өсу мен қоғам­ның әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға ті­­келей бағдарланған өзгерістер жүзеге асырыл­ды. Ырықтандыру, құрылымдарды қайта құ­ру, өндіріс ошақтарын техникалық және жаңа технологиялық желілік құрылымдармен жаб­дықтау шындап қолға алынды. Энергия та­­сымалдаудың шарықтап кеткен бағасы тө­­мен­детілді, макроэкономикалық саясат жүйе­лендірілді. Мұнай бағасының көте­рі­луі­не орай Ұлттық қорға қомақты қарж­ы түсіп, алтын-валюта резерві молая түсті. 2006 жылғы 31 желтоқсанда Ұлттық қордың ак­тивтері 14,1 млрд долларды, ал алтын-валюта ре­зервтерінің көлемі 33 млрд АҚШ долларын құрады. Экономиканың жер, су, орман сынды табиғи көздерін қорғайтын бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. 

Жалпы, елді нарықтық қатынастар талаптарына сәйкестендіре дамытудың екінші ке­зеңінде Қазақстан өз тарихындағы ең бір қар­қынды өркендеу кезеңін өткізді. Эко­но­микалық өсім 10 пайызға дейін көтерілді. 2002-2007 жылдары аралығында Қазақстан саяси-экономикалық және әлеуметтік са­ла­лар­ды жаңғыртып, жаңартуды жан-жақты ой­ластырып кешенді жүргізген әрекеттерінің нә­ти­жесінде ұзақ уақыт бойы әлемде қарқынды да­мып келе жатқан елдердің алдыңғы қа­тарынан көрінді. Осы жылдары мемлекетті тұ­тастай дамытудың «Назарбаевтық нұс­қа­сы» деп аталған қанатты сөзі әлем елдері бас­шыларының үлкен жиындарында құрметпен айтыла бастады.

2007 жылғы тамызда АҚШ-тың ипо­те­ка­лық кредиттеу жүйесінің күйреуі туын­дат­­қан дағдарыс басталды. Әлемді тү­гелге жуық шарпыған экономикалық дағ­да­рыс зардаптарынан шығудың амалы ой­лас­тырылды. 2007 жылғы қарашада бұл дағ­дарыстың алдын алу бағдарламасы жасақ­та­лып, мемлекеттік тұрақтандыру жоспары түзілді. Дағдарысты тоқтатуға мемле­кет тарапынан 2 трлн 700 млрд теңге бө­лін­ді. Ұлттық өндіріс ошақтарын жаңғырту, олар­ды жаңа техникалық құрылғылармен жаб­дықтау жұмыстары жалғаса берді. Оған жұм­салатын бір жылдық қаражат сомасы есе­леніп 4 млрд долларға жетті. Ұлттық қорда жинақталған қаражат есебінен еңбекақы мен зейнетақы уақытында төленіп тұрды. Атырау мұнай-химия кешенінің құрылысы жал­ғасты. 2009 жылы «Мойнақ» ГЭС-інің құ­рылысы аяқталды. «Екібастұз-1» ГРЭС-і мен «Екібастұз-2» ГРЭС-і кеңейтілді және жаңғыртылды. «Балқаш» ЖЭС-інің құрылысы бас­талды. Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ магистралды газ құбырын салуға дайындық бас-
талды. Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік ав­­токөлік артериясы қайта жаңартылды. Электровоз, жолаушы және жүк вагондарын жа­сау, жол битумының, химия өнеркәсібі өн­діріс ошақтары құрылып, жұмыс істей бас­тады. 

Тәуелсіздікке ие болғанына небәрі 26 жыл толғандығына қарамастан Қазақстан эко­­номикасы қарқынды дамыған, табысқа же­ту­дің қомақты тәжірибесі бар, саяси тұрақ­ты, халқының лайықты молшылықта өмір сү­руіне қол жеткізген, қуатты мемлекет ре­тін­де қалыптасты. Елде ауқымды саяси, эко­номикалық және әлеуметтік өзгерістер жү­зеге асты. 

Бүгінгі таңда Елбасының стратегиялық ойлау қабілетінің жемісіндей болып Қазақстанда бұрындары болмаған мүлде жаңа жоғары технологиялы салалар: мұнай-химия, автомобиль өнеркәсібі, темір жол, машина жасау, ІТ-технологиялар, ғарыштық-спутниктік өндірісі құрылып, жемісті жұмыс істеуде. Соңғы 4 жыл ішінде 630 индустриялық жоба іске қосылды. «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қам­тудың жол картасы-2020», «Нұрлы жол» бағ­дарламалары жүзеге асырылып келеді. Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі, Транскаспий халықаралық көлік маршруты секілді бірқатар стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асты. Мұнымен қатар соңғы төрт жылда 9000 балабақша, 400-ден астам орта мектеп, 600-ден астам денсаулық сақтау нысандары іске қосылды. Егемендікке қол жеткізгелі қазақстандықтардың айлық жалақысы 32 есе, жылдық табысы 15 есе өсті. Таяу жылдарда жан басына шаққанда ІЖӨ көлемін 4,5 есеге, шамалап айтқанда 60 мың долларға дейін өсіру көзделуде. 

Үшінші жаңғыру қазақ мемлекетінің жан-жақты әрі тұрақты дамуына, сондай-ақ Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын жү­зеге асыруға саяси, әлеуметтік және эко­но­микалық тұғырлық негіз қалайды. Себе­бі Ел­басы тапсырмалары Қазақстанның өркен­деуіне қызмет етеді. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын халқымыз бақуатты өмір сүруге жасалған нақты қадам ретінде қабылдады.

Бүгінде әр мемлекет өз әлеуетіне қарай әрт­үрлі экономикалық қуаттану ұсынымдарын да­мытуды қолға алған. Себебі бүгінгі әлем­дік макроэкономикалық және геосаяси құбыл­ма­лы тіршілікте өмір жылдам өзгеруде. Сон­дықтан ХХІ ғасырдың басындағы эко­номикалық қуаттылық, бәсекелестік адам өмі­рін жақсартуға қажетті өнім шығарып, оны экспорттауға, әлемдік нарықта өтімді сау­далауға бағдарланған. Демек, өндіргіш күш­терді дамыту ең алдымен, өндірушілердің қызметі мен дағдыларын қазіргі заманғы өндіріс талаптарына сай машықтандыруды, жаңа технологиялық құрылғылар мен желілерді өндіріске ендіруді, өңірлердегі өн­ді­ріс ошақтарын жаңғыртуды, цифрлы техно­ло­гиялар мен жасыл экономикаға өтуді талап ете­ді. Бұлар орындалмайынша экспортқа бағ­дарланған экономиканы қалыптастырып, өні­мнің жаңа түрлерін шығару мүмкін емес. Ал өнімнің жаңа үлгілерін шығару үшін өндірістің елде бұрыннан бар ошақтарының оперативтік тиімділіктерін барынша арттыру керек. Ресурстарды пайдалану, өнімдерді тасымалдау шығындарын азайту қажет. Бұл – бірінші талап. Екінші талап – өсім, пайда тү­сіретін экспорттық өнімдерді ғаламдық сауда алаңына шығарып өтімді саудалаудың қыр-сырын меңгеру қажеттілігі. Ол үшін Қазақстан халықаралық сауда аренасында өзі­­нің лайықты орнын таба білуі және сол ор­та­дағы бәсекеде артықшылыққа ие болуы әрі ұлттық тауарды жарнамалап, өткізуде бел­сен­дік таныта білуі керек. 

Сондай-ақ әлемдегі ең дамыған 30 елдің қа­тарында орнығу, Елбасы айтқандай, индустрияландыру бағдарламасы аясында өндірісті инновациялық-индустриялық дамытуға, инвестициялар тартуға баса назар аударумен қатар іскерлік мәдениетінің деңгейін көтере түсіп, кәсіпкерлікті дамытуды да талап етеді. Себебі ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда жеке кәсіпкерлердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың кәсіпкерлік іс-әрекеттері ерекше рөл ойнайды. Бүгінгі таңда еліміздегі меншік иелері мен кәсіпкерлердің өсіп келе жатқан жаңа буыны табысты жұмыс атқаруда. Рес­публика бойынша 1 миллион 271 мың кәсіпкерлік құрылымның қалыптасқаны осыны айғақтайды. Олар ұлттық байлықтың төрт­тен бірін өндіреді. Жыл сайын 2500-ден аса өнім түрі 119 елге экспортталады. Экспорттық сау­­да түсімділігі қазірдің өзінде 46 миллиард дол­ларды құрайды. Біз бүгінгі таңда жа­һан­дық астық қорымыз. Бүгіндері еліміз бұ­рын­дары шығарылмаған өнім түрлерін әлем­дік рынокта саудалауда. 

Осы айтылған игіліктердің бастауын­да Ел­басы Н.Назарбаевтың тұрғаны анық. Пре­зи­д­енттің сарабдал саясаты мен білік­ті­лігінің, көреген басшылығының нәти­же­сінде әрбір қазақстандық берекелі, алаңсыз өмір сүруде. 

Оразбек НҰСҚАБАЕВ,
социология ғылымдарының докторы, профессор
Әріпхан САДЫҚОВ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор