Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

Алматы жастары баспаналы болды

236 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біз жақында газет бетінде «Алматы жастары баспаналы бола ма?» деп сауал тастай отырып, қаладағы тұрғын үймен қамту жағдайына тоқталған болатынбыз. Айтып ауыз жиғанша, арнайы бағдарлама бойынша жас алматылықтарға жаңа пәтерлердің кілттері тапсырылды.

Алматы жастары баспаналы болды

Жас отбасыларды баспанамен қамту мақсатында «Алматы жастары»  бағдарламасы басталғанын тілге тиек еткенбіз. Қоғам тарапынан қызу қолдау тапқан бағдарламаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінген екен. Нәтижесінде, ең қысқа мерзім ішінде «Алматы жастары»  жобасының қатысушылары үйлі болып жатыр. Алматы әкімдігі мен «Тұрғынүйжинақбанкі» бірігіп қолға алған «Алматы Жастары» бағдарламасы 35 жасқа дейінгі жас алматылықтарды қамтып отыр. Алғашқы жарнасыз-ақ берілетін несие ең төменгі пайыз бойынша есептеледі.

Тәуелсіздік күні қарсаңында осы бағдарлама бойынша кілттер мен тұрғын үй сертификаттары табыс етілді. Тұрғындарының қуанышын бөліскен қала әкімі Бауыржан Байбек:

– Тұрғын үймен қамтамасыз ету – бұл жастарға қатысты маңызды мәселенің бірі, олардың жұмысқа орналасуы, білім алуы үнемі жіті назарда, сондықтан «Алматы жастары» бағдарламасының аясында жыл соңына дейін 100 алматылық жас отбасы жеке пәтерлерінің кілттерін алады. Жастар бағдарламасы бойынша берілген заемға Алматыдан алғашқы үйді сатып алуға болады, ал ақша қалада қалады. Яғни, осы ақшадан құрылысшыларға жалақы төленеді, кәсіпорындарға тапсырыс беріледі, құрылыс компаниялары қала бюджетіне салық төлейді, – деді.

Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 6 мың пәтер де иесін тапты. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша Алматыда кезекте тұрған әрбір төртінші отбасы жаңа үйге ие болады.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»