Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

Ержан Бабақұмаров: «Тәуелсіздік дәуірі» – халық арманының орындалғаны туралы кітап

424 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.

Ержан Бабақұмаров: «Тәуелсіздік дәуірі» – халық арманының орындалғаны туралы кітап

Фото: Ерлан Омар, "Егемен Қазақстан"

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары, саясаттанушы Ержан Бабақұмаров бүгін өте маңызды кітапты тұсауы кесілгенін атап өтті. «Менің ойымша, бұл жай ғана кітап емес, бұл - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткенге және болашаққа көзқарасы. Кітапта осы жылдар аралығында болған оқиғалар сараланған. Сонымен қатар мұнда тек фактілер ғана емес, талқылау да, терең пайым да, болашаққа жасалған болжамдар да бар. Мен кітаптың құндылығы барлығымыз үшін айқын көрініп тұр деп ойлаймын. Себебі кітаптың авторы - Президент Нұрсұлтан Назарбаев оқиғалардың куәгері, қатысушысы ғана емес. Оны тәуелсіз мемлекетіміздің тарихын жасаушы деуге де болады. Сондықтан бұл кітап қажеттілігін жоғалтпайтын тұтас бір дәуірдің маңызды құжаты іспетті», деді Ержан Бабақұмаров. Оның айтуынша, кітаптың басты ерекшелігі - Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның іргесін көтеру кезеңін әлемдік оқиғалармен қатар өрбігенін әсерлі көрсеткен. «Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде әлемде де түрлі өзгерістер болып жатты. Қазақстандағы оқиғалар әлемдегі ірі өзгерістер кезеңіне тұспа-тұс келді», - дей келе Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары тоқсаныншы жылдары экономика, саясат, әлеуметтік салада зор өзгерістер болғанын айтты. 

«Біз тоталитарлық жүйені ысырдық. Нарықтық экономикаға өттік. «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет тарихындағы жаңғырру кезеңдерін көрсеткен. Мысалы, 1990 жылдары экономикада, саясатта, әлеуметтік салаларда үштік транзит кезеңі болғаны белгілі. Дәл осы кезеңде біз нарықтық экономикаға көштік. Екінші жаңғыру кезеңі 1990-2010 жылдар аралығында болды. Бұл кездері экономика жылдам дамыды. Жаңа астана салынды. Ең бастысы, Қазақстан-2030 стратегиясын орындап, бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарынан көріндік», дей келе Ержан Бабақұмаров Қазақстанның әлемде болған екі дағдарыстан аман шыққаны мемлекет ретінде толық қалыптасып үлгергеніміздің айғағы екенін айтты. 

«Президент кітапта біздің қоғам үшін ең күрделі болған кезеңдер туралы талдап жазған. Сонымен қатар Қазақстан-2050 стратегиясында жаңа мақсаттар қойылғанын, мемлекетіміздің әлемдегі үздік ТОП-30 қатарына кіруге талпыныс жасағанын атап өткен. 2014-2016 жылдары әлемде геосаясат, геоэкономика, жаңа технологияларға қатысты әлемде өте күрделі процестер басталғаны белгілі. Сол кезеңде Қазақстанда «Нұрлы жол» бағдарламасы мен 5 институционалды реформа қабылданды. Небары үш жылдың ішінде мемлекет жаңа жаһандық ахуалдарға бейімделіп кетт. 2016 жылдың соңында экономикалық өсімді қайта қалпына келтірдіі», деді Ержан Бабақұмаров. Оның айтуынша, Президент кітапта қабылданған шешімдердің ішкі логикасын көрсете отырып, сол арқылы қиындықтарды қалай еңсергенін көрсеткен.

«Діни, ұлттық мәдени, тіл, ұлт болашағына қатысты ең өзекті сұрақтарға келгенде күрделі мәселелер шешімін тапты. Ресей-Түркия қарым-қатынасын реттеудің мән-жайы белгілі болды. Мен үшін «Тәуелсіздік дәуірі» бұл тек өткен жылдар туралы кітап қана емес, біздің елдің даму жолының болашақта қандай қағидаттарға сүйену керектігін көрсететін туынды. Кітапта Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті басқару, стратегиялық жоспарлау тәжірибесі көрініп тұр», - деді Ержан Бабақұмаров. Ол сөзін қорытындылай келе Абылай ханның  үш арманы болғанын есіне алды. «Абылай хан қазақтардың әлемнің төрт түкпірімен бейбітшілікте өмір сүргенін, халықтың отырықшы өмір салтына көшкенін, үш жүздің басы қосылғанын қалапты. Қазір осы үш арманға да қолымыз жетті. Менің ойымша, Президенттің бұл туындысы халық арманының орындалғаны туралы кітап», деді ол. 

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

«Егемен Қазақстан»